Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстікке әр жылы: көктемде және күзде арнайы келеді

_dsc0918

Президент «Оңтүстікке деген ықыласы ерекше екенін» әр келген сапарында айтып жүреді. Халқы көп, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрі, тілі мен дініне берік, әдет-ғұрып, жөн жоралғысын ұмытпаған, ұлыстың ұйтқысы деп сенім артатынын да айтпай қалмайды келген сайын. Бұл өңірдің тұрғындарына қиындықта да, саяси науқандарда да арқа сүйеп, қолдау күтетіні де белгілі. Соңғы жылдардағы сол сапарлары барысында облыс пен оның орталығы Шымкентке қатысты айтқан сөздері мен атқарылған жұмыстарға берген бағасын еске алып көрсек…

Сонымен, 2011 жылдың 11 наурызында келген сапарында Президент аудан тұрғындарымен, кәсібін дөңгелетіп отырған бизнесмендермен кездесті. «Ордабасы құс» фабрикасының жылдан-жылға артып отырған өнім көлеміне, оның сапасына қанықты. Ауылшаруашылығы саласында жеке тірлігін ашып, аз болса да бірқатар жерлестерін жұмыспен қамтып отырған азаматтардың пікірлерін тыңдады.

— Жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндіктер бар. Солай емес пе?! Оңтүстіктегі мүмкіндіктер өз алдына. Алла тағаламның берген сыйын дұрыс қабылдап, тірлік істеуден қашпау керек. Түбінде берекесін береді! Соны бір-біріңе айта жүріңдер…

Осы жолы өңірдің зиялы қауымымен де жүздесті Президент. Арнайы жиында тарих, дін, өркениет саласындағы атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылады:

— «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді жөнге келтіріп, келер ұрпаққа қалдыратын мол мұра жинақтадық. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына деген тарту! Бұл бағдарламаға мемлекет 20 млрд теңге бөлді. Қыруар тірлік атқарылды. Ендігі мәселе-қазақтың тілін дамыту. Келешекте латын әліппесіне көшуді ойластырған жөн. Қорықпастан, ойланып барып қадам жасағанымыз жөн болар. Іргеміздегі өзбек, түрікмен ағайындар ымыз да осы латын әрпіне көшті. Біз де ертерек қамданғанымыз абзал. Екінші мәселе-дін. Аллаға шүкір, дініміз — ислам. Пайғамбарымыз — Мұхаммед. Десек те, бүгінде ислам дінінің де түрлы ағымдары өмірге келіп жатыр. Жастарымыздың солардан сақтанғаны дұрыс! Оған үлкендер бағыт беруі керек

2011 жылдың 13 қазаны. Күнгейге жұмыс сапарымен келген Елбасы Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағының ашылуына қатысты. Жалпы аумағы 8,2 га-ды құрайтын демалыс орнында Президентті облыс, қала басшылығынан бөлек этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғам белсенділер қарсы алды:

«Міне, осы екі онжылдықта Сіздер мен біздер қол жеткізген жетістіктер — қазақстандықтардың, осы еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің татулығы, бірлігі арқасында мүмкін болып отыр. Баршаңызға алғысым шексіз! Кеше ғана мен Діни бірлестіктер мен дін қызметі туралы Заңды бекіттім. Ол — үлкен жұмыс. Бірлесіп жұмыс жасауымыз керек! Сіздер де атсалысыңыздар!»- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аталып өткен. Мерейлі жылдағы шаралардың бірі ретінде қолданысқа берілген саябақ бірегей авторлық жоба ретінде Президентпен жоғары бағаланған болатын.

Екі күнге созылған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы облыс орталығындағы индустриалды аймақта ашылған бірқатар кәсіпорындардың жұмысын көрді. «Феррум фтор» және «АРТ құрылыс» темір бетон шығаратын зауыттарының шығарған өнімдерін көріп, жұмысшыларымен кездесті. Олардың еңбек жалақысын, әлеуметтік жағдайын сұрай келе:

— «…Кезінде дәл осы жерде алып зауыттар жұмыс істеді. Шымкент — өндіріс орталығы дейтінбіз. Мыңдаған адамға жұмыс берді зауыт-фабрикалар. Енді солардың орнына сіздер сияқты шағын зауыттар мен цехтардың ашылуы — қазіргі талап. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ғана біз экономикамызды ілгерілете аламыз! Өндірісті дамыту осыдан бастау алады. Жергілікті жердің қажеттілігіне жарайтын материалдарды шығарсақ, неміз бар көршілерден оны сатып алып?! Қайта оларға сататын жағдай жасауымыз керек! Тек…ертеңгі күні жабылып қалатын болмасын бұл кәсіпорындар!»- деп пысықтады.

2013 жыл, 16-17 қыркүйек. Шымкентке келген Президент жаңа әкімшілік іскерлік орталығының құрылысымен танысты. Облыс басшылығы Елбасына орталықта бой көтеріп жатқан мәдени ошақтар мен білім ордалары, тұрғын үйлердің, басқа да әлеуметтік маңызы үлкен нысандардың орнын және макеттік пішіндерін көрсетті. Осы жолы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың татулығы мен бірлігін ту еткен Бәйдібек баба ескерткішіне барды. Оңтүстікте мемлекеттік бағдарламалардың оның ішінде индустриалды-инновациялық, білім, медицина бағыттарында айтарлықтай ілгерлеушіліктің, аграрлы өңірде өнім көрсеткішінің артып отырғанын атап өтті екі күнде өткізген кездесулерінде.

«Асқар Мырзахметов кешелі бері әр саладағы жетістіктерді айтып жатыр. Дұрыс. Ілгерілеушілік бар. Жұмысты оданда жақсарту керек. Жаңа шетелдермен бірлескен кәсіпорындарды көрдім. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салып жатырмыз. Қандай жақсы. Бұдан да жақсаруы керек елдің жағдайы. Шымкентке келсең, әкімді ауыстыруға келді деп ойлайсыңдар… Жап-жақсы жұмыс істеп жатқан әкімді неге ауыстырамыз?! Өңір халқы еңбекқор. Дұрыс, еңбектену керек! Қазақтың мәдениеті, тілі мен діні шайқалмаған жері деп білем мен Оңтүстікті. Сондықтан арқа сүйейтінім рас. Өңірдегі жұмыстар жақсы жүргізіліп жатыр. Тағы бір маңызды нәрсе бар. Шымкент- Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды құрайтын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс. Бұған шаһардың қай жағынан алса да қуаты жеткілікті. Соңғы бес жылда облыстың экономикасы екі есеге өсті. 300 мектеп, 280-ге жуық емдеу орындары салынды. Қашан болды мұндай жағдай?!»

2014 жыл, 15-16 мамыр. Екі күндік жұмыс сапары Шымкентте ашылған «Бал текстиль» отандық кілем шығаратын фабрикасынан басталды. Өңірде индустриаландыру бағдарламасының іске асу деңгейін өзге де зауыттарға арнайы барып көрген Президент қорытынды жиында былай деді:

«Облыста мүмкіндік көп. Жері шұрайлы. Осыны пайдаланып, одан әрі жақсарту керек халықтың жағдайын. Жылдын-жылға бүкіл әлем елдерінде азық-түлікке сұраныс артып отыр. Бәрің білесіңдер оны… Сіздердің аграрлы өңір осыған аса мән беруі керек. Өз өнімімізбен өзімізді қамтуға мүмкіндігіміз жетеді. Жалқаулықты қойып, әлі де болса, іске кірісу керек!»

2014 жыл, 4 желтоқсан. Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы Ж. Шанин атындағы академиялық қазақдрама театрының және «Түркістан» салтанат сарайының ашылуына қатысты. Қоғам белсенділерімен, этно-мәдени орталықтардың жетекшілерімен қауышып, «Міне қандай тамаша зәулім ғимараттар! Шымкент — шырайлы шахар! Барлығы Ш-дан. Сендер Ш-ны жақсы көресіңдер ғой…», — деп әзілдеп қойды. Содан кейін қазіргі саяси-экономикалық бағыттарда жасалып жатқан жобалар туралы жиылған жұртпен ой бөлісті.

«Халықаралық Батыс-Еуропа, Батыс-Қытай автодәлізі облыс үшін өте маңызды. Бұл тауар айналымына да, экономикалық үрдестірдің дами түсуіне де пайдалы. Оған қоса, халықаралық газ құбырын осы облыстың ауыл-аймақтары арқылы жүргізіп, пайдалануды шештік. Көрші елдермен ынытмақтастық негізде бірнеше келісімдерге келіп отырмыз. Осыны түсінуіміз керек!»

2015 жыл, 10 тамыз. Президент Н. Назарбаев ОҚО әкімін ауыстырды. Өзі бастап келіп, өңірді 6 жыл басқарған Асқар Мырзахметовты «НұрОтан» партиясының бірінші орынбасары етіп тағайындағанын айтып, облысқа дипломат Бейбіт Атамқұловты облыстық Мәслихаттың қолдауымен тағайындап, өзі таныстырған болатын.

«Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарды жалғастыру керек. 5 негізгі міндет бар. Ол-өңір халқының әлеуметтік әлеуетін жақсартып, аграрлы өңірдің өнімдерін сыртқа шығаруды да ойластыру жолдары. Біз халықаралық автобанды салып жатқанымыздың да мәнісі сол. Азық-түлік өнімдерінің тапшылығын көп шетелдер сезе бастады. Көріп отырсыздар. Оған қоса, біз аудан-ауылдардағы жұмыстарды жалғастыруымыз керек. Жолдар жөнделіп жатыр. Мектеп, балабақшалар салынды. Апатты мектептерді болдырмау жұмыстары жалғасып жатыр. Соны қадағалаңыздар. Жұмыспен қамту, әсіресе жастарды қайта оқыту, даярлау жағын ойластырыңыздар».

2016 жыл, 22 сәуір. Президент «Оңтүстік» индустриалды аймағында болып, 2005-2006 жылдары жобалары бекітілген мақта кластерін дамытуға бағытталған кәсіпорындарда болды. Оның ішінде «АЗАЛА ТЕКСТИЛЬ» тоқыма өнеркәсібінің өнімдерін көрді.

«Отандық өндірісті өрлету — күннің негізгі талабы. Міне, сол тапсырманың нәтижесі. Мұнда мақта егінінен бастап, оны өсіру мен өңдеуден бөлек, шикізаттан дайын бұйымдар жасайтын өндіріс деген осы. Халық тұрмысқа қажетті осы тауарларды алуы керек. Сапасына көңіл бөліңіздер. Өндіріс жылына 3000 тоннадай жіп иіреді. 13 млн. шаршы метр мата шығарады. Осы облыста өсірілген шитті мақтаның 35 пайызын қазір осы жергілікті тігін фабрикалары өңдеп жатыр. Шетелден сұраныс түсіп жатыр екен. Пайдалану керек соны!»,- деп тапсырды.

Зәуре ОРАЛБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *