Мемлекетке зейнетақысымен көмектесіп жатыр

Өткен жылы еліміздегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан қарттар мен мүгедектердің зейнетақы және жәрдемақысын 70%-ға қысқаратыны туралы заңға өзгеріс енгізілген болатын. Аталмыш заң қоғамда біраз дау-дамай тудырып, жалғызбасты қарттар наразылықтарын білдірген. Сол өзгерту 2016 жылдан бастап қолданысқа енсе де, жұртшылық әлі де түсініспеушілік танытуда. Осыған орай, облыстық №5 «Арна» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Мақсұтхан Бейсебеков «Отырар» телеарнасына берген сұхбатында былай дейді:

7 пенция
— 2011 жылы мемлекеттік стандартқа көшуіне байланысты қарттарға жеке қолданыстағы заттарды беру тоқтатылып, 100% өздерінің зейнетақысын қолдарына алатын. Алайда, мұның тиімсіз екенін уақыт дәлелдеп берді. Неге десеңіз, қарттар үйіне ешкімі жоқ деп келсе де, зейнетақысын алар кезде жармасатын адамдар көп болды. Сөйтіп, біраз қариялар өзіне қажетті заттарды ала алмай қалатын. Бұл кісілер мемлекеттің есебінен 100% тегін өмір сүреді әрі зейнетақыларын да өздері алатын. Ал, қазіргі бастаманы көтерген біз емес. Мұны әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасап отыр. Азаматтардың базалық зейнетақы төлемдерінің тоқтатылып, негізгі әлеуметтік төлемдердің 30%-ы ғана төленуде. Ал, үнемделген 70 % қаржы бізге түседі дегенімен, түгелдей сол кісілердің қажетіне жұмсалады. Маусымдық кезеңдерде бас киім, пальто, іш киім, тіс щеткасына дейін әпереміз. Мұнда мемлекеттік мекеме болса да, үй жағдайына келтірілген. Барлық бөлмеде төсек-орын, теледидар, тоңазытқыш, шай қоятын құрылғылар бар.
Мақсұтхан мырзаның айтуынша, қарттар үйі бір айда тұтынған электр қуатының ақысына 1 миллион 200 мың теңге төлепті. Одан бөлек, 85 мың теңге зейнетақы алатын бір қарияны туыстары қайтадан алып кеткен. Ал керісінше, «зейнетақымды 100 теңгеге дейін түсіріп тастаса да кетпеймін» дейтін қариялар да бар екен.
— Орталықтағы әрбір қарияның өткен өмірі қиын. Олар аянышты, обал-сауабы бар әрине. Десе де, мемлекет оларды тентіретіп тастамастан бағып-қағып отыр. Мүмкін, 70 % қысқарту мына дағдарысқа байланысты уақытша нәрсе шығар. Бір қария бар болғаны 16 мың теңге алатын. Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына хабарласқанымызда «қосымша жұмыс істегені жөнінде анықтама әкелсе, көбейтеміз» деді.
— Қала, аудандық жұмыспен қамту бөлімі асыраушысы жоқ, хал-ахуалы төмен, өздігінен күнелте алмайтын азаматтарды сұрыптап, медициналық тексеруден өткізеді. Асыраушысы қарамайтын жағдайда сот арқылы шешіп, әкімнің қаулысы шығады. Сосын облыстық жұмыспен қамту басқармасына жолдамамен келеді. Содан кейін, Қарттар үйіне өткізіледі.
Түйін: Таяқтың екі ұшы бар дегендей, мұның жақсы жағы — мемлекет қарттарды зейнетақысынан 70% қысса да, қамқорлығына алып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде керісінше ата-анасын қажет етпей тастап кеткен безбүйрек балаларын заң алдында жауапқа тартып, айыппұл немесе де басқа да шаралар көрілу қажет сияқты. Әйтпесе, «мемлекет бағады екен» деп қартайған әке-шешесін тастап кететін жауапсыз, тасжүрек ұрпақ көбейе бермек. Яғни, қарттардың әлеуметтік зейнетақысын қысқартқанша балаларына жауапкершілік арқалататын міндеттемені қарастыру әлі де кеш емес.
Ал тиімсіз жағы — қариялар зейнетақысы қысқарып қалған соң бұрынғыдай қалаған затын алып жей алмай қалуы мүмкін. Ол мекеме берген төрт мезгіл тамақтан бөлек, өзі қалағанын жегісі, ішкісі, кигісі келеді. Оған қоса, берілген дәрі-дәрмектен басқа да қажетті қымбат дәрілерге ақшасы жетпей қалса ше?
Десе де, әке-шешесін қараусыз қалдырғаны аздай зейнетақысын алып кететін безбүйрек ұрпаққа бұл жақсы қойылған тосқауыл сияқты.

Қарттарды бағып-қағу орталығына жылына қазынадан 234 миллион теңге бөлінген.
Бір адамға айына 75 мың теңге қаралған. Бұған төрт мезгіл тамақ, медициналық қызмет, дәрі-дәрмек, қалада қарттарды экскурсияға апару т.б. қызметтердің бәрінің шығынын мемлекет өз мойнына алған.

№5 «Арна» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 260 қария бар

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *