Мұрат Тағаев, «Ордабасы Құс» ЖШС директоры: Күркетауық өсіру – босаңсуға жол бермейді

«Ордабасы құс» ЖШС өндіретін күркетауық етін бүгінде көршілес елдер таныды. «Дәмді ет» деген сауда белгісімен шығарылатын күркетауық етінің қаптамадағысы, ысталғаны, тіпті шұжығы дәмі тіл үйіреді. Экспортқа өнім жөнелтетін кәсіпорын әлемдік нарықта технология және сапа тұрғысынан бәсекелес болуға дайын. Мұның бәрі Тәуелсіздік алған 25 жылда төккен тер, еткен еңбектің нәтижесі. Дегенмен, табысқа жетудің жолы оңай болмаған. Бүгінгі кейіпкеріміз күркетауық саласын дамытуды қолға алған оңтүстікқазақстандық азамат — «Ордабасы құс» ЖШС директоры – Мұрат Тағаев. Құс өсіру саласының майталманы күні кеше ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алды. 500-ден астам кәсіпорын қатысқан байқауда алға шығып, жүлделі орынға ие болды.

Мұрат Құлмырзаұлы зауыттың жобасы жасалып, іргетасы қаланған күндерден осы тірліктің басы-қасында жүрген азамат. 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде құс өсірумен айналысқан хас шебер. Сондықтан болар, әрбір қиындық, әрбір жеңістің қадір-қасиетін біледі. Алған марапаттың да құндылығын бағалайды. Ал, тәуелсіздік ұғымы бұл азамат үшін тіпті құнды.

– Шындығында, алғашқы жылдары бұл сөздің мағынасын, пайым-парасатын түсінген жоқпыз. Ал, тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Қазақстанды танымайтын ел жоқ. Ұлт басшысын білмейтін халық кемде-кем. «Қазақстан», «Назарбаев» деп танып жатады. Бұған жұмыс барысында алыс-жақын шет мемлекеттерде болған іссапар кезінде көз жеткіздік. Сондай-ақ, өзге елдермен салыстырғанда Қазақстан экономикалық дамуында әсіресе, «Жаңа үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында өндірістердің технологиялық тұрғыдан дамуында көш ілгері екенін байқадық. Мәселен, халықаралық бәсекеде біздің шығарып жатқан өнімдеріміз жауап бере алады. Күні бүгінге дейін күркетауық өндіріс дамытуда сапа, технологиямызды саралағанда талай жүлделер алдық. Халықаралық деңгейде де алдыңғылардың қатарына ілікті. Дегенмен, бұл жолғы «Алтын сапа» байқауында Елбасының бағасы өзгесінен әлдеқайда жоғары тұрады. Себебі, өз еліңді өзің өндірген өнімнің бағалануы бір бөлек.

Иә, бұл қарапайымдылық деген текті қасиетті ұстап тұра алатын жанның ғана қолынан келетін, парасатты жанның ойтүйіні болар. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін іргетасы қаланған өндіріс қазір жылына 10 мың тоннадан астам күркетауық етін шығарады. Шет елдерге экспортталатын құс етінің 40 пайызы да осы зауытқа тиесілі. Ал, мұндай биікке жетудің өз тарихы бар.

– Күркетауық етін өндіру идеясын айтқан Қазақстанның бірінші премьер-министрі болған ағамыз, әрі жерлесіміз С.А.Терещенко. Облысты басқарып тұрған кезде күркетауық етінің денсаулыққа өте тиімді екенін айтып, құс фабрикасын салуға бет бұрды. 1998 жылы жобасы жасалып, ұңғыма да қазылды. Ал, 1990 жылдары Кеңес дәуірі ыдырады. Бұл кезде мұндай жобаны іске асырмақ түгілі, өзіміз жұмыс жасап тұрған мекемені сақтап қалу қиын еді. Мен ол кезде «Қайнар құс» фирмасының директоры едім. Оның үстіне бұл істің басы-қасында өзге адамдар жүрді. Содан кейін тәуелсіздік алдық. Тәуелсіздіктің жемісі — шет мемлекеттерге шығуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Жобаны іске асырудың сәті түсті де жан-жақты іздене бастадық. Бүкіл Еуропаның қалаларындағы құс шаруашылығын дамытудағы жетістіктерін зерттедік. Өз көзімізбен көріп те қайттық. Соның ішінде, ойда жүрген күркетауық өндірісінің дүниежүзілік нарықтағы жетістігі үлкен екендігін бағамдадық. Германияның Ганновер және Голландияның Утерхт қалаларында әр жылы кезек-кезек құс шаруашылығының дүниежүзілік көрмесі өтеді. Онда ғалымдар келеді, жаңа технологиялар көрсетіледі және жетістіктері, тәжірибелерін бөліседі. Осы көрмеге қатысып, елімізде күркетауық өндірісінің келешегі бар екендігіне көз жеткіздік. Елге келген соң Алматыда бірнеше азаматтар бар, осы кәсіпті қолға алуды мақсат еттік. Құс шаруашылығының ардагері, ұстазым Әбілқасым Досболов және С.А.Терещеномен ақылдастық. Нәтижесінде 2008 жылы «Ордабасы құс» ЖШС-ін құрдық. Әу баста, жоба шағын, балапан аштырып, құсханада 5-6 мыңын асырап, етін өткіземіз деп ойлаған едік.

Дегенмен, Қазақстан 2007-2009 жылдары үлкен дағдарысты бастан өткізді. Аяқтан тұрып, кәсіпті дамытам дегендердің өзі абдырап, не істейтінін білмеді. Сол кездегі кәсіпкерлерді тығырықтан шығарған Үдемелі индустриялдық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама болды.

– Елбасының бұл көрегендігін әлі күнге дейін айтып жүремін. Дағдарысқа қарсы күресте жаңа бағдарлама дүниеге келді де, жоба аясында ауыл шаруашылығына ұлттық қордан 1 млрд теңге бөлінді. Бірақ, оған жаңа жобалар қатысады екен. Оған үлкен кезеңдерден тұратын байқау ұйымдастырды. Байқауда жеңгендер «ҚазАгро» Ұлтық холдингінің еншілес кәсіпорны «Қазагроқаржы» АҚ арқылы несие алады. Дағдарыс кезін тығырықтан осы қаржы институтынан алған ақша арқылы шықтық.

Бүгінгі күні, «тығырықтан мемлекеттен берілген қаржы құтқарды» деп айту оңай. Жылқы, қой етін жеп үйренген қазақты күркетауық етіне үйрету қалай болады екен. Жобаны қорғап шығу оңай болмаған. Өйткені, Қазақстанда күркетауық етін жейтіндер жоқтың-қасы еді. Ал, оның келешегінің бар екендігін Мұрат Құлмырзаұлы табанды мінезімен дәлелдеді.

– Жобаны қорғау 2009 жылдың көктемінде басталды да, үш кезеңнен тұрды. Істің басы-қасында тікелей өзім жүрдім. Айлап Астана қаласында жаттық. Себебі, бұл үлкен жоба әрі күркетауық еті деген жаңа жоба. «Қазагро» Ұлттық холдингінің басқарма мүшелері, «Қазагроқаржы» АҚ-ның басқарма мүшелері, қоғамдық басқарма мүшелерінің сынағынан өттік. Құралған коммисия мүшелерінің бізге сенімсіздігі байқалды. Менде шегінуге жол жоқ, екіншіден бұл саланы білетініме, технологияны меңгергеніме толық көзім жетті. Құжаттар туралы айтпай-ақ қояйын…
Соңғы бір сынағында бір комиссия мүшесі: «Сенің бұл етіңді кім жейді?» деген сұрақ қойды. Сонда эмоцияға беріліп, қаттырақ сөйлеп жібердім. «Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл құстың еті жоқ. Ал, америкалықтар жан басына шаққанда жылына 15 келісін жейді. Еуродақтағы елдер — 10-12 кг, израилдықтар — 17 кг жейді. Сонда, олар күркетауық еті жаман болса, қалай жейді?»- дедім. Бұдан кейін, өзге сауалдар болған жоқ. Наурыз айында келгеннен қыркүйекте жобаны қорғап, қайтқан жайым бар.
Қазір Қазақстанда біздің есеппен алғанда жан басына шаққанда күркетауық етін тұтыну жылына 1 келіге жеткен жоқ. Біздің бағытымыз холестеринсіз, дәрумені көп, ағзаға тиімді етті қазақстандықтар жылына кемінде 2 кг пайдаланса екен дейміз.
Елімізде құс етінің 51 пайызы сырттан тасымалданады екен. Мәселен, ол пәленбай жылдық тауық еті. Неге халыққа өзіміздің таза күркетауық етін пайдаланбасқа? Бізде азықтық жемдер: бидай, жүгері, өзімізден. Израилде құрама жемнің 100 пайызын өзге елдерден сатып алады. Сөйте отырып, жылына 100 мың тонна күркетауық етін өндіреді. Бізде, ол енді ғана 10 мың тоннаға жетті.

«Ордабасы құс» ЖШС қазіргі таңда 400-ден астам ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Оның 80 пайызы жастар. Ал, 40 пайызы қыз-келіншектер. Құс шаруашылығы саласын дамытуда зауытта маман таңдауда басшы қиналмаған. Мұның өзіндік құпиясы бар.

– Құс саласында қанша жылдық тәжірибем болғанымен, күркетауық өндірісімен теориялық тұрғыдан ғана таныспын. Тәжірибе, білімді дамытудың арқасында жеттік бұл күнге. Құсты өсіру, жеткізу, етін терең өңдеудегі білімімді әлі күнге дейін жастармен бірге жетілдіріп келемін. Бұл жобада сәтті шыққан дүниелердің бірі – мамандарды дұрыс таңдай алғанымда. Құс зауытын салып жатқанда – колледж, жоғарғы оқу орнын бітірген зоотехник, ветеринария, техникалық саладағы жұмыссыз жүрген ауыл азаматтарын тарттық. Оларға келешекте жақсы маман болғың келсе – алдымен қарауыл боласың, арғы күні бетон құясың, қондырғы жинайсың. Сосын барып, тәртіппен електен өткізіп, байқаудан өтесің дедік. Сол мамандар қазір өз ісінің шеберлері. Бас зоотехник, бас мал дәрігері, цех басшылары сол азаматтардың ішінен шықты. Алдымен, осы жерден тәжірибе жинады, шет мемлекеттерде оқыды. Осындай жалынды жас мамандарымның арқасында күркетауықтың қыр-сырына қанықтық, база жасақтадық. Маман таңдаудағы бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

Күркетауық – бір ешкінің етін береді деген сөз бар. Расында, бір күркетауықтан 20 келіге дейін ет алуға болады. Бастысы, оның еті – денсаулық үшін таптырмас пайдалы азық. Оны азық талғамайды, өсіру оңай дейтіндер қателеседі.

– Күркетауық өндірісі – құс шаруашылығында ең күрделі сала. Себебі, ең нәзік балапан – күркетауықтың балапаны. Оған жағдай жасау — жас баланың күтімінен де қиын. Азығы сапалы болмаса, өсіріп-дамытамын деу әбестік. Қазіргі кезде өндіріс орны қажетті алдыңғы қатарлы технологиялармен толық қамтылған. Өндірісті дамытуда ұтқан тұсымыз, жетістігіміз десе де болады — жейтін азықтық жемнің өзімізден шығатындығы. Құрама жем шығаратын өндірістің жанынан зауыт аштық. Оның өзінің құрамы байытылған, граммдап, санап, отырып, құстарды азықтандыруда мамандар күнделікті жұмыс жасайды. Бұл күрделі әрі қызықты сала. Себебі, ешуақытта босаңсуға уақыт бермейді. 24 сағат оларға жағдай жасау қажет. Орысшалап айтқанда «боевой формада» жүруді талап етеді.

Әңгімелескен Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *