Муковисцидоз – аса қауіпті кесел

Облыста муковисцидоз дертімен 15 шақты бала ауырады. Өте сирек кездесетін кеселді емдеу қиын. Сондықтан еміне мемлекет тарапынан дәрі-дәрмек тегін беріледі. Муковисцидозға туа бітті шалдыққан бала күнделікті 10-нан астам түрлі дәрі қабылдайды. Бір баланың дәрісін алуға айына 100 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады. Жуырда муковисцидозбен ауыратын балаға берілетін препараттарды уақытында ала алмай ата-аналар дабыл қақты. Бұл қандай дерт екендігіне қысқаша шолу жасасақ.

Муковисцидоз – тұқым қуалайтын, геннің мутацияға ұшырауынан болатын ауру. Оның тағы бір медициналық атауы «сарысулы ісік фиброзы». Дерт тыныс алу мен асқорыту жүйесін зақымдайды. Муковисцидозға шалдыққанда ағзадан бөлінетін шырыш тым қою, жабысқақ болады да, тыныс алу, ас қорыту жүйесінің қызметін бұзады. Бұдан бөлек, ұйқы безі, бауыр, ішек, тері бездерінің жұмысына кедергі жасайды.

Алғашқы дерек 1905 жылы белгілі болды. «Муковисцидоз» деген атауға 1944 жылы ие болған. Дания мен Ұлыбританияда муковисцидозбен ауыратын бала саны едәуір көп. Бұл елдің ақ халаттылары ауру балалардың өмір сүру деңгейін ұзартуда біршама жетістікке жеткен. Айталық, ондағы дертке шалдыққандардың өмір сүру ұзақтығы 40 жасты құрайды.

Диагностика жасау кезінде дерттің клиникалық формасына қарай кейбір қиындықтар туындайды. Негізгі 3 формасы кездеседі:
1. Өкпе
2. Ішек
3. Аралас – дерт өкпе мен ішекті бірге зақымдайды.

Муковисцидозбен ауыратын балалардан бөлінетін терде хлор мен натрий мөлшері шамадан тыс көп болады. Бұл қалыпты көрсеткішінен 5 есе көп. Айналадағы жоғары температура тұзды көбірек жоғалтуға ықпал етеді.

Муковисцидоз – тұқым қуалайтын дерт. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ауру тудыратын гендер еуропалықтардың 5 пайызында кездеседі. Қазақстанда бұл кеселмен 90-ға жуық баланың ауыратыны айтылады. Ерлі-зайыптыларда «нашар» ген болса, бірден баласына беріледі. Ата-ананың мутацияны тасымалдауы 25 пайызды құрайды. Тіпті, дені сау ата-ананың өзінен аталған диагнозбен бала дүниеге келеді.

Сирек кездесетін ауруға шалдыққан баланың ата-анасы олардың өмірі үшін күреседі. Күресу үшін шыдам мен күш-қуат, дәрі-дәрмек қажет. Жоғарыда атап өткеніміздей, олардың бір айлық ем-домына 100 мың теңгеге жуық ақша қажет.

Бұл ішетін тамағын есептемегендегі сома. Тыныс алу терапиясы, кинезитарпия, кез келген инфекциядан баланы қорғау – ата-анасының жұмысы.
Бір айта кетерлігі, арнайы генетикалық тест арқылы жасырын жатқан муковисцидоз генін анықтауға болады. Бірақ, әрдайым емес. ДНК диагностика 40-тан астам мутацияны анықтай алады.

Алайда, олардың саны 200-ге жуықтайды. Сондықтан, бұл кеселдің зерттелмеген тұстары өте көп. Зиянды әдеттер, күйзеліс немесе экологиялық жағдайлармен байланысты туындамайды. Кез келген адам тасымалдауы мүмкін екен.

 Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *