Мұрат ТАҒАЕВ, кәсіпкер: «Бұл өмірде бақыт пен берекенің кілті – адал еңбекте…»

Бұл тәкаппар дүние оған оңынан бұрылып қарағандай. Жаратқан жар болып, өмір нәрін сыйлады. Аға-бауырдан, туған-туыстан кенде қылған жоқ. Ержетті, оқыды, білді. Өз күшімен тыраштанып еңбек қылды. Отбасын құрды. Артында қаулап ұрпағы өсіп келеді. Мансап қумады. Бірақ қайда жүрсе де қызу жұмыс, алапат еңбек оны өзі іздеп тұрды. Шүкір дейді, бәрі бар онда. Бедел де, бақыт та.

Мұрат ТАҒАЕВ, кәсіпкер

Мұрат ТАҒАЕВ, кәсіпкер

Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз Қазақстан құс өсіру саласының құрметті қызметкері, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, өңірлік кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы, осы ауданның «Құрметті азаматы», кәсіпкер – Мұрат Тағаев. 1955 жылы Қазығұрт ауданында дүниеге келген азамат биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Өмірінің 40 жылға жуығын құс шаруашылығына арнаған азамат бүгінде тірлігін түлетіп, биіктің белесіне көтерілген. Ердің атын еңбек шығарады демекші, қашанда тынымсыз тіршілік етіп, айтарлықтай жетістікке жеткен Мұрат Құлмырзаұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мұрат Құлмырзаұлы, биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр екенсіз, құттықтаймыз. Қарап тұрсақ алпыс деген аз жас емес. Айтыңызшы, өмірден не түйдіңіз?

– Өмірден түйгеніміз көп. Біздің әжелеріміз, аталарымыз «үш ғасырдың куәсі болдық» деп айтып жатады. Заманның ағымы шығар, біз де 2 ғасырдың куәгері болып отырмыз. Бұған да мың да бір шүкір. Осы уақыт аралығында аталарымыз ғасырлар бойы аңсап жете алмай кеткен тәуелсіздіктің таңы туды. Егемендікпен бірге үлкен өзгерістер келді. Достарды арттырдық деуге де болады. Сонымен қатар біразын жоғалттық. Нарық жағдайы болған соң ба, бір достар бар сіздің жағдайыңыз жақсы болса тығыз қарым-қатынаста тұрғысы келеді. Бір достар бар, сіздің жағдайыңыз қиындаса алыс-тап кетеді. Сондықтан бұл жерде де достардың шыңдалуы пайда болды. Бірақ менің арттырған достарым көп. Достардан бөлек өмірлік ұстаздарымды таптым. Кәсіпкерлік саладағы оқып үйренетін әріптестерді арттырдым. Заман күн санап өзгеріп жатқан уақытта шыдамды, сабырлы болуды үйрендім.

– Сізді жұртшылық құс шаруашылығының нағыз маманы ретінде жақсы таниды. Соңғы кезде күркетауық өндірісін де жолға қойып келесіз. Осы саланы бастауыңызға не түрткі болды?

– Сонау 1991 жылдары оңтүстікте күркетауық өндірісін дамытуды Қазақстанның бірінші премьер-министрі болған ағамыз әрі жерлесіміз Сергей Александрович Терещенко бастаған болатын. Ол өзі облысты басқарып тұрған кезде күркетауық құсының етін өте ағзаға өте тиімді екенін айта отырып, құс фабрикасын салуға бет бұрды. Фабрика салына бастағанда Кеңес Одағы тарады. Тек алғашқы қазылған құдық қалды, одан кейін бәрі жекеге кетті. Осы кезде Сергей Александрович мені және менің өмірлік ұстазым, облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболовты шақырып алып, өзара кеңестік. Сөйтіп ақылдасқан түрде бұл жұмысты ары қарай алып бару маған жүктелді. Біраз жылғы тәжірибемнің болуының арқасында құс шаруашылығы қайта қарқын алып, жұмыс жанданды. Қазір өздеріңіз көріп жүргендей, біздің өнімдер тек Қазақстанға емес, әлемдік нарыққа да шығып отыр.

– Елбасы өңірімізге жасаған сапарлары барысында міндетті түрде сізбен жүздесіп, жағдайыңызды сұрап тұрады. Ол кісімен тығыз араласып тұрасыз ба?

– Өндірісте қиын қыстау кездер туындаған уақытта Елбасыға барып, көмек сұрайын деп шештім. Сөйтіп қабылдануына сұранып, ол кісімен жолығудың сәті түсті. Әрине кірер кезде қобалжу болды. Бірақ ол кісі мені жылы қабылдады. Орнынан тұрып, біздің қатарға келіп отырып, «Ал енді, Мұрат, әңгімеңді бастай бер, ауылда не жағдай қалай?» дегеннен кейін, мен өзімді еркін сезінгенім рас. Ауылдың жағдайын айттым. Сол кезде ол менің әр айтқан сөзімді мұқият қағазға түсіріп отырды. Бұл 15 жыл бұрын болған жағдай. Соның арасында ауылдың жағдайына қызығып, бір сағат бойы әңгімелесіппіз. Мен ойлаймын, тәуелсіздіктің, бірліктің, еліміздің дамып келе жатқаны тікелей ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен саясаты мен көрегенділігінің арқасында. Президентпін демей, тегімді айтпай, атымды атады. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды.

Ұлық адамның басты қасиеті кішік болуында. Елбасына қарап мен осындай ой түйдім.

– Қиындықты қалай жеңесіз?

– Қиындықты тек қана еңбекпен, шыдамдылықпен ғана жеңуге болатынына көзім жетті. Адам қашан да еңбек ету керек. Әрі бүгінгі күнмен тоқтап қалмай, алға жылжи беру қажет.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Мен үшін ең басты мәселелердің бірі отбасындағы тұрақтылық. Себебі келешек ұрпағыңызды жалғастыратын ұл-қыздарыңыздың ары қарай өсіп-өнуі үшін алдымен отбасыдағы ынтымақ пен тұрақтылық қажет. Сол балаларға сіз не көрсетесіз, қалай тәлім-тәрбие бересіз, олар өмірге солай бейімделеді. Екінші кезекте, көп уақытымды қызметте, ұжыммен өткізгеннен кейін, сол қызметкерлермен пікір алмасып, тығыз қарым-қатынаста болуға көңіл бөлемін. Себебі, әр отбасында әр түрлі жағдай болады. Соларды түсіне отырып, түсіндіре отырып, қолымнан келгенше тікелей дем беруге тырысамын. Жағдай жасауға көзқарас білдіремін.

Сонымен қатар, өмірде қандай да бір жетістікке жетудің жолы жұмыстағы принципшілдік, талапшылдық, өзіңе талап қою деп ойлаймын.

«Бұл өмірде бақыт пен берекенің кілті – адал еңбекте...»

– Сіз үшін ең үлкен жетістік деп нені айтар едіңіз?

– Өндірісті ең қиын кезде іске асырып, оны ары қарай жүргізу болды деп айтар едім. Мамандығым зоотехник болуына қарамастан сол өндірістің басы-қасында жүріп, құрылысшы да болдым, есепші де болып көрдім. Сондай-ақ экономист, технолог, заңгерлікті қатар алып жүрдім. Аз да болса біраз тәжірибе жинадым.

Екінші менің жеткен жетістігім, ұл-қыз тәрбиелеп, олардың бәріне қолдан келгенше білім алуларына ықпал жасадым. Одан кейін олардың отбасын құрып, ары қарай өмірден өз орындарын табуына қол ұшын бергендігім дер едім.

– Қазіргі заманда халық бақыттың кілті байлықта деп түсінеді. Сіздіңше бақыт деген не?

– Мен байлықты ақшамен есептемеймін. Менің байлығым, бақытым бүгінгі күнгі осы елдің ортасында жүріп, қызмет етіп, өзімнің құрбы-құрдастарым, үлкен азаматтар, ағалардың арасында жинаған менің азаматтық беделім деп ойлаймын. Оған шүкір деймін. Өзім ауылдан шыққан азаматпын, кішігірім отбасында дүниеге келдім. Кіндік қаным тамған жер киелі Қазығұрт тауының бөктері болса, мені бүгінгі азаматтыққа, кемелдікке келтіріп, тәрбиелеген — киелі үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауы. Осы екі таудың етегінде мен бақытты өмір суріп жатырмын.

Қазір де ауылда тұрамын. Кәдімгі елмен бірге ауылдың барлық жақсылығын да, қиыншылығын да үнемі бөлісіп жүремін. «Ауыл — қазақтың мәйегі» деп тегін айтпаған ғой. Бірлік те, ынтымақ та осы ауылдан бастау алады.

– «Ауылда тұрамын» деп айтып қалдыңыз. Осы ауыл жастарын жұмыспен қамтуға көңіл бөлесіз бе? Әлде, өндіріс орнында мамандар қаладан қатынап жұмыс істей ме?

– Біздегі жұмысшылардың сексен пайызға жуығын ауыл жастары құрайды. Оның ішінде, мектеп бітіргені бар, әскерге барғаны бар, университет бітіргені бар. Солардың ішінен біз икемділігіне қарай мамандыққа бейімдеп жатырмыз. Компания есебінен оқытып, өндіріске қажетті маман болып шығуына әрекет етудеміз. Өзімнің де соңымнан еріп, үйреніп келе жатқан шәкірттерім бар. Келешекте сол шәкірттерімнің жетістігін көргім келеді.

– Саналы ғұмырыңызда қарапайым жұмысшыдан бастап, бірқатар қызметтерді атқардыңыз. Қазір алып кәсіпорынды басқарып отырсыз. Елдің аманатын арқалаған депутат болдыңыз. Одан қалса, «Нұр Отан» партиясының Ордабасы аудандық филиалында төрағалық етіп келесіз. Мұндай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Айтыңызшы, әлі де болса орындалмаған армандарыңыз бар ма?

– Ойлаған нәрселерімнің өзін жеткен жетістігім деп отырамын. Шүкір, басымыз аман, отбасын құрдық. Ұрпақ өсіріп жатырмыз. Немере сүюдеміз. Бұлардың бәрі – ең үлкен армандардың орындалғаны. Алайда, адамда арман таусылған ба?! Көкейде әлі арман көп. Мәселен, шөбере сүйсек, шөпшекпен әңгімелессек деймін. Сондай-ақ, еңбектің жемісін көріп, жас мамандарды тәрбиелеп жатырмыз. Олардың да жетістікке жетіп, ел басқарғанын көрсем, ол да бір үлкен армандарымның орындалғаны дер едім.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…

– Өзім көпбалалы отбасыдан шықтым. Жанұяда 3 ұл, 3 қыз тәрбиеленіп, өстік. Ал қазір жұбайым екеуміз 5 ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым Ұлсерікпен өмірдің қызығы мен қиыншылығын да бірге көріп келеміз. Бүгінде қыздарымыз өсіп, ырысымызды кеңейтті. Ұлымыз өсіп, өрісті үлкейтті. Енді немере, шөбере, шөпшек, туажаттарым еңбектің қадірін білсе деймін. Өйткені бұл өмірде бақыт пен берекенің кілті – адал еңбекте.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *