Оңтүстікке тоғызыншы әкім келді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шымкентке келіп, өңірге жаңадан тағайындалған облыс әкімін таныстырды. Облысты алты жыл, бес ай басқарған Асқар Мырзахметовтың орнына Бейбіт Атамқұлов әкім болып келді.

Оңтүстікке тоғызыншы әкім келді

Өңірдің жаңа басшысына Елбасы бірқатар жаңа міндеттер жүктеді. Облыста 3 миллионға жуық адам немесе ел халқының 15 пайызы тұратынын айтып, өнеркәсіп өнімінің үлес салмағын арттыру, әрі жыл сайын жиналатын 360 мың тонна мақтаны өңдеуді жолға қоюды тапсырды. Әлемдегі уранның 35 пайызы осы өңірде шығарылатынын айтқан Мемлекет басшысы елдегі уран өндірісімен айналысатын компаниялардың орталық кеңселерін осында шоғырландырып, уран кластерін құру қажеттілігіне тоқталды. Шағын және орта кәсіпкерлікті барынша дамыту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуды міндеттеді. Елімізде әрбір бесінші бала өмірге келетін оңтүстікте үш ауысымды мектептерді жою бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ оңтүстік тұрғындарына сенім білдіріп, алдағы міндеттерді іске асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Бейбіт Атамқұлов

Бейбіт Атамқұлов

Бейбіт Атамқұловтың өмірбаяны

Атамқұлов Бейбіт Бәкірұлы 1964 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор экономика және қаржы мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты. 1985 жылдан Норильск тау-кен металлургия комбинатының жез балқыту зауытында балқытушы, Шымкент қорғасын зауытында балқытушы, шебер, рафирленген цехтың аға шебері болған. 1991-2006 жылдары жеке секторда – өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек еткен. 2006-2012 жылдары Ресей Федерациясындағы ҚР Елшісінің Кеңесші-уәкілі, Ирандағы ҚР Елшісінің Кеңесші-уәкілі, Майндағы Франкфурт қаласындағы ҚР Бас консулы, Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин Республикасында ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Жауапты хатшысы болып еңбек еткен. 2014 жылдан ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысы лауазымында болған.

Өзге де тағайындаулар

Оңтүстік өңірін алты жылдан аса уақыт басқарған Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Бауыржан Байбек атқарып келген болатын. Бауыржан Қыдырғалиұлы енді Алматы қаласының әкімі орынтағына жайғасты. Демалыс күні Елбасы Н.Назарбаев Алматы активіне қаланың жаңа әкімін таныстырды. Ал алып шаһардың бұрынғы басшысы Ахметжан Есімов болса «АСТАНА ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне ауысты.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *