Мақта егу технологиясын түбегейлі ауыстыруымыз қажет


Risunok7Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы «Ұлт жоспары- бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» практикалық кезеңінің орындалуы жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Ол баяндамасында үшінші реформа, яғни индустриялды және экономикалық өсім бағыты бойынша өнеркәсіпті дамытудың төрт бағытын ұсынды. 

Оның біріншісі — «Оңтүстік» Арнайы Экономикалық Аймағында тоқыма кластерін қалыптастыру. Бүгінде өңірімізде өсетін мақтаның тек 35 пайызы ғана өңіріміздің тоқыма кәсіпорындарда өңделеді екен. Дегенмен облыс әкімі «бұл көрсеткішті 2020 – жылға қарай 90 пайызға жеткізуді және ақ алтынның көлемін 54 пайызға көтеруді көздеп отырмыз. Сонда оңтүстікте өндірілетін мақта 420 мың тоннаға жетеді»,- деді.
Ақ алтынның өнімділігін арттырар болсақ, Мақтаралдағы мақта шарушылығына біраз өзгерістер енгізу керек секілді.
Неге Мақтарал? Иә, бүгінде республикамызда өндірілетін мақтаның 80 пайызы оңтүстіктің түстігіне тиесілі. Сол себепті, негізгі жұмыстар Мырзашөл өңірінде атқарылатыны түсінікті. Бірақ, Асқар Мырзахметов облысымызды басқарып тұрған тұста, егістікті әртараптандыруды қолға алып, мақталы өлкедегі шаруалардың дені бақша дақылдарымен жеміс-жидекке көшкені баршаңызға аян. Қазіргі таңда, Мырзашөл өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 136 мың гектарды құраса, соның 83 мың гектары ғана мақта өсіруге арналған алқап. Яғни, шитті мақта егісінің көлемі бұрынғысынан анағұрлым төмендеп отыр. Десе де, «мақта алқабын қысқартты» деп, Мырзахметовке кінә таға алмайсыз. Асқар Исабекұлы ауылшаруашылығының маманы ретінде ондаған жылдар бойы тек ақ алтын егіліп келген жерлердегі егістікті ауыстыру арқылы, Жер-Ананы тынықтыруды мақсат тұтты. Және де бұл дұрыс бастама болды. Оның үстіне, Мырзахметов мақта алқабын қысқартқанымен өнімділікті арттыруды көздеген болатын. Бүгінгі Бейбіт Атамқұловтың да айтып отырғаны осы. Күні кеше Мырзашөл өңіріне арнайы келген ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің экс-министрі Асылжан Мамытбеков те мақтаның өнімділігін гектарына 40-45 центнерге дейін көтеруді айтқан болатын. Яғни, мақсат айқын. Бірақ, сол жоспарға қалай қол жеткізген дұрыс? Қайтсек біз ақ алтынды гектарынан 40-45 центнерден жинаймыз? Бәлкім, таулы аймақтарға егіліп жатқан бақша дақылдары секілді, мол өнім беретін жоғары сапалы мақта тұқымын шетелден алдырармыз? Нақ осы сауалды «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми — зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры, ауылшарушылығы ғылымының докторы Ибадулла Үмбетаевқа қойдық.
— Биыл облысымыздағы кейбір шаруа қожалықтары түрік пен қытайдың жоғары сапалы мақта шитін алдырды. Нақтырақ айтқанда, Түркиядан 20-25, Қытайдан 80 тоннадай тұқым әкелінді. Алайда, ол тұқымдардың біздікінен мынадай артықшылығы бар деу қиын. Ол жақта да, шиттерді біздегідей институттар мен арнайы компаниялар өндіреді. Қазір аспанасты елінде негізінен генін ауыстырған, яғни «генетический модифицированный» мақта егіледі . Әлемде мақта өсіретін елдердің 65-70 пайызы «генетический модифицированный» мақтаға ауысып, өнімділікті арттыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Бірақ, одан тоқылған матаның, басқа да өнімдердің адам тәніне қаншалықты зиян екенін әлі ешкім білмейді. Оны келешекте көрерміз. Ал, біздікі органикалық таза мақта.Сондықтан, көптеген мемлекеттер қайта органикалық мақтаға өтуге әрекет жасап жатыр,-дейді Үмбетаев.
Десе де, біздің шаруалар ақ алтынды гектарына 30 центнерден алса, басындағы бөркін аспанға атары анық. Қазір мақтаның өнімділігі гектарына орташа есеппен 20-25 центнерден түсіп жатыр. Өнімділікті арттыру үшін не істемек керек?
«Біз мақтаның гектарынан 45-50 центнерден өнім аламыз десек, егу технологиясын мүлдем өзгертуіміз қажет. Қазір біз мақтаны 40-50 жыл бұрынғы Кеңес одағы кезінде қолданылған тәсілмен егіп жатырмыз. Ол кезде, Кеңес үкіметін осы қазір біз алып жатқан 25-26 центнерді қанағат тұтқан. Ал, бізге жаңа технологияға көшу қажет. Түркия мен Қытайдан келген мақта шитінің біздікінен айтарлықтай артықшылығы жоқ. Ол жақтарда тек егу технологиясы басқа. Мәселен, көрші Қытайда ақ алтынды еккенде, біз сияқты жүйектердің арасындағы алшақтықты 90 сантиметрден емес, 45 сантиметрден қалдырады. Соның арқасында, оларда гектарына 220-230 мың көшет шығады. Бізде бұл көрсеткіш 120 мыңнан аспай отыр. Сөйтіп қытайлар түп санының есебінен мол өнім алып отыр»,-деді Ибадулла Изатуллаұлы.
Дегенмен, шитті мақтаны егу техникасын күні бүгінге дейін Мақтаралдық шаруалар шет елдерден алдырып келді. Мәселен, «селка», «культоватор» секілді мақтаға қажетті трақтордың саймандары өзбек елінен шығады. Ал, қазір мақташылар негізінен қолданып жүрген «Беларус-80» тракторының Беларуссияда құрастырылатыны баршаңызға аян. Сол тракторлардың артқы үлкен доңғалақтарының ені 80 см шамасында болады. Яғни, бұл ұсынысты жүзеге асыру оңай шаруа болмайын деп тұр. Себебі, бізге қажетті ауылшаруашылығы техникаларының барлығы да импортталады. Сондықтан, Үмбетаевтың ұсынысын іске асыру үшін біз өзбек пен беларуске арнайы тапсырыс береміз бе? Әлде жаңа техниканы Қытайдан алдырып, тағы да техникалық тәуелділікке түсеміз бе? Бәлкім өзіміздің өндіріс орындарымызда шығарамыз? Бұ сауалдарға жауап тауып, жүзеге асыру өңір басшылығы үшін оңай болмайын деп тұр.

P.S. Айтпақшы, Ибадулла Үмбетаев басқарып отырған «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми — зерттеу институты» шитті мақтаның өте сапалы, мол өнім беретін жаңа түрін шығарғанын айта кеткен жөн. Қазір жаңа тұқым сынақ алаңынан өтіп жатқан көрінеді. Егер бәрі ойдағыдай болса, 2018 жылға қарай қолданысқа шығармақ. Институт жасаған жаңа тұқым біз жоғарыда айтқандай мақтаны гектарына 45-50 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді екен.

Арай ЕСЕНБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *