Мемлекет қолдауымен үй алудың 4 тәсілі

Қазақстанда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету «Өңірлерді дамыту 2020» және «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Аталған екі бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар 4 бағыт арқылы баспанаға қол жеткізе алады. Бұл туралы Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Әшірбаева айтып берді.

Ескерту: мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алуға ниет білдіргендер бірінші кезекте жергілікті атқарушы органға үй алу тізіміне тұруы қажет. Үйге кезекке тұрмағандар бұл бағыттың ешқайсысына қатысуына мүмкіндігі жоқ. 

Коммуналдық тұрғын үй

Бұл бағыттағы үйлер коммуналдық (арендалық) тұрғын үй қорынан беріледі. Тұрғын үй алу тізіміне мына топтар кіреді:

— ҰОС қатысушылары мен мүгедектері,
— Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,
-Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы,
-Мемлекеттік қызметші, бюджеттік мекеме және әскери қызметшілер,
-Жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар.
Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататындар:
1. ҰОС мүгедектері мен қатысушылары;
2. ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
3. I және II топтағы мүгедектер;
4. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
5. ҚР Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
6. Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
7. Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
8. Оралмандар;
9. Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
10. Көпбалалы отбасылар;
11. Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезінде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
12.Толық емес отбасылар жатады.

 

«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы

Екінші бағыт 2 жүйе бойынша жүзеге асады.
1 жүйе — банк салымшыларына;
2 жүйе — «Жас отбасы» санатына жататын отбасыларға сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер қарастырылған.

Бағдарламаға қатысу үшін жас отбасыларға қойылатын негізгі талаптар:
1) Бағдарламаға қатысу үшiн өтiнiш берген кезде ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де жасы 29 толмауы;
2) Өтiнiш берген сәтте кемiнде 2 жыл тiркелген некеде болуы;
3) Ерлi-зайыптылардың екеуiнiң де Бағдарламаға қатысуға өтiнiш берiлген елдiмекенде тiркелуi;
4) Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерiнде ҚР аумағында соңғы 5 жыл iшiнде меншiк құқығында тұрғын үйiнiң болмауы;
5) Өтiнiш берердiң алдындағы соңғы 6 ай үшiн отбасының ай сайынғы жиынтық таза табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және басқа да аударымдарды есептемегенде), мынадай шекте:
а) ең төменгі — күнкөрiс деңгейiнiң 3 есе мөлшерi;
б) ең жоғарғы — төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 12 есе мөлшерiнен артық емес.
Депозитке қаржы жинақтау мүмкіндігін пайдалану арқылы баспанаға қол жеткізеді. Ол үшін банк салымшысы депозитке баспана бағасының 30%-ын жинау қажет.

 

 

«КИК» ИҰ» АҚ арқылы

Осы бағытпен үй алуға мына санаттағылар: көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатысады.
Аталған бағыттың қатысушыларын қалыптастыру мынадай кіші топтар мен критерийлер бойынша жүргізіледі:
I кіші топ — жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар, кемінде 3 жыл некеде тұрған, баласы бар және жұбайлардың екеуінің де жасы 35 жасқа толмаған (бағдарламаға қатысуға өтініш беру сәтінде), оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл қалған ата-ананың бірі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасы.
II кіші топ – I кіші топқа кірмейтін, жоғарыда көрсетілген санаттағы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар.
Қатысушылар арасында жалға берілетін тұрғын үй мынадай мөлшерде бөлінеді:
I кіші топ қатысушылары үшін 50%
II кіші топ қатысушылары үшін 50%

Бұл бағытта баспана 20 жылға жалға беріледі. 20 жылдан кейін өз меншігіне өтеді. Не болмаса 5 жылдан кейін төлем қабілеті болса, баспана сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Құжаттар ХҚКО немесе «egov.kz» электрондық порталы арқылы қабылданады.

 

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағыты бойынша

Бұл бағытта баспана алу үшін жергілікті атқарушы органда кезекте тұру және төмендегі санаттардың біріне кіруі қажет:
— ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар,
— мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар,
— жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер,
— жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,
— оралмандар,
— экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар,
— көп балалы отбасылар,
— толық емес отбасылар,
— мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.
Сатып алу құқығы мен жалдау мерзімі 5, 7, 10, 15 жылға қарастырылған. Төлем қабілеті болғанда, сатып алу құқығына ие. Бұл жүйе арқылы қызмет көрсететін екінші деңгейлі банктер: «Банк ЦентрКредит», «Qazaq Banki». Құжаттар ХҚКО немесе «egov.kz» электрондық порталы арқылы қабылданады.

 

БІЛГЕН ЖӨН

Кезекке тұру үшін қажетті құжаттар тізімі

  • есепке қою туралы өтініш;
  • өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерін не төлқұжаттарын;
  • некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктерінің көшірмелерін;
  • аумақтық әділет органының анықтамасын (өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде меншік құқығында оларға тиесілі тұрғын үйдің жоқ немесе бар екендігі туралы);
  • мекенжай анықтамасы;
  • өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайда алғашқысы оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімін ұсынады;
  • халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжаты;
  • халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесіне соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметті қосымша ұсынады;
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады.
  • жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар осы фактіні растайтын анықтаманы қосымша ұсынады;
  • отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмеген не жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан да көп отбасы тұрып жатқан не отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш берушілер тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

1 пікір

  1. Саламатсызба мен балабакшада жумыс истеймин. Балабакша каржысы респубилканскии бюджеттен аударылады, жарылай жеке деп айтылады. Мен калай,кандай жолдармен уй алаламын. Ипотека аркылы уй алгым келеди.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *