Оңтүстікте қысқы спорт түрлері дамып келеді

9 мұзМұз сарайындағы қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі ашылғанына бар-жоғы 5 жыл өтсе де, талай жетістіктерге қол жеткізді. Алғашқыда іргетасы қысқы спорт мектебі болып қалыптасып, Сочи-2014 ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін олимпиада резервінің мамандандырылған мектебі деген статусқа ие болды. Бүгінде бұл мектепте 444 бала қысқы спорт түрлерімен айналысуда. Олардың ішінде 2 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 4 спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткер 42 бала бар. Осы орайда аталмыш мектептің аяқ алысын байқау үшін «Мұз сарайына» бардық.

Спорт мектебінде жеткіншектер қысқы спорттың бес түрімен айналысады. Олар – фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және әмбебап жекпе-жек. Фристайлдан 6 жаттықтырушы 80 баланы, шорт-тректен 4 жаттықтырушы 91 баланы, мәнерлеп сырғанаудан 5 жаттықтырушы, 2 хореограф 102 баланы, шайбалы хоккейден 3 жаттықтырушы 84 баланы және әмбебап жекпе-жектен 4 жаттықтырушы 87 баланы дайындап жатыр. Мұнда қатысушылар алғашқы дайындық, оқу-жаттығу, спорт жетілдіру және жоғары спорт шеберлігі деген 4 сатыдан өтеді. Әр сатыдан өткен сайын спортшылар азаяды. Ал, дайындық сағаты көбейе түседі. Мәселен, мәнерлеп сырғанау спортында жоғары спорт шеберлігі тобында 3 балаға ғана жаттығу керек екен. Жаттығу уақыты алты сағат. Мәнерлеп сырғанау секілді өзге спорт түрлерінің де өзіндік тәртіптері бар.
Аталмыш спорт мектебінің жетістіктері жайлы тоқтала кетсек. Бақытжан Зиябеков басшылық ететін спорт мектебі қысқы спорттың фристайл түрінен биік белестерді бағындырып жүр. Атап айтсақ, Жанбота Алдабергенова Ресейдің Сочи қаласында өткен XXII Қысқы Олимпиада ойындарында 6-орын алды. Жуырда ғана Финляндияның Рука қаласында өткен Еуропа кубогінде Жанбота Алдабергенова бірінші кезеңде III орын, екінші кезеңде II орынға ие болды.

9 АсылбекАсылбек САПАРБЕК, қақпашы:
– Әкем сүндет тойымда коньки сыйлады. Сол кезден бастап шайбалы хоккей үйірмесіне келдім. Қатысып жүргеніме үш жарым жыл болды. Үйірмеге келген кезімде бапкерлерім мені қақпаға тұрғызды. Қақпаны күзету өзіме де ұнайды. Өткен жылдың қыркүйек айында Қарағанды қаласында 2006 жылғы балалар арасында ҚР чемпионаты өтті. Сол сайыста қақпаға тұрдым. Бесінші орын алдық (күлді). Бағындырар белестеріміз әлі алда деп ойлаймын.

 

Мәнерлеп сырғанаудан да толағай табыстар бар. Соның бірі ретінде жыл соңында Алматы қаласында өткен «Күзгі жары» атты Халықаралық жарыста Олег Мельниковтің жеңімпаз атанғанын алға тартуға болады. Олег Мельников жасөспірімдер арасында өткен Ел біріншілігінде де биік тұғырдан көрінді. Осы сайыста Олегтен бөлек, Ұлағат Сапарбек те алтыннан алқа тақты. Ал, Мәлік Досыбек пен Иван Соловьев екінші орынды иемденді. Спорт мектебінің басшысы Бақытжан Ордабекұлы жасөспірімдер арасында ҚР мүшесі болып саналатын Дариға Нұралиева мен Олег Мельниковтан көп үміт күтіп отырғанын жасырмады.

9 Бақытжан 2Бақытжан ЗИЯБЕКОВ, қалалық №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

— Біз балаларды шорт-трекке 9 жас, фристайлға 9-11 жас, шайбалы хоккейге 8-9 жас, әмбебап жекпе-жекке 9 жас және мәнерлеп сырғанауға 4-6 жастан бастап қабылдаймыз. Қабылдау кезінде тек мәнерлеп сырғанауда ғана норматив тапсырылады. Жаттығу тегін. Алғашқы қатысушылар мектепте дене шынықтыру сабағына киетін формаларымен келе берсе болады. Алайда кейінгі сатыларға өткен кезде арнайы спорттық форма алуға тура келеді. Жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын формамен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, өзге спортшыларға да мүмкіндігіміз жеткенше киім алып береміз. Бірақ бәрін 100% формамен қамтамасыз ете алмаймыз. Бәрі де қаражатқа байланысты. Қысқы спорт түрлерінің киімдері өзге спорттың формаларымен мүлдем сәйкес келмейді. Бағалары өте қымбат тұрады. Спорт мектебі қалалық спорт бөлімі, облыстық спорт басқармасы мен Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қаржыландырылады.

Мұз айдынына келушілер көп

Мұз айдынын жалға алған спорт мектебінің спортшылары таңертеңнен кешкі 19:00-ге дейін жаттығатын болса, 19:00-23:00 уақыты аралығында тұрғылықты халық ақылы түрде жаппай сырғанауға келеді.
Жаппай сырғанаудың құны – ересектерге 900 теңге, студенттерге 700 теңге, 12 жасқа дейінгі балаларға 500 теңге. Егер олар өздерінің конкилерімен келсе, билет бағасы 200 теңге арзандатылады. Ара-арасында акциялар да болып тұрады. Мәселен, 4 адам келсе, бесіншісі тегін кіреді. Ата-анасы перзентін ертіп келсе, баласына кіру тегін болады. Сонымен қатар, егер бір адам қатарынан 4 күн келсе, бесінші күні тегін кіре алады. Жеңілдіктер тек мұнымен ғана шектелмейді. Зейнеткерлер өз мүмкіндігіне қарай аптаның қалаған бір күнінде тегін кіруге болады. Мұны «Спорт сарайының» директоры Ермек Сатыбалдыұлы зейнеткерлер 50% жеңілдік сұраған кезде енгізген. Бұл өзгеріске ұшырамайды. Ал, басқалары әруақытта ауыстырылып, өзге де жеңілдіктер қарастырылып тұрады.
Жергілікті халық жексенбі күні таңғы 11:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жаппай сырғанай алады.
Айта кетейік, «Мұз сарайы» жаппай жекешелендіру бойынша сатылымға шығарылған. 67%-ы мемлекет үлесінде, 33%-ы жекеменшіктің иесінде. Өз кезегінде сарайдың басшылығы ғимараттың шатыры тиісті талаптарға сай келмеу салдарынан жаздыкүні жұмыс істемейтіндерін алға тартты.

9 ЕрмекЕрмек БАЙДУАШОВ, қалалық «Спорт сарайы» ЖШС директоры:
– Мұз сарайымыздың жағдайы орташа деңгейде. Олай деуімнің себебі, біз жаз кезінде 3 ай жұмыс істемейміз. Тіпті, ауа-райына байланысты төрт айға созылып кететін кездер де болады. Яғни, шатырымыз стандартқа сай келмейді. Мұз сарайының төбесін жабатын өзінің арнайы шатыры болады. Ал, бізде ол жоқ. Жай темірмен жабулы тұр. Сондықтан, жаз мезгілінде жұмысты тоқтатуға тура келеді. Егер жалғастыра беретін болсақ, мұздатқышты күйдіріп аламыз. Мұндай сәт басымыздан өтті. Мұздатқыш өте қымбат тұрады. Шатыр мәселесі жыл он екі ай жұмыс істеуімізге қолбайлау болып тұр.

Үйірмеге қатысу үшін спорт мектебінің арнайы өтініш қағазын толтырып келеді. Оның ішінде мектебі мен учаскелік дәрігерінің рұқсатын алу жазылған.

9 конькиҚысқы спорттық киімдердің орташа бағалары:

Мәнерлеп сырғанау:
Коньки – 15 мың теңгеден басталып,
кәсіпқойы 1000 АҚШ долларына дейін;
Термокостюм – 30 мың теңгеден басталады.
Фристайл:
Шаңғы – 40 мың теңгеден басталады;
Каска – 20 мың теңгеден басталады;
9 лыжиТермокостюм – 35 мыңнан басталады;
Карсет – 20 мың теңге.
Шорт-трек:
Коньки – 15 мың теңгеден басталып, кәсіпқойы 1000 АҚШ долларына дейін.
Шайбалы хоккей:
Комплекті – 70-90 мың теңгеден басталады;
9 каскаҚақпашының киімі – 350 мың теңгеден басталады.
Әмбебап жекпе-жек:
Шаңғы – 20 мың теңге;
Кимано – 6-10 мың теңгенің арасы;
Бандаж – 4 мың теңге.

Дайындаған – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *