«Махаббат сусынының» дәмі

Шымкентте алғаш рет италиян тіліндегі қойылым сахналанды. Облыстық опера және балет театрының ұжымы Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсын көрермендеріне тарту етті. Жаңа премьера — Қазақстан мен Өзбекстан өнер саңлақтарының бірлескен шығармашылығының жемісі. Дайындық жұмыстары 9 айға созылған комедияны облыстық опера және балет театры «Астана Опера» театрымен бірлесе сахналаған. Италиян тіліндегі қойылым халыққа түсінікті болуы үшін экраннан орыс тілінде аударма мәтіні көрсетіліп отырды.

XIX ғасырдың 40 жылдарында «Махаббат сусыны» Еуропаның ең үздік операларының біріне айналып, әлемге кеңінен танылған. Қойылым желісінде Неморино деген қарапайым шаруа Адина есімді аруға сырттай ғашық болады. Бірақ сезімін білдіруге жүрексінеді. Адина көпшілікке «Тристан мен Изольда» әңгімесін оқып беріп, өзі дәл сол кітаптағы оқиғаны басынан кешіруді армандайды. Әңгімеде махаббат сусыны жайлы айтылып, оқиға ары қарай Неморинаның сол сусынды іздеуімен өрбиді. Дәл осы сәтте өлкеге Дулькамара тәуіп келіп, жүрегі жаралы бозбалаға «махаббат сусыны» деп кәдімгі шарапты ұсынады. Ол сусынды ішкеннен кейін шаруаның бойында батылдық пайда болады. Шарапты ішкен бойда, жасқаншақ Неморино көңілденіп, дөрекі мінез таныта бастайды. Мұны көрген Адина атастырылған жігітінің көңілін кері қайтарып, Немориноға өз сезімін білдіреді. Бір қызығы кәдімгі шараптың құдіреттілігіне тәуіптің өзі сеніп қалып, барлығына «махаббат сусынын» ойлап тапқаны жөнінде жар салады.
Сүйгеніне қол жеткізуде талай шытырманды бастан кешірген жас жігіттің өмірінен қойылған спектакль көрермендер көңілінен де шыққан сыңайлы. «Музыка тіліне ешқандай аударманың қажеті жоқ» деген көпшілік шет тіліндегі қойылымды әртістердің сахнадағы қимылынан-ақ түсінгендерін жеткізді.

Спектаклдің музыкалық және көркемдік жетекшісі — Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер А. Бөрібаев.

Премьерада бір орында тұрып ән салу жоқ. «Астана Опера» театрының режиссері Наталья Кагадийдің режиссерлік шешімімен сахналанған қойылым көп қозғалыстан құралған. Бас партияларды орындаушылардың екеуі арнайы Өзбекстан Республикасынан шақыртылған.

Осылайша театр қоржыны тағы бір шығармамен толықты. Театр басшылығы алдағы уақытта бұл спектакльді қазақша аудармасымен де сахналайтындарына уәде берді.

Жәнібек Тағаев, облыстық опера және балет театрының директоры:
— 2016 жылы жаңа премьера қоямыз деген жоспарымыз болған. Бұл Доницеттидің «Махаббат сусынын» облыстық опера және балет театрының оркестрі сүйемелдеді. «Екі рет сахналаймыз» деп жоспарлап отырмыз. Екіншісі келер жылдың қаңтар айына белгіленген.

Руслан Гафаров, Өзбекстан мемлекетінің еңбек сіңірген әртісі:
— Бұл — Шымкенттегі екінші спектаклім. Бірінші келгенімде Джузеппе Вердидің «Риголетта» операсында бас партияны орындадым. Бұл жолы да Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсында бас партияны орындауға келдім. Шымкент халқы маған өте қатты ұнайды. Өйткені, шымкенттіктер кең пейілді адамдар. Ерекше ұнайтыны сол, қала халқы операны қатты жақсы көреді. Әрдайым кішпейілділік танытады. Бұл спектакль театр қоржынын жақсы бір толықтыру болады деп сенемін.

Наталья Кагадий, Астана-Опера театрының режиссері:
— Классикалық италиян мәдениеті стиліндегі қойылым болып отыр. Орындаушылардың бәрі италиян тілінде,яғни түпнұсқа тілінде жұмыс істейді. Қазір әлемде түпнұсқа тілінде орындау тәжірибесі кеңінен қолданылады. Мұндағы мақсат – кез келген театр өзара солисттер алмасуына болады. Сондықтан да әр театр үшін осы тиімді. Соның бір жемісі, мұндағы театрға басқа театрлардан солис-тер шақырылып, келіп отыр. Осылайша, тілдік кедергі жойылады.

Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *