Нұрлан Сейджаппаров, кәсіпкер: «Асқаровтай басшыны әлі көргенім жоқ»

– Нұрлан Сейтқұлұлы, соңғы бір жылда өзіңізді қоғамдық шаралардан көрмейтін болдық. Халық кезінде елдің жанашырына айналған азаматты жоғалтып алды. Қайда жүрсіз?

– Халыққа көріне бермеуімнің өзіндік себебі де бар. Өмір болған соң түрлі жағдай орын алып тұрады. Тағдырдың жазғаны болу керек, осыдан бір жыл бұрын денсаулығым сыр беріп, инсульт алдым. Израиль еліне барып, үш ай үздіксіз ем қабылдап келдім. Осылайша Алланың қалауымен аман қалдым. Қазір емдік курс қабылдап жүрмін. Дәрігерлер жарты жылға жуық ем алу қажеттігімді ескертті. Бұйыртса, содан соң қатарға қосыламын деген ниеттемін.

Нұрлан Сейджаппаров, кәсіпкер:  «Асқаровтай басшыны әлі көргенім жоқ»

Нұрлан Сейджаппаров, кәсіпкер

– Сауығып кетуіңізге біз де тілекшіміз. Алдағы уақытта өзіңізді көпшілік ортасынан немесе саясат сахнасынан көреміз бе?

– Жоқ, мен негізі әлдекімдер секілді елдің көзіне түсіп, ақылгөйсініп ақыл айтатындардың қатарынан емеспін. Өз шаруаммен жүрген адаммын. Солай ете бермекпін де. Егер алдыма келіп, кеңес сұраса, әлбетте білгенімді бөлісуге қашан да дайынмын. Денсаулығым жақсарып жатса, айналысатын шаруаларым жетерлік.

– Мәселен…

– Қайырымдылық немесе жастардың басын қосып алып, кездесу өткізу емес, әрине. Дегенмен бәріне уақыт себепші. Белгілісі, бизнеске қайта келерім анық. Сондай-ақ, мен өмірімнің көбін еңбекке арнадым. Енді ел аралап, түрлі ұлттардың мәдениетімен танысып, тыныс-тіршілігінен хабардар болғым келеді. Мен саяхатты жаны қалайтын адаммын. Бүгінгі күнге дейін біраз елдерде болдым. Бірақ, мен танымайтын, әлі барып көрмеген мемлекеттер баршылық. Өмір бір-ақ рет беріледі. Сол себептен өмірге келдің бе, жақсы ғұмыр кешуге талпынған абзал. Егер жолың болмай сүрініп жатсаң, бәрін жалғанға әкеп тіреп қоюға болмайды. Ол — нағыз ақымақтық. Бәрі де еңбекке, ақылға байланысты.

– Бизнесте жүріп, кейін мемлекеттік қызметке келетіндер біз үшін қалыпты жағдайға айналды. Ал сіз керісінше, билікте жүріп, кәсіпкерлікке бет бұрдыңыз. Мемлекеттік қызметкердің бизнесті қолға алуы қиынға соққан жоқ па?

– Аса айтарлықтай қиындық көргенім жоқ. Бизнеске іштей дайын болып келдім. Себебі басшылықтың бұйрығымен екі рет әкімшіліктен жұмыстан кеттім. Оның бірінде Сарыағашта қызмет етіп жүрген кезімде Шымкент партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Төлебеков, Сергей Терещенко және Қазақстан компартиясы обкомының екінші хатшысы Игорь Тутеволь шақырып алып: «Сен жұмысты босатуың керек. Басқа қызметке ауыстырамыз» деп, өз ұсыныстарын айтты. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс болды. Мен де оңай шағыла қоятын жаңғақ емеспін, қырсық мінезім бар. Ойланып көретінімді айтып, кенеттен Ташкентке жол тартып, Тимур Алимов деген обком хатшысының қабылдауында болдым. Осылайша бір күннің ішінде Өзбек ССР-дегі «Промстройиндустрияға» директордың орынбасары қызметіне орналастым.

– Дәл осы қызметте жүргеніңізде Елбасыға хат жазған едіңіз. Хаттың мәтіні оқырмандардың қызығушылығын тудырары сөзсіз…

– Ташкентте 2 жылдан астам директордың орынбасары қызметінде болдым. Жұмысым жайлы болғанымен, бүйрегім еліме тартып тұрды. Сол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев басшылық қызметке келді. Содан жігіттер «Қазақ ССР басшысына хат жазып көрсеңші» деген ұсыныс айтып, мен дереу қолыма қалам алып, хат жолдадым. Хатта жағдайымды баяндадым. Жеке қабылдауында болғым келетінін көрсеттім. Арада екі күн өткенде хатыма жауап келіп, Н.Назарбаев мені жеке қабылдауына шақырды. Бүгінде Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев ол кезде Нұрекеңнің көмекшісі болатын. Сонымен не керек, жолға шықтым. Н.Назарбаев отыратын ғимаратқа келдім. Н.Әбіқаев күтіп алып, 5 минут қана уақытымның барын ескертті. Нұрсұлтан Әбішұлы мән-жайды сұрағанда ішіме жиналып қалған шындықты баяндағанымда жарты сағат уақыт өткенін байқамай да қалыппын. Нұрекең сөзімді бөгемей, мұқият тыңдап отырды. Сәлден соң: «Қандай қызметке барғың келеді?» деп сұрақты төтесінен қойды. Ал мен: «Кез-келген жұмысқа білек-сыбана кірісіп кетуге дайынмын. Тек өз еліме еңбек еткім келеді» деп жауап қаттым. Ол кезде Рашид Ыбраев обкомның екінші хашысы болатын. Н.Әбішұлы оған тапсырма беріп, мен обкомға нұсқаушы болып жұмысқа қабылдандым. Қуантарлығы, менің өтінішім аяқсыз қалмады. Осылайша арнайы шақыртумен елге қайта оралдым.

– Кәсіпкерлікті қалай бастадыңыз?

– 1997 жыл болатын. Бажам екеуміз ақылдасып, балалар өсіп келеді, ертең олардың көйлегі көк, тамағы тоқ болуы үшін өз кәсібімізбен айналыспасақ болмайды деген шешімге келдік. Нар тәуекелге бел буып, «Мадлен» кондитерлік өнімдер дүкенін аштық. Жұбайым, әпкесі, анасы сонда жұмыс жасады. Үш жыл үзіліссіз еткен еңбектің арқасында кәсіп өрлей түсіп, кейін сауда қатарының санын арттырдық.

– Неліктен «Мадлен» деп атадыңыздар?

– «Мад» сөзі – жұбайым Мадинаның есімінің алғашқы буыны . Ал «Лен» – бажамның қызы Ленаның есімінен алынған.

– Бүгінгі таңда «Мадлен» кондитерлік желісі неше адамды жұмыспен қамтып отыр?

– Шымкенттен бөлек Астана, Алматы, Тараз қалаларында да бизнесіміз дамуда. Жалпы саны 19 сауда нүктеміз бар. 870 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

– «Ақша жүрген жерде достық болмайды» деуші еді. Ал сіз бұны жоққа шығардыңыз. Сыры неде?

– Бизнесте жүрген жылдар ішінде талай қиындықты бас-тан өткердім. Аяқтан шалғысы келетіндер де болды. Бірақ мен үшін кәсіпті туыспен бірге бастау оңайырақ түсті дей аламын. Бір бастан екі бас жақсы деген бар емес пе?! Біріміздің білмегенімізді екіншіміз айтып отырдық. Бизнесті бастаған соң араға он жыл салып бажам өмірден озды. Әріне, өкінішті. Қазір оның ісін қызы өз қолына алды. Әлі күнге дейін бизнесте бажамның қызымен бірге келеміз.

– Кәсіпкердің перзенті де кәсіпкер болуы – заңдылық. Ал сіздің қыздарыңыз ше?

– Шүкір деп айтайын, жұбайым Мадина екеуміз төрт қыз тәрбиелеп-өсірдік. Екінші және үшінші қыздарым менің жолымды қуып, бизнеске келді. Нақтырақ айтар болсам, екінші қызым Алматыда өз кәсібін өркендетіп отыр. Бір ұлы бар. Үшінші қызым Шымкентте тұрады. «Мадлен» кондитерлер желісін басқаруда. Үш ұл-қызды тәрбиелеп отыр. Ал тұңғышым Динара АҚШ-та білім алған. Күні кеше 40 жасқа толды. Үш баланың анасы. Бүгінде «Бәйтерек ұлттық холдингінде» қаржы директоры болып қызмет етеді. Кенжем – Алматыда. Италия елінде білім алған ол дизайнерлік жолды таңдады. Ірі жобаларды жасайды.

– Бала тәрбиесінде сіз үшін маңыздысы не? Немерелеріңізге қаталсыз ба?

– Мен еңбек жолымды қатардағы жұмысшы болып бастап, басшылық лауазымға дейін көтерілген адаммын. Сенімге кіріп, жауапкершілігі мол істі қолға алу оңай шаруа емес. Көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте жүрдім. Ерекше атап өтерлігі, мен еңбек етуге барған орында бірнеше жылдар бойы отырдым. Бұның өзі басшылықтың маған деген сенімі болса керек. Тек қызмет деп жүріп, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөле алмадым. Мемлекеттік қызметті өзіңіз де білесіз, таңертеңнен қас қарайғанға дейін жұмысы бітпейді. Бала тәрбиесіне мүлдем араласпадым деп айта алмаймын. Көбіне өмір туралы кеңестерімді айтып отыратынмын. Қыздарымның тәрбиесінде анасының рөлі ерекше. Жұбайым Мадина өмірін балаларға арнаған. Сол үшін де оған айтар алғысым шексіз. Шүкір, қыздарым ұятқа қалдырып жатқан жоқ. Егер өткенді кері айналдыру мүмкіндігі туса, сөзсіз уақытымның көп бөлігін перзенттеріме арнар едім. Ал немерелеріме деген қарым-қатынасымды білгіңіз келсе, аталық ақылымды айтудан жалыққан емеспін. Қаталдық танытатындай олар бұзық емес. Бәрі де тәлімді тәрбие алған.

– Бала тәрбиесінен өзге өкінішіңіз бар ма?

– Жоқ, мен бақыттымын. Жастайымнан еңбекке араластым. Қызметте Асанбай Асқаров секілді ұстаздан тәлім алдым. Ол кісі өмірге жүз жылда бір рет келетін қайталанбас тұлға. Асекеңнің елге жасаған жақсылықтарын тапжылмай апталап отырып айтуға болады. Асанбай Асқарұлы туралы әңгіме қозғалғанда Шымкенттегі Дендросаябақты айтпай кету мүмкін емес. Әлі есімде Асекең қазіргі Денросаябақ орналасқан аймаққа тал отырғызып: «Қала ауасы тазалануы керек. Уақыт өте бұл аймақ халықтың тынығатын мекеніне айналады» деген болатын. Ойланып қараңызшы, 115 гектар бос жатқан жердің көк жасыл аймаққа айналарына кім сенді дейсіз сол кезде? Міне, көрдіңіз бе, ол кісі білікті басшы ғана емес, болашақты дұрыс бағдарлай білетін тұлға. Шынымды айтсам, күні бүгінге дейін облысқа басшы болған бірде-бір әкім ол кісі ұқсап жұмыс жасамады. Асқаровтай басшы әлі көргенім жоқ. Асанбай Асқарұлының еңбегін қайталайтын басшы келеріне күмәнім бар.

– Сөзіңізге қарағанда әкімдердің жұмысына көңіліңіз толмайтын сияқты…

– Олардың еңбегін үзілді-кесілді жоққа шығаруға болмайды. Арасында ісіне адал, елге қалтқысыз еңбек етіп жатқандары баршылық. Тура жолдан тайып кететіндері де жоқ емес. Бірақ, соңғы бір жылда билікте шаруам болмай жүр. Тек билік емес, көп іске араласпаймын.

– Кеңес үкіметінің тәрбиесін алған азаматсыз. Қызметті де сол тұста бастадыңыз. Тәуелсіз елдің мемлекеттік қызметкерлеріне көңіліңіз толады ма?

– Біздің кезімізде жағдай қиын болды. Ал қазір заман басқаша. Сол себептен кесіп ешнәрсе айта алмаймын.

– Ал командалық басқаруға көзқарасыңыз қандай?

– Түбегейлі қарсымын. Басқарудың ол түрі білікті маманның өсіп-жетілуіне бөгет жасайды. Мәселен өзім, басқа қызметімді айтпай-ақ қояйын, бір ғана Сарыағашта еңбек еткен жылдары бір адам жұмыстан кеткен жоқ. Қандай ортада қызмет етсем де өзімнен кейінгі кадрлардың өсуі — менің басты мақсатым болды. Жастарға мүмкіндік беру керек. Шүкір, тәрбиемді алған шәкірттерім жаман болған жоқ. Әлі күнге дейін алғысын айтып келеді.

– Облыстық мәслихаттың депутаты болғаныңызды білеміз. Сол жылдар ішінде сайлаушыларыңызға берген уәдеңізді толықтай орындадым деп айта аласыз ба?

– Мен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланбас бұрын 1983 жылы Жоғарғы кеңестің депутаты болғанмын. Сондықтан да мәслихат депутаттығына тәжірибемен келгендердің бірімін. Өз сайлаушыларыма құрғақ уәде берген емеспін. Жағдай қаншалықты қиын болса да тек шындықты айтатынмын. Себебі уәде етіп, ертең оны орындамасаң – халықтың сенімін ақтамағаның. Ал депутат – халықтың адамы. Депутатты депутат еткен сайлау-шылары, яғни, халық. Барлық мәселе өз шешімін тапты деп өтірік сөйлемей-ақ қояйын. Себебі бізде көп проблема бюджетке байланысты. Халық қалаулысы болған жылдары көтерілген мәселені мүмкіндігінше жылдам шешуге тырыстым.

– Қажылыққа бару жоспарыңызда жоқ па?

– Әзірге ондай ой жоспарда жоқ. Аллаға құлшылық ету туралы бір тоқтамға келмедім. Бәлкім баратын шығармын. Нақты айта алмаймын.

– Ел арасында зиялы қауым өкілдерінің кейбірі өзгелерге, соның ішінде билікке жалтақ болып барады деген әңгіме тарап жүр. Келісер ме едіңіз?

– «Әділін айтсаң – әдемі айтқаның» деген бар емес пе? Ондайлар көп. Бірақ, олардың қатарында мен жоқпын.

– Нұрлан Сейтқұлұлы, алтындай уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз.

Жансая Тәуекелқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *