«Медициналық сақтандыру жұмысты жүйелеуге жол ашады»

Қазақстан өркениетті елдер секілді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңын қабылдады. Тұтастай алғанда, құжат азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қарастырады.

Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бірнеше кезеңнен өтіп, әрбір кезең жұмыс беруші мен азаматтардың қатысу үлесін ұлғайтуды қамтитын болады. «Осыған орай, құжатта азаматтарға көрсетілетін  медициналық көмектің екі пакеті белгілініп отыр. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Бұл пакет азаматтардың конституциялық құқығын  қамтамасыз етуді көздейді және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырады. Сондай-ақ бұл көмек түрлеріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларға көрсетілетін  медициналық көмектер Қазақстанның барлық азаматтары мен оралмандарды үшін қолжетімді  болады. Ал екіншісі міндетті медициналық, стационарлық және оны алмастыратын, жоғары технологиялар қолданылатын медициналық көмек түрлерін қамтиды.

Медициналық сақтандыру дегеніміз не? Ол-денсаулық сақтаудағы  халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың  түрі, медициналық көмек қажет болғанда сақтандырылатын жағдай бойынша  науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі  бар. Бұл міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру.

Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты-міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілдендірілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Медициналық міндетті сақтандыру елімізде тамырын жайса, біздің еш ұтылмайтынымыз айқын деген пікірді ұстанушылар көп. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Бұл елдерде медицина жоғары деңгейде дамыған, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 80-85 жас.

Әрине, міндетті медициналық сақтандырудың арқасында біз медицина саласындағы кемшіліктерден арыламыз деп айту қиын. Дегенмен бұл жүйе әлеуеттің әл-ауқатын біршама жоғарлатудың  бірден-бір жолы. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, осы саладағы жұмысты біршама жүйелеуге жол ашады.

Ұ.С.Байділдаева,

Облыстық СПИД орталығының

дәрігер-эпидемиологы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *