Мешін жылы: көптің сеніміне ие болған депутаттар ел үмітін ақтады ма?

Әр жылдың соңында сол он екі айда қандай жоспар жасалғанын еске алып, оның қайсысы атқарылып, не істелгені айтылады. Қорытындысында, үздіктері мынау деп, түсін түстеп, ағын ақтаймыз. Бұл дәстүрге айналған нәрсе. Осы үрдістен айнымай, облыстық мәслихатқа мешін жылы сайланған халық қалаулыларының бірқатарының о баста түзген бағдарламалары мен іс жүзінде атқарған тірлігіне тоқталсақ дейміз. «Оңтүстік рабат» газетінің тілшілеріне депутаттардың бірқатары сұхбат беріп, сайлаушыларына айтқан уәдесін қалай орындап жатқанымен бөліскен болатын…

Сонымен, 2016 жылғы саяси оқиғалардың бірі — 20 наурыз күні Қазақстанда мерзімінен бұрын Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтті. Алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәслихатына бес жыл мерзімге барлығы 50 депутат сайланды. Депутаттардың барлығының білімі жоғары, арасында ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүше- корреспонденті, 2 ғылым кандидаты бар. Депутаттық корпустың орташа жасы – 52,5. Ең жасы – 30-да, ол – Сайрам ауданындағы №31 сайлау округінен сайланған Мадияр Мұхтарұлы Оразәлиев. Жалғыз әйел депутат — Шымкент қаласындағы №9 сайлау округі тұрғындарының басым бөлігі дауыс берген Рәшкүл Оспаналиева. Депутаттардың партиялық құрамына тоқталсақ, 48 депутат – «НұрОтан» партиясының мүшесі, екеуі «Ақ жол» партиясынан ұсынылған.
37 депутат алдыңғы шақырылымдарда да облыстық Мәслихаттың депутаты болып сайланған, олардың ішінде отыз төрті бесінші шақырылымдағы облыс мәслихатының депутаттары болғандар.
Халық қалаулыларының көбісі, нақтырақ айтсақ, 38-і кәсіпкерлікпен айналысса, 8-і білім, денсаулық, спорт саласында қызмет етеді. Екеуі қоғамдық бірлестікті басқарады және бір депутат – газет-телеарнаның басшысы. Оңтүстік өңірінде Қазақстан Республикасының заңдарының орындалуын, облыстың дамуына бағытталған жоспарлар мен түрлі мемлекеттік, өзге де бағдарламалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуде бес тұрақты комиссия құрылған.

Олар:
-бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясы, төрағасы Әбілқасым Досболов;
-кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы, төрағасы Дәурен Ахметов;
-әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясы, төрағасы Саттар Қуашбаев;
-аумақтардың дамуы және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясы, төрағасы Серікжан Сейітжанов;
-мемлекеттік — құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі комиссиясы, төрағасы Өмірзақ Мелдеханов.

Жолдасов Нұрмахан Миятұлы

Сайлауалды бағдарламасында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған ол бағдарламасында 11 мәселені ең маңызды деп тауып, оларды шешуге бар күш-жігерін жұмсайтынын айтқан-ды. Олардың бірқатары мыналар:
1.Кәсіпкерлік. Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі болғандықтан, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналыса-тын азаматтардың заңды құқығын қорғау, орынсыз тексерулерге жол бермеу, субсидия және төмен пайызды несие алу жолдарын жеңілдету, жеке көлік гараждарын жер қойнауына көшіріп, үстіңгі қабаттарын шағын бизнес орталықтарына айналдыру;
2. Ауыл шаруашылығы. Ауылды жерде тамшылатып суару, жылыжай салу, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын одан әрі жетілдіріп, азаматтардың тиесілі жер телімдерін алып, оны тиімді пайдалануына ықпал жасау, жол бойын әрлендіріп, шие ағаштарын егуді жалпы халықтық дәстүрге енгізу;
3. Коммуналдық қызмет. Округтегі елді мекендердің толық электр энергиясымен, табиғи газбен, таза ауызсумен, ағын сумен қамтылуына қол жеткізу, коммуналдық қызметтер бағасының қымбаттауына жол бермеу, арзан бағадағы жарық көздерін тауып, әр округтегі көшелерді жарықтандыру, қараңғы көшелерді азайту, қылмыстың алдын алу;
4. Оралмандар мәселесі. Тарихи атамекеніне оралған бауырларымыздың азаматтық алуын жеңілдетіп, әрдайым қолдау көрсету;
5. Қоғамдық қауіпсіздік. Жаңадан құрылған жергілікті полиция органдары мен тұрғындардың және жастар ұйымдарының бірлескен жұмыстарын жоспарлап, ішкілік, нашақорлық, ұрлық, мал ұрлау, бұзақылық, ажырасу сияқты «ғасыр індетіне» айналған құбылыстарды азайту, салауатты өмір салтын насихаттау.
Мен Сіздерге сенемін!

 

Молдасейітов Қайрат Құсейінұлы

Өз тұғырнамасына «АЙҚЫН МАҚСАТТАР – НАҚТЫ ІСТЕР!» деп атаған тұғын.
Қала тұрғыны ретінде шымкенттіктердің көкейінде жүрген мәселелер жайлы толық хабардармын. Мен қаламыздың өмір сүру сапасын жақсартуға, қаланың инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар үшін жайлы әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды басты назарға ала отырып жұмыс жасауды көздеп отырмын, — деп жазды бағдарламасында Шымкент қаласының бұрынғы басшысы. Олардың қатарында:
— аулаларды көріктендіру, көшелерге асфальт төсеу мен жарықтандыру, ирригациялық жүйелерді жөндеу, тазалық пен көгалдандыру мәселесіне айрықша көңіл бөлу.
— қоғамдық көлік жұмыстарын жақсартып, қызмет көрсету сапасын көтеру;
— коммуналдық қызметтердің деңгейін көтеру және тарифтерді жөнсіз асыруға жол бермеу;
— жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды қолдау, индустриалды аймақтарды ашу арқылы кәсіпорындардың санын көбейту;
— жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолжетімді арендалық тұрғын үй салу;
— медицина қызметтерінің сапасын жақсарту, аурудың алдын алу (профилактика) мәселесіне басымдық беру және тағы басқа да әлеуметтік бағдарламалардың іске асуы-на ықпал етсем деп ниеттенген болатын.
Бүгінде Қайрат Молдасейітов жас отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолжетімді арендалық тұрғын үй салу жоспарын іске асыруда. Ол басқаратын құрылыс компаниясы Қайтпас-2 шағынауданынан оннан астам көпқабатты үйлер тұрғызып, алғашқыларына ондаған отбасы қоныстанып үлгерді. Алайда, өзге де «әріптестері» секілді қоғамдық көлік жұмыстарын жақсартып, қызмет көрсету сапасын көтеру, коммуналдық қызметтердің деңгейін көтеру және тарифтерді жөнсіз асыруға жол бермеу сияқты мақсаттары орындалды дей алмаймыз. Алда әлі уақыт бары белгілі. Бірақ, тоқсан сайын өзгеріп жатқан тарифтердің мәселесі күнгейде тым қызып барады.

 

Рахым Тәңірбергенов

Түркістан қаласындағы «Жолаушы» ЖШС бас директоры Рахым Тәңірбергенов өзінің сайлауалды бағдарламасында ірі агроөнеркәсіп кешенін қолдаумен қатар, ауыл тұрғындарына шағын несие беру арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуді, шаруалар табысының тұрақты болуын көздейтінін айтқан болатын. Көп сөз айтып, уәдені үйіп-төгуді мақсат тұтатынын Рахым Көлбайұлы өзінің әр тұғырнамасында нақтылап жүрді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін шешудің жолдарын да біледі. Бұдан бұрын да 4 шақырылымда депутаттыққа сайланған түркістандық азамат қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, көне қаладағы коммуникация, ауыз су, газ, жарық мәселелерін түбегейлі шешуге, жұмыссыздықты болдырмау үшін нақты ұсыныстар беріп, тиісті органдармен бірлесе отырып қарастыруды мақсат тұтты. «Арыс-Түркістан» каналын тазарту, шахардағы ирригациялық жүйеде жаңарту жұмыстарын түбегейлі жүргізу, көпқабатты үйлерді жылумен қамту мәселелерін де әр жолғы тұғырнамасында айтпай қалған емес. Қаладағы қазандықтар, жылу жүйелерін жаңалау да соның бір тармағы. Сол айтқан сөздерін, көтерген сауалдарына қатысты күрделіліктерді шешуге атсалысып, берген уәдесін орындап жатыр,- дейді сайлаушылары.
Депутатты Түркістанда бәрі біледі. Жас та, кәрі де. Уәдесіне берік азамат дейді. Бүгінде оның есімі облыс тұрмақ, республикаға танымал. Рахым Көлбайұлы басқарған «Жолаушы» ЖШС Түркістанда жолаушылар тасымалымен айналысады. Көне қалада автобустарда қатынау құны — 30 теңге, шағын қоғамдық көліктерде — 40 теңге. Ал бастауыш сыныптардың оқушылары сол көліктерде тегін қатынайды. Түркістанмен көршілес Кентауда қоғамдық көліктің жол ақысы — 40 теңге болса, облыс орталығында бұл баға 2016 жылы 70 теңгеге жеткен.
«Байлар, депутаттар мен олардың балалары автобусқа мінген емес, мінбейді де. Қоғамдық көліктің қызметіне қарапайым халық жүгінеді. Бағаны тұрақты ұстап тұрғанымыздың себебі де осы — күнделікті жолақысына ақша таппай отырған отбасыларын қолдау. Жасыратын ештеңесі жоқ, Түркістанда мыңнан бір, тіпті бес жүзден бір отбасы күнделікті нанын таппай отырған жағдайы бар. Мұны мойындау керек. «Жақсы, жақсы» дегеннен барлығы жақсы болып кетпейді ғой. Облыс мәслихатының депутаты ретінде халықпен тығыз араласамын, өлім -жітім, той-домалақ бар дегендей. Мысалы, Түркістанда күніне 3-4 адам дүниеден өтеді. Олардың арасында жасы да, қариясы да бар. Оларды соңғы сапарға көлікпен жеткізу міндетін мойныма алдым, тегін. «Бұл – мұсылмандық міндетім» деп есептеймін. Жаназа, тойда көпшілік: «Рахым, осы жол ақысын көбейтпеңдерші, қалтамыз көтермейді. Жағдайымыз ауыр» деп өтініш жасайды.
Бұрын Түркістанда бір-екі бөлмелі пәтерлер 300-400 доллар тұрса, қазір ыстық суы, жылу бар баспаналардың бағасы 40-50 мың долларға жеткен. Адамдар тұрақтанды, қоныс аудару деген тоқтады. Қалада қараусыз қалған бірде-бір пәтер жоқ. Қыста тоңбас үшін көпқабатты үйлердің тұрғындары бұрын қабат-қабат киім, «буржуй» пешін қосып күн көрген. Мәселені жоғарыда көтеріп жүріп, 2, 5 млрд теңге бөлініп, қазір 94 көпқабатты тұрғын үйде жылу бар.
Ол өз ұстанымына берік. «Әрбір отбасы ұл-қызын жақсы тәрбиелейтін болса, бүгінде қоғамда етек жайған келеңсіздіктер болмас еді. Әрбір ата-ана балаларын еліміздің патриоты етіп тәрбиелесе, прокурордың да, соттың да, милицияның да керегі жоқ. Қазақ онсыз да күнін көріп келді ғой. Әрбір азамат туған жерінің нағыз патриоты болса екен деп армандаймын. Мен соған бәрін шақырамын. Өкініштісі, біздің небір қарияларымыз, данышпан, тұлғаларымыздың ұл-қыздары дұрыс тәрбие алмаған. Ал өзінің балаларына тәрбие бере алмаған азаматтардың ел алдында сөйлегені — ұят», — деп санайды.

Жаңабай Ағабеков

Депутаттыққа Сарыағаш ауданындағы №40 сайлау округінен сайланған Жаңабай Ағабеков 52 жаста. Биылғы сайлауға ол «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша түсті. Облыстық мәслихаттағы ауыл-аймақтардың дамуы және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі.
Депутат өз тұғырнамасында белгілеген негізгі мәселелердің бірі — ол ауыл шаруашылығы саласын көтеру, коммуналды мәселелер, оның ішінде жарық желілерін жаңартып, ауылдардағы жол салу жұмыстарын жүйелеу, жұмыссыздықты барынша азайтып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуге атсалысу, ауылдағы апатты мектеп пен балабақша мәселесін шешу болатын. Екі шақырылым қатарынан депутаттық мандатқа ие болған Жаңабай Ағабеков үмітімізді ақтайды деп сенген сайлаушылары.
Сарыағаш ауданындағы Абай ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында болған депутат тұрғындарға берген уәдесін орындауға кірісіпті. Тозығы жеткен көше жолдарына тас төселіп тегістелуде. Бұл мәселені ауыл ақсақалдары аудан әкімінің халық алдында есебінде көтерген екен. Сол кездесуге қатысқан алтыншы шақырылымдағы облыс Мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков жолдарды жөндеп беруге сөз берген еді, уәдесінде тұрды. «Депутат болса, Жаңабайдай болсын», деп ауыл ақсақалдары ризашылығын білдіріп отыр.
Депутат мұнан бөлек, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты елдімекендерді қосқанда барлығы 20-дан астам көшені тегістеп беруді мақсат етіп қойған. Бүгінде он шақыт көшеге жол төселіп қойды. Абай ауылының іргесіндегі «Шығыс» шағынауданы тұрғындарының да жол мәселесі шешілген.
Депутат алдыңғы бесінші шақырылымдағы №42 сайлау округінің тұрғындарына берген уәдесін де ұмытпаған. Қазір ауылдарға табиғи газ тартылуда. Жүзімдік ауылдық округіне қарасты елді мекендерді газдандыруға жобалық-сметалық құжат әзірлеу, сараптамадан өткізуге, құрылысқа қаржы бөлуге ат салысқан осы Жаңабай Ағабеков. 100 орындық «Балдырған» балабақшасын салып берді. Орталықтандырылған су жүйесімен әрбір отбасын қамту бағытында да жұмыстар қолға алынды.
Депутат Мақташы ауылындағы апатты мектептің мәселесін шешуге ықпал еткен. Жаңа үлгідегі мектеп ғимаратын салу жөнінде тұрақты комиссиялардың отырысында, түрлі жиындарда мәселені көтерген халық қалаулысы 600 орындық мектептің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне атсалысты. Қазығұрт ауданының тумасы осылай көрші аудандағы ағайынның мәселелерін біртіндеп шешуде. Сондай-ақ, Үкіметтің «Оңтүстіктен Солтүстікке» жобасын іске асыруға депутат Ағабеков аянбай тер төкті. Елдің оңтүстікігінен солтүстігіне көшкісі келетін тұрғындармен, ондаған сарыағаштық отбасыларымен теріскейдегі өңірге арнайы барып, жергілікті жердегі ахуалмен, баспана, жұмыс барысымен етене танысып қайтты. Ол отбасылардың алғашқы уақтта сол өңірге бейімделуіне жағдай жасады.

 

Қайнар Абасов

«Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-нің директоры, Ордабасы ауданындағы №29 сайлау округі бойынша қатарынан екі шақырылымда облыс мәслихатының депутаты болып сайланды. Сайлаушыларының әлеуметтік мәселелері, жергілікті жердегі жол, коммуникация проблемаларынан бөлек шаруалардың басты проблемасы — қаржы көзіне қол жеткізуді шешуді мақсат еткен. Несие алу үшін қойылатын кепілдіктің болмауы бүгінде үлкен проблемаға айналған. Осы екі тарап арасында дәнекер болып, арнайы инновациялық орталық құруды көздейтінін мәлімдеген болатын.
«Өткен бесінші шақырылым мен қазіргі алтыншы шақырылымдағы сайлаушылардың тапсырмалары және олардың қойып отырған талаптарында өзгешелік бар»,- дейді депутат. Мәселен, өткен шақырылымда көтерілген мәселелер жол, жарықтандыру және газдандыруға қатысты болса, қазір ауылдарда мәдениет үйлерін және спорт кешендерін салу секілді рухани жағына көп көңіл бөлуді талап етуде. Осы мәселелерді сараласақ, бүгінде халықтың әл-ауқаты жақсарып, енді олар мәдениет пен спорт шараларына қатысуға ұмтылып отыр. Және соңғы сайлаудың ерекшелігі, электорат оның ішінде жастардың белсенділігі артқанын байқаған депутат олар өздерінің құқықтарын алға тартып, жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, әр түрлі діни ағымдарға қарсы насихат жұмыстары жүргізілсе, мәдениет, спорт шаралары өткізілсе деген талаптарын қойып отырғаны қуантады, дейді. Сайлау тұғырнамасында айтылған мәселелер бойынша жұмыстардың кезеңімен жасалып жатқанын сайлаушылар да растап отыр. Мысалы, ауылдағы жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыз сумен қамту мәселелері шешіліп жатыр. «Кездесу барысында азаматтардың бірі жер мәселесін, енді бірі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Оларды шешуге тырыстық. Бұдан бөлек, жаз айларында республикада құрылған жер комиссиясының мүшесі ретінде жұмыс істедім. Жиындарда халықтың ой-пікірін тыңдап, оны жоғарыдағыларға жеткіздім. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар ауылдарындағы кездесулерде жерлестерімнің жерді ұзақ мерзімге жалға беруді қолдайтынын, жерді сату бойынша білдірген ұсыныстарын комиссияға жолдадым. Одан бөлек, индустриалды аймақтарды дамыту мәселесі бойынша Бадам, Шұбар елді мекендерінде жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл жастарын жұмыспен қамту- бұл бағдарламаның негізгі тұстарының бірі. Сондықтан, осы мәселені жүзеге асыру үшін шаруларға қызмет көрсететін инновациялық орталық ашуды көздеп отырмыз. Соның негізінде, шаруалардың басты проблемасы — қаржы көзіне қол жеткізуді шешуге болады. Несие алу үшін қойылатын кепілдіктің болмауы үлкен проблемаға айналған. Біз осы екі тарап арасында дәнекер болып, аталған инновациялық орталықты құрмақпыз. Инновациялық жаңашылдықтарды енгізе отырып, өнімділікті арттырып, шаруалардың табысын көтеру керек. Соны көздейміз. Екінші маңызды мәселе, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде жүзеге асуына ат салысу. Ол шағын сүт фермаларын құру, мал бордақылау алаңдарын ашуға мемлекент тарапынан берілетін несие және де түрлі жеңілдіктер жайын ауылдағы ағайынға түсіндіруді қолға аламыз. Бұл жұмысты бастап кеттік»

Әбілқасым Досболов

Облыс мәслихатының бюджет және экономиканың дамуы жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Ол аудан-ауылдарға жиі шығады. Қатарынан алты шақырылымда да депутат болып сайланды.
1947 жылдың 29 мамырында Сарыағаш ауданындағы Ақ үй ауылында соғыс ардагерінің отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол үнемі «адал еңбектенсең, бір саланың мықты маманы болсаң, міндетті түрде жемісін көресің», дейді.
Сонымен, ол туып өскен жері Сарыағаштан биыл да депутат болып сайланды. «Ауыл ақсақалдары елдімекенде қордаланған мәселелерді көтеріп, оны жаны ашитын өзің шешпесең кім шешеді. Депутат бол, біз сені қолдаймыз, деп өтініш жасады. Әкемнің көзін көрген ағаларыма қалай жоқ деймін. Сөйтіп, қатарынан алты шақырылымда облыс мәслихатының депутаты болдым»-дейді.
– Көп жағдайларда ауыл, аудан, қала әкімдеріне кінә тағады. Қаржының игерілмеуіне қатысты субъективті, объективті жағдайлар болатынын ескерген жөн. Әкімдер де өмір көрген, тәжірибесі бар азаматтар. Аудан әкіміне келсек, халықтың санына қарай бюджеті де болады. Соңғы 5-6 жылда қаржы жеткілікті. Тек жетіспей тұрғаны сол қаржыны тиімді, сапалы пайдалану. Кейбір аудандарда бөлінген қаржыны мерзімінде иегере алмай жатады. Комиссияда бюджеттің орындалуы талқыланғанда, отырысқа тікелей қатысқандықтан, бөлінген қаржының игерілуіне, бюджеттің орындалуына моральды тұрғыда жауаптысың. Тек әкімдік жауапты деген пікір дұрыс емес. Өйткені, Мәслихаттың жанындағы тұрақты комиссиялардың отырысында қаржының қайтарымы, нысандардың сапасы, қаржының мақсатты жұмсалуы сияқты мәселелер жіті талқыланады. Сондықтан да, бұл тұрғыда әкімдік пен мәслихаттың жауапкершілігі бір. Барлығы халықтың игілігі үшін емес пе? Халық сенім артып, сайлағаннан кейін, депутаттық міндетті орындауды борышым деп санаймын. Сайлаушылардың көтерген мәселелерін 100 пайыз шешу мүмкін емес. Алайда олардың кезеңімен шешілуіне ықпал жасауға тырысамын.

Оразәлі Кенжебеков

2016 жылы 20 наурызда өткен сайлауда 18 сайлау округінен саяси науқанға түскен Оразәлі Кенжебеков туралы да жазғанды жөн санадық. Ол депутат бола алған жоқ. Сайлауға дейін үміткерліктен құжаттарындағы түйткілдерге байланысты алынып тасталды. Депутат бола алмаса да, осы өңірдің Азаматы ретінде сайлауалды тұғырнамасында көтерген мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Оның бағдарламасында мынадай сөйлемдер бар болатын:
«Мен үшін әрбір адам маңызды, менің құрметті сайлаушыларым, маған өздеріңіздің сенімдеріңізді артқан жағдайда, өз депутаттық қызметімнің төрт жылында тәулігіне 24 сағаты бойы менің сайлаушыларымның игілігі үшін еңбек етуге сөз беремін және де осы айтылған сөздердің дәлелі ретінде, қажет болған жағдайда, жоғарыда айтылғандардың барлығын ҚР заңнамасы аясында құжаттандыруға немесе хаттамалауға толық жауапкершілікті өз мойныма аламын.

Депутат болмаса да, шаруаны бітірді

Қаратау ауданына қарасты Қызылсу ауылының тұрғындары соңғы жылдары жарықтың зардабын әбден тартты. Ауылды жарықпен қамтуға ширек ғасыр бұрын орнатылған трансформатордың күші жетпейді. Кеш батса болды, жарық сығырайып, тұрғындар шам жағып күнелтеді. Қызылсулықтар бұл мәселесін талай жауаптының алдына барып көтерген. Жақында өткен сайлаудан үміт еткен-ді. Бірақ, күн жылжыған сайын ол үміт те үзіле бастаған. Осы округтен сайлауға түскен азаматтар бірінен соң бірі келіп, уәдені үйіп-төккенін көпшілік ұмыта қойған жоқ әлі. «Ауылға не керек?», «Қандай проблемаларың бар?» деп уәждерін тыңдап, орындайтындығына сендірген еді талайы. Солардың бірі – Оразәлі Ерікпайұлы да ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жоғын сұрады. Ауылға жаңа трансформатордың керегін біліп, сол күннен-ақ іске кірісіп. оны орнатып берді. Оразәлі Кенжебеков ауыл тұрғындарынан теріс айналған жоқ. Бұл жігіттің тірлігі мандатқа қол жеткізгендерге сабақ деуге болады…
Оразәлі Кенжебековты Мәртөбе, Қызыл су, Достық ауылдарының халқы жақсы таниды. Мұндағылар, әсіресе, оның Мәртөбе ауылындағы зират маңындағы қоқыс полигонын жаптырғанын, оған бар күшін салғанын әлі күнге дейін айтып отырады. Ол билікте қызмет етпейді, айналысатын жұмысы – тәуелсіз бағалаушы. Жеке кәсібі тағы бар. Жерлестерінің жағдайын біліп, хабар алып тұрады. Оразәлі Қызылсу мен Мәртөбе ауылына ортақ каналды тазартуға осындағы тұрғындардың өзін жұмылдырып, әр жылы тазалау жұмыстарын ұйымдастырады. Қазір қос ауыл ағын судан таршылық көріп отырған жоқ.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *