МҮГЕДЕКТЕР 6 БАҒЫТ БОЙЫНША ЖҰМЫСҚА ТҰРАДЫ

8888888888888Өңіріміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген ынтасы жоғары. Олар қоғамнан шет қалып қоймай, екі қолға бір күрек болса да жұмыс істегісі келеді. Солардың бірі — редакциямызға хабарласқан Болат есімді — II топтағы мүгедек азамат. Еңбек етіп, тер төккісі келетін азаматқа жергілікті жұмыспен қамту мекемесі көбіне III топтағы мүгедектер жұмыспен қамтылатындығын айтқан. Тауы шағылып, үміті үзілген Болат енді не істерін білмейді. Бұл бір ғана мысал. Редакцияға мүгедек жандардан келіп жатқан хаттар толастар емес. Олар қайдан жұмыс іздеуге, уақытша болса еңбекке араласуға болатынын және мемлекеттік бағдарламалар арқылы қандай мекемелерде жұмыс істей алатынын білгісі келеді.

Жыл сайын елімізде 9 мыңнан аса азаматтың мүгедектігі анықталады. Аймақта өткен жылы 108 мың мүгедек жан болса, биыл олардың саны 112 292 адамға жеткен. Оның 27 740-ы еңбекке қабілетті. Иә, осыншама адам еңбекке қабілетті болғанымен олардың дерлігін жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр. Себебі, жарымжан жандарды жұмысқа алғысы келетіндер көп емес.
— Мүгедек жандарды жұмыспен қамту бірнеше топтардан тұрады. Соның бірі, Халықты жұмыспен қамту туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №149 Заңында әрбір мекеме кемінде 2-4% мүгедек жанды жұмысқа алуы қажет делінген. Мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанды осы квота бойынша жұмыспен қамтуды жоспарға енгізген болатынбыз. Жыл басынан бері 107 адам квота бойынша жұмысқа тұруға қол жеткізді,-дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек рыногы индекаторларын талдау бөлімінің басшысы Зәуреш Қадырова (суретте). Маманнан редакцияға хабарласқан Болаттың жағдайын сұрадық. Айтуынша, әрбір мүгедек жанның жеке оңалту бағдарламасы болады. Яғни, жұмыс істеуге ынталы болса, оларға сараптама жұмысы жүргізіледі де жұмыспен қамтылу картасы жасалады. Сол жерде кімнің қай жұмысқа қабілеті жететіндігі көрсетіледі. Жұмыспен көбінесе III топтағы мүгедектер қамтылады. Дегенмен, II топтағы мүгедектің еңбекке жарамдылығы анықталса, шектеу қойылмайды екен.
Зауре888888888888888Сонымен, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасу үшін:
1. Жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеледі.
2. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеледі.
3. ҚР Электрондық үкіметі (egov.kz)жұмысқа орналасу порталына үйде отырып тіркелуге болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын тиімді пайдаланып, еңбекке араласуына мүмкіндігі бар. Ол мынадай 6 бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1.Тұрақты жұмыс орнына тұра алады. Бұл Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №149 Заңы аясында жүзеге асады. Заңда әрбір мекеме кемінде 2-4% мүгедек жанды жұмысқа алуы қажет делінген.
2. «Мемлекеттік және салааралық бағдарламалар» есебінен яғни, «Нұрлы жол», «Агробизнес» «Өңірлік дамыту» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарына қабылдануына мүмкіндігі бар.
3.Әлеуметтік жұмыс орындары. Бұлар жұмыс беруші мен жұмыспен қамту орталықтары бірлескен келісімшарт негізінде жүзеге асады.
4.«Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша.
5.Еңбек рыногының сұрасына сәйкес мамандықтарды қайта даярлау курстарына оқыту арқылы.
6.Уақытша жұмыспен қамтамасыз ету арқылы. Бұл салада жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған жандар көгалдандыру, көріктендіру, тазалық жұмыстарына ақылы түрде қызмет жасайды.

Осы жылдың алғашқы 4 айында мүгедектердің жұмыспен қамтылуы:
3 %-дық квота бойынша — 107
тұрақты жұмыспен — 247
уақытша жұмыспен — 555
әлеуметтік жұмыспен — 353
«Жастар практикасымен» — 60
жаңа жұмыс орындарымен — 17
ақылы қоғамдық жұмыста — 114

Айтпақшы…

20 сәуір мен 20 мамыр аралығында облыс бойынша мүгедектерге қолжетімді орта құруға кәсіпкерлерді жұмылдыру мақсатында «Біз біргеміз!» акциясы өткізілді. Ондағы мақсат мүгедектердің қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу жолында кедергілерді жою. Шара барысында жекеменшік объектілерге мүгедектердің емін-еркін кіріп-шығуына жағдай жасау жұмыстары түсіндірілді. Мүгедектерге қолжетімді шаралар жасалынбағанда (қызмет көрсету аймағы, ақпарат және телекоммуникация құралдары, қозғалыс жолдары, санитарлық-тұрмыстық орын) ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» №235-V Кодексінің 83 бабына сәйкес әкімшілік шара қаралады. Бұл лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Акцияның қорытындысында яғни 1 маусымда барлық қала-аудандарда бір мезгілде еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, еңбекке жарамды мүгедектерге жұмыс орындары ұсынылады.

А.КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *