Нәресте өмірін сақтаған — бесік

Саудаға салынбайтын, әулеттің өткенінен ертеңіне жалғасып, берілетін, қастерлейтін ерекше қазынамыз бар. Ол – бесік. Жаңа туған сәбидің алтын ұясы, киелі мекені. «Бесігі биікте ілініп тұрмаған қазақ жоқ» десек қателеспейміз.

Қазақ халқы жау жағадан алып, бөрі етектен тартып, қиын-қыстау кезінде ғұмыр кешкен күндерде де бесігін тастамаған. Мұны тарих та растайды. Бұған Төле бидің әңгімесі дәлел.

Жоңғар шапқыншылығынан тоз-тозы шыққан ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.

Таяуда ғана қасиетті мүлік нәрестенің өмірін сақтап қалды. Қираған үйдегі үйінді астында қалып қойған сәби Аружанның өмірін сақтаған – тал бесік. Осыдан кейін ата-бабаларымыз құдірет тұтқан бесіктің қасиетін қалай жоққа шығарасың?

8 қаңтардың түнінде Халықтар Достығы көшесіндегі үйде газ жарылуынан екі қабатты баспананың күлі көкке ұшады. Апаттан 28 жастағы Сәбина Орынбаева оқиға орнында көз жұмды. Үй ішіндегі 9 айлық сәби үйінді астында қалып қояды. Кұтқарушылар «баланы қиранды жаншып қалады ма» деп қауіптенді. Секундтардың өзі қымбат сәт. Шырқырап жылаған сәби дауысы… Үйіндіні абайлап аршымаса бесікті басып қалуы мүмкін. Аружанды періштесі қағыпты. Құтқарушылар бесіктің тартпасынан сәбиді босатып, суырып алады. Құтқару сәтінің видеосы әлеуметтік желілерде таралып, көрген жұрттың жүрегін тебірентті. Видеода нәрестені жаншылудан қорғап қалған бесіктің мығым жақтауы, бөгені мен белағашы екені анық көрінеді. Ағашының мықтылығынан бесік құлаған ауыр заттарға шыдас берген.

Бесіктің мығым ағашы демекші, қазақ бесікті қарағайдан, қайыңнан, аршадан, көбінесе талдан жасайды. «Тал бесік» деп атаудың сыры да осында болса керек. Бесіктегі бала таза, жылы жатады. Сондай-ақ, гидроцефалия, шыжың ауруының алдын алады.
Аружанның өмірін сақтауда ақ халаттылар, төтенше жағдай қызметкерлері, Ұлттық ұланның сарбазы және көршілес үйлердің тұрғындары жанын шүберекке түйіп, бірлесе әрекет етті.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *