Маханбет Жазықбаев, «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының директоры: Ақпан айының үшінші онкүндігінде қарлы және суық ауа райы болады

6 метео шефМаханбет Жазықбаев — облысымыздың бас метеорологы. «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының директоры. Бұл мекеме Оңтүстіктегі ауа райының бет алысын күні бұрын бағамдап, ғылыми дерекке негізделген, дәлдігі жоғары болжам ұсынады. Тек бір тәуліктің ғана емес, бірнеше апта-айға ұзақмерзімді ауа райы болжамын түзеді. Дүлей дауылдың болатынын елден бұрын біліп, хабар береді. Қауіптен сақтандырады. Алдағы  күн райының қалай құбылатынын болжайды. Газетіміздің бүгінгі санында Оңтүстіктегі күн райының хал-аухалы турасында осы саланың білгірі Маханбет Палыбекұлынан сұрап білдік.

— Маханбет Палыбекұлы, әңгіменің әлқиссасын күні кеше Жаңа жылды қар түспеген қара жерде қарсы алғанымыздан бастасақ… 31 желтоқсанда, кейін де қаламызда қар болмады. Бұған не себеп?
— Өткен жылдың соңындағы суықтан кейін біздің өңір Каспий теңізінен келген жылы ауаның ағымында қалды. Мұны Оңтүстік циклоны, деп атайды. Соңы жаңбырға ұласады. Каспий теңізі үстінен жиналған булар бізге жетіп, тауды жағалай Жамбыл, Алматы облыс-тарына өтеді. Жаңа жылда күн райының жылы болуына осы себеп. Оңтүстіктің ауа райына тән құбылыс — алдымен жаңбыр жауып, арты қарға ұласады.
— Қазір облысымыздың қай ауданында қалың қар бар?
— Төлеби ауданының аумағында 1947 метр биіктікте Шуылдақ атты метеостансамыз жұмыс істейді. Ондағы қардың қалыңдығы 49 сантиметр. Бұл метеостанса қаламыздан 70 шақырым қашықта орналасқан.
— Өткен жылдың соңында қаламыздың қақ төбесінен най­зағай жарқылдады. Қыс мезгілінде табиғаттың тосын құбылыс көрсетуін қалай түсіндірер едіңіз?
— Иә. Сөйтті. Кешкісін сыртқа шықсам, аспанда найзағай ойнады. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Қыста найзағай ойнауының себебі, солтүстіктен жеткен суық ауа ағымдары мен Оңтүстіктен келген жылы ауа ағымдары қаламыздың қақ төбесінде кездесті. Содан күн бұлттанып, аспан күркіреп, жай ойнады. Сондай-ақ, биыл Тянь-шань тауларының етегіндегі аудандардан гөрі, Қаратау бөктеріндегі Созақ және Ащысай жерлерінде қар көп жауып, Ащысай ауылына түскен қардың биіктігі 80 смге дейін жетті. Қазір Ащысайдағы қардың қалыңдығы – 42 см.

— Болжам жасауға қиын, яғни ауа райы күрт өзгеретін аудандар қайсы?

— Мұндай аудандарға облысымыздың солтүстік жағы мен таулы аймақтарындағы Төлеби, Бәйдібек пен Созақ жатады Өйткені, о жақтан суық ауа ағымдары мен тау ауасы өтеді. Әсіресе, Созақ ауданының күн райы күрт құбылмалы. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Созақтың Таукент кентінде алапат дауыл соқты. Жолдағы үлкен жүк көліктері аударылып, үйдің шатырлары ұшып кетті. Сондықтан да, Қарағанды, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының түйісетін шекарасына Тасты метеостансасын орнаттық. Ал, Таукентке автоматты метеостанция қойылды. Яғни, о жаққа бармай-ақ, осында отырып онлайн режимде метеопортал арқылы ауаның ылғалдылығы, қысымы мен желдің жылдамдығы, бағыты туралы деректерді білеміз.
— Қазығұрт асуы біздегі ауа райының жай-күйіне әсер етеді ме?
— Иә. Біздің өңірге Оңтүстік циклоны көп келеді. Егер Атырауда жаңбыр жауса, бір жарым тәулікте сол ауа райы бізге жетеді. Өйткені, аралықта ешқандай тау жоқ. Ал, Қазығұрт, Түлкібас және Төлеби аудандары таулы аймақта орналасқандықтан да, бұл аудандардың ауа райына қатысты болжамды жеке бөліп қарастырамыз.
— Көксарай су қоймасының салынуы өңірдің ауа райына әсер етті ме?
— Тұтастай алғанда аз мөлшерде әсер етеді. Себебі, 3 млрд текше метр су айналасындағы мекеннің ауа райына ықпалын тигізбей қоймайды. Байырқұмда агрометеорологиялық бекетіміз бар. Көксарай су реттегіші салынғаннан кейін ондағы ауаның ылғалдылығы, температура көрсеткіштерінің аз да болса өзгерісі тіркелді.
— Оңтүстіктегі жел тармақтары қандай?
— Негізінен солтүстік және солтүстік-шығыстан жиі соғады.
— Қанша мерзімге ауа райы болжамын жасайсыздар?
— Біздің мамандар облыстың алдағы бір, екі, үш тәулік және бір апта мерзіміне болжам жасайды. Ал, ұзақмерзімді болжам Астана қаласындағы «Қазгидромет» орталығымен бірлесіп жасалады. О жақтан мәліметтерді алып, осында түзету енгіземіз. Өйткені, ауа кеңістігінің шекарасы жоқ. Ауа массалары тез алмасып отырады. Қазір облысымыздың барлық аудандарында 14 метеорологиялық стансамыз бар. Әр метеостансада бес қызметкер бар. Олар тәулік бойына жұмыс істейді. Жер бетіндегі құбылыстарды қадағалап, атмосферада не болып жатқаны туралы әр үш сағат сайын деректерді жібереді. Біз ол деректерді Астанаға хабарлаймыз. Спутниктік карта арқылы ауа ағымдарының жылдамдығы мен қай бағытта қозғалғанын тіркеп, біздің облысқа қашан жететінін есептеп шығарамыз.

6 метео на работе
— Облысымызда туристік кластер құру үшін түрлі істер атқарылып жатыр. Біздің табиғатымыз, ауа райымыз бұған сай келеді ме?
— Әрине. Астанада әр облыстағы филиал директорлары жиналғанда әріптестерімнің алдында мақтанамын. Жаратқан Иеміз Оңтүстікке бәрін аз-аздан берген. Тау да, орман да, өзен-көл де, не керектің бәрі бар. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарын алсақ, о жақта өзен ғана бар. Ал, біздің табиғатымыз бай. Әсем жерлеріміз көп. Тау өзендеріне қарап, жаның жай табады. Екі метеостансамыз адам аяғы оңайлықпен жете бермейтін нүктелерде қойылған. Бірі тау басында, екіншісі шөл далада. Біріншісі Шуылдақ туралы жоғарыда айттым. Онда қардың қалыңдығы екі метрге дейін жеткенде, қызметкерлеріміз метеоқұрылғыларға жету үшін қар арасынан қазады. Ал, екіншісі Отырар ауданындағы Қызылқұм шөлінде. Айналасы шеті-шегі жоқ құм. Бес адам жұмыс істейді. Азық-түлігін жеткізіп береміз. Электр генераторлары қойылған.
— Ауа райының алдағы күйін барлап, болжам айтатын жұлдызшылар бар. Солардың болжамы қаншалықты рас?
— Олардың болжамдарын мүлдем жоққа шығара алмаймын. Мысалы, Нұрғабыл Қозыбайды алайық. Қозыбайдың соңғы болжамы еш сәйкес келмеді. Біздер ғылыми деректерге сүйеніп болжам жасайтындықтан, о кісінің болжамын үнемі жазып алып, мамандарына беремін. Өзіміз жасаған болжамдардың қанша пайызға орындалған, не орындалмағанын тіркеп отырамыз. Сол кезде салыстырамыз. Атмосферада тұрақтылық жоқ. Ауа ағымдары үнемі алмасады. 100% сенімділікпен айту мүмкін емес. Қозыбай соңғы берген мәліметінде Жаңа жылда қар борап тастайды, деді. Бірақ, бұлай болмай шықты.
— Қаңтар-ақпан айларына ауа райы болжамы қандай?
— Қаңтар айының алғашқы жиырма күндігінде күрт құбылмалы ауа райы байқалмайды. Күн райы жылы болады. 19 желтоқсанда орыстардың «крещенская мороз» дегені келеді. 15-16 қаңтарда қар жауып, температура біршама төмен түсіп, облыстың таулы, солтүстік аймақтарында -10-15 градусқа дейін суық болуы мүмкін. Шымкент қаласында түн мезгілінде ауа температурасы 0, -4-5 градусқа дейін төмендеп, күндіз плюс температура сақталады. Ұзақ мерзімге келген болжамға қарасақ, ақпан айының бірінші жартысында қатты суық күтіп отырған жоқпыз. Ақпан айының үшінші онкүндігінде қарлы және суық болады, деген болжам келіп отыр. Бірақ, тағы да айтамын, мұның бәрі болжам. Атмосфераның құрамында шекара жоқ. Солтүстіктен суық ауа ағымдары келіп, оларды антициклондар ұстап тұрған кезде ғана қатты аяз сақталады. Біздің айналамыз тау болғандықтан ауа кеңістігіміз шұңқыр іспеттес. Жазда қапырық ыстық ауа апталап тұрып алады. Міне, мұның бәрі де Оңтүстікке қарай ығысып келе жатқан ауа ағымдарының біздегі ауа шұңқырында сақталып қалуынан болады.

— «Gismeteo» және тағы басқа мобилді қосымшалар бар. Онда аудан, тіпті шағын елдімекендердегі ауа райы болжамын көрсетеді. Ақпаратты сіздерден алады ма?
— «Қазгидрометтің» www.kazhydromet.kz сайтындағы мәліметті пайдаланады. Егер бізден тікелей алатын болса, ақысын төлеуіне тура келеді. Сондықтан да «Қазгидрометтің» бүкіл Қазақстан бойынша берілген болжамына жүгініп, мобилді қосымшаларын сайтқа жалғап қояды. Бірақ, интернет арқылы берілген мәліметтің дәлдігі 52%-дан аспайтыны бірнеше рет айтылды. Кейде бес телеарна бес түрлі болжам хабарлайды. Өйткені, олардың әрқайсысы мәліметті әртүрлі сайттардан алады.
— Өзіңіз басқаратын орталықтың жұмысы туралы айтып беріңізші…
— Бүгінде «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалында 198 адам жұмыс істейді. Барлық метеорологиялық стансалар, гидрологиялық бекеттер желісі осыған кіреді. Бұған қоса Ақсу-Жабағалы, Сайрам және Балдыбек атты үш қар өлшейтін бағытымыз бар. Ондағы жұмысшылар қыс мезгілінде әр бес күн сайын 2500 метр биіктікке көтеріліп, қардың тығыздығы мен қалыңдығын өлшейді.
— Мұнда қалай келдіңіз?
— 1986 жылдың жазында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құрлықтағы гидрология» мамандығын бітіріп, «құрлықтағы су инженері» дипломын алдым. «Қазкомгидрометтің» жолдамасымен Шымкенттегі гидромет обсерваториясына жұмысқа орналастым. Қатардағы инженерден басшылық қызметке дейін көтерілдім.
— Орталықта неше бөлім бар?
— Төрт бөлім: метеорология, гидрология, метеоболжам және қоршаған ортаның ластануына мониторинг жасау зертханасы бар.
— Демек, қоршаған орта экологиясын бақылау да сіздердің құзіреттеріңізге кіреді. Қала ауасын ең көп ластайтын не?
— Соңғы уақытта ауаны ав­токөліктерден бөлінген түтін қат­ты ластап жатыр. Қалада лас­тануды бақылайтын 4 бекет қой­ылған. Жексенбіден басқа күндері бақылаушылар түскі және кешкі уа­қытта сол бекеттерге барып, ауаның сынамасын алады. Зертханаға әкеліп, ауа құрамын анықтаймыз. Бұдан бөлек, екі автоматты тіркеу бекеті орнатылды. Бірі — Нұрсәтте, екіншісі Самал шағынауданында қойылған. Бұл екі құрылғы тәулік бойына ауа құрамын тексеріп, қандай да бір ауаның ластануы тіркелсе, мәліметтерді онлайн режимде орталық базаға жібереді.
— «Тәртіп – тәрбиеден» деп жатады. Кімнің тәрбиесінде өстіңіз?
— Әкемнің 64 жасында жарық дүние есігін ашқан перзентімін. Ақыл тоқтатқан, өмірден көрген-түйгені мол асқар тауымның үйреткені көп болды. Кісінің затын ұрламауды, өтірік айтпауды, барды жасырмай айтуға тәрбиеледі. Әке-шешем мен 5-6 сыныптарда оқып жүргенде көз жұмды. Үлкен әпкем Ұлмекеннің қолына өтіп, сол кісінің тәрбиесін көрдім. Әпкем мұғалім еді.

6 метео отбасымен
— Балаларыңыз сіздің соқпақпен жүрді ме?
— Жоқ. Ұлым Бағлан ішкі істер органдарында қызмет етсе, қызым Дариға анасының жолымен дәрігер болды. Бағланымды кішкентайынан өзіммен бірге экспедицияларға ертіп жүрдім. Метеорологияға деген қызығушылығын осылайша оятқым келді. Жан жарым Гүлия екеуміз ұл мен қыздан төрт немере сүйіп отырмыз. Енді сол немерелерімнің бірін өзім игерген мамандығыма баулымақпын.
— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Жәнібек НҰРЫШ

«Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалынын

Метеоболжам бөлімінің телефоны

53-41-04

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *