Лагерге жолдаманың орташа бағасы – 20 мың теңге

DSC_2292Жадыраған жаз да келіп жетті. Бұл кез – мектеп жасындағы балалардың тоғыз ай бойы толассыз күткен жазғы демалысының уақыты. Сол себепті де олар демалысын қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізгісі келеді. Бүгінгі күнде баласын демалысқа қайда жіберерін білмей ойланып жүрген ата-аналар көп. Осыған орай жазғы лагерлер жайлы материал ұсынып отырмыз. 

Лагерь дегеніміз сауықтыру орындары. Лагерде жаз мезгілінде балалар тек ғана демалып, ойнап көңіл көтеріп ғана қоймай, уақыттарын тиімді пайдалануы абзал. Яғни, балалар жазғы сауықтыру кезінде бір нәрсе біліп, үйреніп қайтуы керек. Мысалы: өнерден, еңбектен өз мүмкіндіктерін анықтай алады. Күнделікті мектеп жағдайында оқушылардың сабаққа келіп кеткенін ғана көре аламыз. Баланың қандай өнері бар, қандай іске бейімі бар бұларды байқай бермейміз. Ал, лагерде балалар басқа қырларынан танылып, ашылып, анықталып жатады. Мысалы: бір бала жақсы сурет салады, біреуінің биге икемі болады, енді бірі керемет ән шырқайтынын, тағы бірі тіл сабақтарына зеректігін байқатады. Келесі жылдан бастап үш тілде оқу жүйесі қолданысқа енгізіліп жатқандықтан лагерлерде балалардың ағылшын тілін жетік білуі үшін арнайы үйірмелер ашылып жатыр. Мұның барлығы балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуіне жасалынып жатқан шаралар. Ескере кететін бір жағдай лагерлерде таңдау құқығы баланың өзіне беріледі. Егер олар үйірмелерге қатысқым келмейді, тек ғана демалып қайтам десе оны да өздерінің патша көңілдері біледі.
DSC_2333Биылғы жазғы оқу демалысында балалар үшін облысымыз бойынша 13 мемлекеттік, 10 жеке меншік сауықтыру орындары жұмыс істейді. Бұған 100 пайыз көрсеткіште аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтамасыз етіледі. Осы жылы 402 жетім бала лагерге тартылған. Тарқатып айтар болсақ, қала бюджетінен жартылай жетім, көп балалы отбасының балаларын демалдыру мақсатында 103 млн 496 мың теңге бөлініп, 4082 бала жазғы маусымда лагерлерде демалады. Бұл қаржының 31 млн 200 мың теңгесі қалалық оқушылар сарайына қарасты «Ақсу» лагерінде тұл жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасының 1200 баласына, 8 млн 400 мың теңгесі «Балдаурен» сауықтыру алаңына 600 балаға жұмсалмақ.

әйел суретіЖанат Шерәлиева, ОҚО білім басқармасының бас маманы
— Жолдама бағасы орташа бағамен 20 мың көлемінде болады. Бізде тегін жолдамалар да беріледі. Оны оқу озаттарына, Республикалық олимпиадаларының жеңімпаздарына, Жасұлан көшбасшыларына, аз қамтылған отбасыларының балаларына береді. Жолдама алу үшін ең алдымен балалардың ата-анасымен сөйлескені дұрыс. Қай жерде демалғысы келетінін анықтап алғандары жөн. Сондай-ақ медициналық анықтамалары болуы керек.
Бұл жерде лагерлердің көбі жеке меншік. Бізде аудандық қала білім бөлімдеріне қарасты лагерлерде бар. Жергілікті тұрғындар ол жерлерге де баруына болады. Бағасы 9-10 мың көлемінде. Бұған кез-келген ата-ана балаларына жолдама алып бере алады. Тау самалы, Машаттағы лагерлер жеке меншік болғандықтан бағалары қымбатырақ болады.
Ескерте кетер бір жағдай, бізге ата-аналар хабарласып менің бір баламды ғана қабылдады деп реніштерін айтып жатады. Мұнда лагерлерге барлық балалардың мүмкіндігі сай келе бермейді, мәселен, бір маусымда бір үйден бірнеше баланы бірден қабылдай алмаймыз. Басқа баласын келесі маусымға жіберулеріне болады. Сол себепті ата-аналардың кішкене шыдамдылық танытуларын сұраймыз.
Сосын тек ғана мемлекеттік емес, жан-жақты ізденіп, басқа да сауықтыру орындарына жіберулеріне де болатынын айта кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар, жеке меншік лагерлерде 2282 баланы жазғы лагерлерге тарту үшін 63 млн 900 мың теңге қаржы бөліну жоспарлануда. Ал, 5800 бала ата-аналар көмегімен қала сыртындағы лагерлерге барып, жалпы 9882 бала демалыс уақытын тиімді пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің бір мезгіл тамақпен қамтитын және тамақсыз деген екі түрі бар. Онда балалар түрлі іс-шараларға қатысады. Көбіне дендропарк, музейлер сияқы жерлерге бару жоспарланады. Онда да демалыс әсерлі өту үшін барлық жағдайлар жасалынады. Бұл лагерге мектептегі барлық оқушылар қатыса алады.
Биыл Шымкент қаласындағы 124 жалпы білім беретін мектептен 136 851 оқушы жазғы демалыс маусымындағы сауықтыру орындарына қатыса алады екен. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 7 791 оқушыға артық.
Айта кетерлігі, олардың ішінде 26 939 бала әлеуметтік тұрмысы төмен отбасының балалары болса, 16276-сы көп балалы отбасынан, 5162 бала өте мұқтаж отбасынан шыққан. Қала әкімдігінің қолдауымен бұл игілікті шараға 4894 жартылай жетім, 607 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тартылған.

Дайындаған
Жанерке ХУМАР

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *