Мемлекеттік рәміздеріміз – ұлы құндылық

4 Мемлекеттік рәміздер мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. 

Мемлекеттік рәміздер көне замандардағы ру-тайпаны қорғаушы болып есептелетін тотемдік аң-құстың бейнелерінен, рудың, әулеттің мал-мүлкіне салынған ен-таңбаларынан шыққан.
Қазақ халқында әрбір рудың мал-мүлікке салатын өз таңбасы болды. Соғыс жағдайында межелі жерге әрбір рудың жасағы өз руының таңбасы салынған байрақ ұстап, хан туының астына жиналатын болған.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оның мемлекеттік Рәміздері бекітілді.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы  ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы  дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде  бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу  алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Музыкасы  композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күнін мерекесіне  «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ «Шымкент темір жол ауруханасы» филиалында  жиналыс өткізілді және жастарға патриоттық тәрбие беруді іске асыру аясында Қазақстанның мемлекеттік нышандарын насихаттау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Г.А. Саликбаева,
«Апаттар Медицинасының
темір жол госпитальдары» АҚ «Шымкент
Темір Жол ауруханасы» филиалының директоры

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *