Мемлекеттік тілді білу – әр қазақстандықтың парызы

4-1Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген Жолдауындағы мемлекеттік тіл саясаты мәселесі бойынша 2017 жылға дейін қазақ тілін меңгерген қазақстандықтар саны 80 %-дан, ал 2020 жылға дейін 95 %-дан кем емес межеге жету жоспарланды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, қолданыс аясын кеңейтуде қазақ тілін үйрету құралдары, оқу-әдістемелік кешендері, оқыту немесе тіл үйрету курстары өз жұмыстарын жүргізу үстінде. Премьер-министрдің 2005 жылдың 3 қазанындағы «Қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін жасау және соның негізінде оқыту әдістемесін әзірлеу» туралы хаттамасына сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығында ел аумағында жұмыс істеп жатқан ересек азаматтардың және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуі деңгейін анықтайтын, кез келген зайырлы елдердегідей тіл меңгеруді бағалаудағы бірден-бір құралы ретінде ҚАЗТЕСТ жүйесі құрылды.

Қазақ тілін меңгерген
қазақстандықтар саны
2017 жылға дейін 80%, ал
2020 жылға дейін 95%-дан кем болмауы тиіс

ҚАЗТЕСТ жүйесі тіл меңгеруге байланысты төрт бөліктен тұрады. Тыңдалым (тыңдап түсінгендігін бағалау), лексика-грамматикалық бөлік (тілдік құрылымды түсінгендігін бағалау), оқылым (оқып түсінгендігін бағалау), жазылым (жаза білу қабілеті). Мұндағы тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі – А1 қарапайым, А2 базалық, В1 орта, В2 ортадан жоғары, С1 жоғары деңгей бойынша негізге алынады. Бұл халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің сатыларына сәйкес келеді. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу диагностикалық және сертификаттық түрде өткізіледі. Диагностикалық тестілеу ересек азаматтардың немесе өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған. Ал, сертификаттық тестілеу қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтап, сәйкесінше сертификат береді.
Осы жылдың 23-27 мамыр аралығында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының ресми өкілдері, Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдар, бюджеттік мекеме қызметкерлерінен жоғарыда аталған ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша байқау сынағын өткізді. Диагностикалық тестілеуге Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты мекемелерден – 208, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясынан – 7, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және оған қарасты мекемелерден – 190, ОҚО ішкі істер департаментінен – 171, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және оған қарасты мекемелерден – 200, ҚР ІІМ ОҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және оған қарасты мекемелерден – 576, ҚР ІІМ ОҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан – 280 және ҚР Қорғаныс министрлігінің Шымкенттегі №35748 әскери бөлімнен – 100 қызметкер қатысты. Ал, білім саласынның 50 педагогы сертификаттық тестілеуден өтті.
2017 жылға қарай сертификатталған мемлекеттік органдар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің санын арттыру мақсатында Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығында ҚАЗТЕСТ бағдарламасы бойынша оқыту одан әрі жалғасуда.

АЛ ОСЫ КЕЗДЕ…

Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығы «ҚАЗТЕСТ – мемлекеттік тілді дамыту құралы» тақырыбындағы практикалық семинар өткізді. Семинардың мақсаты — тілдік білімді бағалаудың талаптарына сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау үрдісін іске асыру. Оқытуды нәтижеге, яғни тілдік білімнің қалыптасқандығын растайтын ҚАЗТЕСТ сертификатын иемденуге бағыттау. Мәдениет, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт саласының қызметкерлері қатысқан басқосуға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының өкілі, «Тестілеуді ұйымдастыру» ғылыми-әдістемелік зертханасы, жетекші сарапшысы Ұлжан Расылханқызы Садықова «ҚАЗТЕСТ жүйесі: бүгіні мен ертеңі», М. Әуезов атындағы ОҚМУ Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Ақтолқын Жамантаева «Қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру және тіл меңгеру деңгейін бағалаудағы ҚАЗТЕСТ-тің рөлі» тақырыптарында баяндама оқыды.
Елбасының «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деген сөзі – «Елім, жерім – Қазақстан» дейтін азаматтың сөзі десек, артықтық етпес. Бәсекелестікке қабілеттілік ұғымынан ақсап отырған тіліміздің ахуалы біртіндеп түзеліп келеді.

Әсел Абдуллаева,
Шымкент қалалық
Тілдерді оқыту орталығының
әдіскері

Редакция

1 пікір

  1. Салеметсыздерме тогызыншы айда туылгандар кайсысы жулдыдыз жорамал мысалга мергенбе таразыма кайсысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *