Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары: «Ата дәстүрді теріске шығару шала білімге ие болғандардың ісі»

Соңғы кезде қоғамда ислам діні бойынша ілім алғандардың арасында жылдар бойы ата-бабадан келе жатқан дәстүрімізге қарсы шығу, сәлем салуға тиым салу сияқты жәйттері кездесіп жатыр. Яғни, қайсыбір жастар дәстүрді шариғатта жоқ деп айыптап, ата-анасының да айтқандарына құлақ аспауда. Осындай түсініспеушіліктердің аражігін ажыратып алу үшін Оңтүстік Қазақстан облысындағы орталық мешіт имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровпен сұхбаттасқан едік.

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары

Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары

– Мұхамеджан Жамантайұлы, жалпы қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қаншалықты қайшы келеді?

– Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-құлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін термин.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.

– Дін мен дәстүрді бөлектеп, «бүйректен сирақ шығару» қайдан шықты?

– Әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көз жеткізді.

Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі.

Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хужурат сүресі, 13-аят.). Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін тану үшін бөлген. Бір-бірін тану арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін тану арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі – бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.

Адамзаттың Алла Тағаланың алдындағы ең қадірлі тобы болып саналатын мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт-ұлыстардан құралған. Пайғамбар (с.а.с.) арабтан болып, Құран арабша түсті дегенмен мұсылмандардың барлығы арабтар емес. Керісінше, қазірде арабтар мұсылмандардың азғантай бөлігі болып саналады. Әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар десек, соның үш жүз миллиондайы ғана арабтар. Ал бір Үндістанның өзінде үш жүз миллионға жуық мұсылман бар.

Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының діні, танымдық тұғыры бір болғандықтан салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келеді. Өйткені бәрінің наным-танымы Құран мен хадиске негізделген.

Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді.

Мұсылман халықтарының салт-дәстүрлерінің бәрі бірдей шариғат шарттарына сай келе бермейді. Олардың арасында надандық дәуірден қалған, мұсылманшылықпен қабыспайтын сарқыншақтар да болуы ықтимал.

– Бүгінде дәстүрді теріске шығарып, түрлі ағымның жетегінде кетіп жатқандардың саны артуда. Адасушылардың дені жастар болуының себебі неде?

– Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жас-тар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің басты себебі діни білімге ие болғандардың шала сауаттылығы немесе албырттық көңіл-күйлері. Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.

– Жастар ғана емес, діндарлардың өзінде адасушылық бар секілді. Бұған не дейсіз?

– Дін саласында тәжірибелі, білімді деп есептелетін кейбір діндарлардың өзі дінге болысудың жөні осы екен деп, қазақша бірдеңе жазғанда араб, түрік сөздерін қаз-қалпында жазады. Мысалы, қазақтар Жүсіп, Жақия, Жүніс деуге үйренген әу баста бар есімдерді араб тіліндегі қалпында Юсуф, Яхия, Юнус деп береді. Осындай қылықтары арқылы олар екі түрлі қателікке бой алдырады. Біріншісі – дін мұратын жаңсақ түсіну. Ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға, әрбір тілдің табиғи заңдылықтарын мансұқ етуге мүлде шақырған емес әрі шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен қалыптасқан заңдылықтарының сақталуына ерекше мән береді. Олардың екінші қателігі өз халқының тарихы мен ділінен, тілі мен рухани әлемінен бейхабар болуы. Сондықтан ұлтымыздың генетикалық жадында ғасырлардан бері сақталып келе жатқан өзіндік болмысын, дәстүрі мен мәдениетінің тамырына балта шабады. Қазақ тіліне араб не түрік тілінің заңдылықтарын әкеп тықпалап, таза қайнарының тұнығын лайлайды. Сөйтіп, қазақ тілінің емлесі мен грамматикасына «ерекше жаңалық» енгізгісі келеді. Әрі соларын үлкен абырой, білімпаздық деп таниды. Бұдан асқан бірбеткейлік жоқ. Діннің шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыпты, тілдік ерекшеліктерді теріске шығармайтынына қарамастан, оларды мансұқ етуге тырысу нағыз мәңгүрттің әрекеті. Сондайлардың қазақ ақын-жырауларының діни тақырыптағы өлеңдерін «өз емлелеріне», «сенімдеріне» сай етіп өңін өзгертіп жазатындарына да куә болып жүрміз. Алла Тағала оларға тура жол, тереңірек білім нәсіп етсін.

Шариғаттан мардымды мағлұмат болмағандықтан әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланысты тереңірек түсіндіруге қауқары жоқ. Нәтижесінде алғашқысына басымдық беріп, екіншісін төмендетеді. Мұндай қасаң пікірлердің ғұмыры қысқа. Себебі, адамдардың діни сауаттылығы артқан сайын айтушыға деген талап та күшеймек.

– Жат пиғылды ағымдардың ықпалы ма, салт-дәстүрімізде дінге қайшы келетін тұстары көп дейтіндер табылатын болды. Мәселен, беташар, сәлем салу секілді жөн-жоралғылардан бас тартқысы келеді. Бұған не айтар едіңіз?

– Беташар – некені жария ету дегенді білдіреді. Шариғат заңдары бойынша некенің бір парызы жария ету. Ал келіннің сәлем салуы — құрмет, кішіпейілділік, қайын атасы мен қайын ағаларына, апа, енелеріне сәлем беруі, амандасуы, әсіресе келін өз орнын біліп жүру деген мағына.

Иіліп сәлемдесуге ешбір көрнекті ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу – Алла Тағалаға серік қосуға жатады, яки, тозақта азапталасыңдар» деген тәрізді иіліп сәлем беруді қатты ескертіп келген сахихты былай қойғанда, әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ. Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме? – деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Жоқ», – деді. Ал қолын алып амандаса ма?- деді. Пайғамбарымыз: «Иә», – деп жауап берді. Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын білдірмейді. Олай дейтініміз, біріншіден, бұл хадис сахих емес. Хадистің дұрыстық дәрежесіне байланысты ғұламалар әртүрлі пікір білдірген. Хадис ғалымдары әт-Тирмизи бұл хадисті келтіргеннен кейін оған «хасан» деп баға берсе, Ахмад ибн Ханбал «әлсіз» деген. Хадисті риуаят етушілердің арасында Ханзала ибн Убайдуллаһ деген кісі бар. Ал ол кісі «әлсіздердің» қатарына жатады. Келіннің отбасындағы қызметі мен әдептілігінің белгісі, ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Бет-ашар кезінен бастап сәлем салу басталады. Сәлемді ата-баба салтымен иіліп немесе тізесін бүгіп салады. Ал сәлемге ие болған адам: – «Бақытты бол, балам!» – деп ықыласын білдіреді немесе қарт аталар мен аналар жас келіннің маңдайынан иіскеп, бақыт пен берекет тілейді. Жас келін бір үйдің берекесін кіргізетін болашақ ана болғандықтан, ата-ене үйлі-жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады.

– Сол сияқты келін түскенде немесе баланы бесікке салғанда адыраспан тұтатып жатамыз. Бұл қаншалықты дұрыс? Дініміз бұған не дейді?

– Жалпы, адыраспанның діни тұрғыдан ешқандай орны жоқ. Басқаша айтқанда дінге қатысы жоқ. Бірақ медицина жағынан дезинфекция ретінде пайдалы екені айтылады. Діни ритуал ретінде емес, дезинфекция ретінде қолдануға болады. Шөптерден дәрі-дәрмек жасауға және тұмау болған кезде тұтатып пайдалануға болады. Алайда, адыраспан пәле-жаладан сақтайды деген көзқарас болмауы қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – А. Керімбайқызы

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *