Мүгедектердің мүддесін қорғайтын заң

6 инвалиды 1Елімізде 627 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар болса, соның 47 мыңға жуығы І-ші топтағы мүгедек саналады. Ал облысымызда 108 мыңнан астам  жарымжан жан бар. Осынау азаматтарды қоғамнан шеттетпей, мемлекет барынша әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Елбасы кезекті Жолдауында тағдыр тауқыметін тартып келе жатқандарға төленетін әлеуметтік төлемдер едәуір өсетінін атап өтті. Сонымен келер жылдан бастап төлемдер қанша пайызға көбейеді?  Осындай азаматтар үшін шешімін таппаған қандай мәселелер бар? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Жуырда мемлекет басшысы «Мүгедектердің құқығын қорғау жөніндегі кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын. Заңда мүгедектердің өзге де азаматтармен тең құқылы болуы қамтамасыз етілген. Мәселен, мүгедек-автоәуесқойлардың мүддесін қорғау мақсатында «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына әуежай, вокзал, әлеуметтік-мәдени нысандарда, алаңдарда, даңғыл, көше мен орамдарда мүгедектер үшін арнайы тегін автотұрақтар бөлуді қарастырыпты. Және ол автотұраққа өзге көліктерді қоюға болмайды делінген. Тағы бір мысал. «Білім туралы» ҚР Заңында мүгедек балалардың білім саласының барлық деңгейінде тиісті тәлім-тәрбие алуына мүмкіндік жасалған. Бұл мүгедектердің құқын қорғайтын Конвенцияға сәйкес жүзеге асырылды.
Жаңа жылдан бастап Қазақстан бойынша мүгедектерге композиттік қызмет көрсетіледі. Композиттік қызмет дегеніміз – бірнеше мемлекеттік қызметті біріктіру. Яғни пилотты жобаға мүгедектікті анықтау, жәрдемақы тағайындау, қосымша әлеуметтік қолдауды рәсімдеу үшін медициналық-әлеуметтік қызмет бір терезе арқылы беріледі. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Фарида Оспанова (суретте) бұл қызмет түрін мүгедектікті анықтауға мониторинг жүргізуге оңай әрі бюрократияға жол бермейтінін айтады.
6 Фарида Оспанова— Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандар анықтама алу үшін алдымен медициналық-әлеуметтік сараптама орталығына келеді. Одан жәрдемақы алу үшін мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығына, cосын тиісті техникалық құралдар мен арнайы әлеуметтік көмек алу үшін тағы да атқарушы органдарға сандалады. Композиттік қызметтің тиімділігі сол — егер азамат мүгедек ретінде тіркелген болса оның құжаттары автоматты түрде зейнетақы мен жергілікті атқарушы органдарға жөнелтіледі. Яғни, бұл жаңа қызмет үш жұмысты бірден атқарып, мүгедектердің жұмысын жеңілдетеді, — дейді Ф.Бимаханқызы.
Жыл сайын аталмыш департамент 9 мыңнан аса азаматтардың мүгедектігін анықтап жатады екен. Мүгедектікке көбіне жүрек-қантамыр аурулары, жарақат, ісік аурулары себеп болып жатады. Ал балалар арасында туа бітті жүрек ақауы мен жүйке ауруына шалдыққан балалар есепке тұрады. Сонымен қатар, мүгедектердің 26% протез-ортопедиялық құралдар, 38 % — сурдо-техникалар, 43% — тифло-техника алған. Ал, 24 % — санатория-курорттық емделуге барыпты. Фарида Бимаханқызының айтуынша, кейбір мүгедектер мемлекетке иек артып отыра бермей, денсаулығын жақсартып, өмірден өзіне лайық орнын алуға ұмтылу керек дейді.

Әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі
Ресми мәліметке сүйенсек, 2015 жылы мұқтаж мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық бюджет көздерінен 1709,2 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда 9055 азаматқа күндіз үйде әлеуметтік көмек көрсету, стационар жағдайда, жартылай стационар жағдайда, үкіметтік емес ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтік ортаға бейімдеу барысында да біраз жұмыстар атқарылды. Мәселен, облыс көлемінде 4083 нысан қолжетімді етілмек. Нысандардың 36,5% білім беру, 13,2% денсаулық сақтау салаларына қатысты болып отыр. Айта кетейік, биыл 844 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Нәтижесінде бюджеттен бөлінген 674,5 млн.теңге мен демеушілердің қаржысы есебінен жоспарланған 961 нысан толығымен бейімделді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көліктік орта құрылған ба?
Облыс бойынша 102 көшелерге арнайы бағдаршам орналастырылыпты. Оның 54-і ілесе дыбыстайтын, 48-і жарық беретін белгілер. 188 арнайы жол белгілері, оның ішінде 23 көрсеткіш, 141 жаяу жүргіншілер өтетін жерлер белгіленген. 6 автобус (0,3 %) қоларбамен мініп-түсуге арналған құрылғылармен жабдықталған. 287 автобусқа (14,6 %) автоматты дауыстап айтатын, 480 автобуста (24,4 %) аялдамаларды хабарлайтын монитор орнатылған. Қызмет көрсететін мекемелерде 35 автотұрақ ашылған.

Жұмыспен қамту
Шаһарымызда 19 790 мемлекеттік мекеме мен жекеменшік кәсіпорын қызмет етеді. Бірақ мекемелерде бос орын болғанымен, ешқайсысы да жарымжан жандарды тұрақты жұмысқа алғысы келмейтіні өкінішті. Салдарынан бір жыл бұрын күшіне енген мемлекеттік бағдарлама жүзеге аспай келеді. Қаулыда әрбір мекеме кемінде 3 % мүгедек жанды жұмысқа алуы қажет делінген. Ал ресми статистикаға сүйенсек, жоспар бойынша 2267 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту көзделген. Он айдың қорытындысы бойынша 2180 адам жұмысқа орналасқан. Бұл жоспардың 96,0 пайызы құрайды. Елбасының қаулысы бойынша 906 адам жұмысқа орналастырылған.

Бірлестіктің ғимараты жоқ
Шымкент қаласындағы «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2010 жылы құрылды. Бірлестіктің ұйытқы болуымен «Сәби» қайырымдылық қоры құрылып, инватакси қызмет көрсетіліп келеді. «Өзіңе сен» шығармашылық фестивалі ұйымдастырылып, «Мүгедектерге де өнерде жол ашық» айлығы аясында мұражай, кітапхана, театр, демалыс аймақтарына баруға мүмкіндіктер жасалды.
– Осы айтылған жобалардың біразын жүзеге асырсақ та, қолдан келмей жатқан шаруалар баршылық. Мәселен, бірлестіктің жеке ғимараты жоқ. Оның үстіне, мүгедектерге арналған әрі қызметкерлері де мүгедек жандардан құралған шаштараз ашу туралы жобамыз іске аспай қалды. Қоғамдық көлік те қолжетімді болмай тұр. Көлік болса, қажетті инфрақұрылым жоқ. Сол себепті, пандус жасайтын цех ашсақ па деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, Жапонияға оқуға барып келгенде біраз ой түйдім. Отандастарымыз үшін әлі талай қандай дүниелер жасау керектігін білемін, — дейді бірлестіктің төрағасы Вадим Торопов.
Десе де, қоғамда қайырымды жандар әр кез табылады. Айталық, «Динара» түнгі клубының әкімшілігі соңғы төрт жылда мүгедек балалардың жаңажылдық кешін ұйымдастырып берсе, «Олимпик» ЖШС-і мүгедек бүлдіршіндерге әр жаңа жыл сайын сыйлықтар үлестірумен келеді екен. Вадим Александровичтің айтуынша, «Даму» қорынан несие алып, өз ісін ашқан мүгедек жандар да бар.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *