Мемлекеттен жас отбасыларға көмек бар

«Отбасыға, соның ішінде жас отбасыларға мемлекет тарапынан қандай көмек қарастырылған?» Редакциямызға осылай деп қоңырау шалатын оқырмандар көп. Бұл сауалдарға жауап алу үшін ОҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнуар Ілесбаевпен сұхбаттасқан едік.

Мемлекеттен жас отбасыларға көмек барОның айтуынша, ҚР 2003 жылғы 25 сәуірдегі N405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру (әлеуметтік аударылымдар жүргізілген) жүйесінің қатысушыларына: жүктілікке, бала тууға, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер төленеді.

– Аталмыш төлем тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана және бір рет беріледі. Төлем мөлшері соңғы жылдың орташа айлық табысын 10% мөлшеріндегі зейнетақы аударымдарын шегерумен еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейтумен анықталады. Мәселен, егер әйелдің жылдық табысы 600 000 теңге болса, оның орташа айлық мөлшері 50 000 теңгеге (600000/12) теңеледі. Жүктілігі және босануы бойынша толық мөлшердегі 126 күнтізбелік күні 4,2 коэффициентке тең болады. Яғни, бұл сомаға еңбекке жарамсыздық коэффициентін (4,2) көбейтіп, 10% әлеуметтік төлем мөлшерін шегіріп тастау керек (50 000*4,2-10%=189000). Сонымен 50 000 теңге жалақы алатын әйел декретке шыққанда 189000 теңге көлемінде әлеуметтік төлемге қол жеткізеді, – дейді маман.

Осы жерде ескеретін жайт, жұмыс өтілі бір жылға жетпегендердің орташа айлық табысы жалпы жалақы мөлшерін 12 -ге бөлу арқылы шығарылады екен. Мәселен, 8 айда 400 000 жалақы алдыңыз делік. Яғни, 400 000/12*4,2-10%=126 000 теңгеге тең.

– Ал, бала туылған соң жас анаға қандай көмек бар?

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда қор есебінен ай сайын әлеуметтік төлем ала алады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылдың табысын (ол әлеуметтік аударымдармен расталады) 24 айға бөлу, 0,4 ке көбейту және 10% зейнетақы жарналарын шегеру арқылы анықталады. Мысалы: 24 айда 1 200 000 теңге жалақы алған әйелдің орташа айлық табысы 50000 теңгеге (1 200 000/24) тең. Бұл соманы 0,4 коэффициентке көбейтіп, 10% зейнетақы жарнасы шегеріледі (50000*0,4=20 000-10%=18000). Яғни, бала күтімі үшін әйелге 1 жыл бойы ай сайын 18 000 теңге жәрдемақы төленіп тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемді есептеу барысында бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін тағайындалатын жәрдемақының мөлшері аз болған жағдайда, аталмыш жәрдемақы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Оның мөлшері:

– бірінші балаға – 11415 (5,76 АЕК) теңге;

– екінші балаға – 13497 (6,81 АЕК) теңге;

– үшінші балаға – 15559 (7,85 АЕК) теңге;

– төрт және де одан көп балаға – 17640 (8,90 АЕК) теңге.

– Бала күтімінде отырған әйел жұмысқа шыққан жағдайда, әлеуметтік төлем сақталады ма?

– Бір жыл толмай жатып жұмысқа шығу туралы шешім қабылдасаңыз, төлем үшін алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі, бала күтіміне байланысты табыстан айырылған ата-ананың біріне тағайындалатын әлеуметтік төлем бала бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді.

– Зейнетақы жарналары аударылмаған жағдайда не істеуге болады?

– Міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бірыңғай жинақтаушы қорына уақытылы аударылмаса тұрғылықты мекенжай бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласу керек. Себебі, ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, жүктілікке, бала тууға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін ай сайынғы бір жолғы әлеуметтік төлемдер еңбекке жарамсыз парағын толтырған күннен кері есептегенде күнтізбелік 12 айға аударымдар жасалған кезде ғана төленеді. Жүктілікте декреттік демалысқа шығу және әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін:

– жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылу жағдайына өтініш;

– жеке басын куәландыратын құжат;

– тұрғылықты мекенжай анықтамасы;

– жүктіліктің 30-ші аптасында берілетін уақытша еңбекке жарамсыздық парағы (больничный лист);

– жұмыс орнынан соңғы күнтізбелік он екі айдағы табысы туралы белгіленген үлгідегі анықтама;

– екінші деңгейлі банктердің бірінен ашылған есепшот нөмірін тұрғылықты мекенжай бойынша орналасқан зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына тапсыру керек.

Айжан Ермекқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *