«Крис П» жүйесі мен «Автоураган» қандай айыппұл жазады?

«Крис П» жүйесі
Жергілікті полиция қызметі «Крис П» жүйесін іске қосты. Бұл қондырғы қызметкерлердің қатысуынсыз жол ережелерін бұзу фактілерін таспаға жазады. Аталған құралдың алғашқы жұмыс күні Д. Қонаев гүлзарынан басталды. Айналдырған бір сағаттың ішінде 554 көлік иесі 5 миллион теңге айыппұлдың иегері атанып шыға келді. Ол тек жылдамдық арттырғанды ғана емес, арнайы сызықтарды басып тоқтағанда, не болмаса белгілі бір аумақта бірінші жолақтан екінші жолақты басып өтіп ауысқанды да есепке алады. Ереже бұзғандарды сол мезетте-ақ таспаға түсіреді. ЖПҚ қызметкері мен жүргізушінің «өзара келісуіне» жол бермейді. Айыппұл қағазы тез арада жүгенсіз жүргізушінің мекен-жайына жіберіледі. «Крис П» құрылғысы кез-келген көшеде тұруы мүмкін. Байқамай да қаласыз. Кішкене ғана болғандықтан алыстан да көзге шалынбайды. Стационарлы камераларға қарағанда өте «пысық» әрі жылдам. 50 градус суықта да істен шықпайды. Көлікті артқы жағынан да, алдынғы жағынан да түсіре алады.
ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі жол патрульдік полиция бөлімі мамандарының сөзінше, аталған құрылғы жылжымалы болғандықтан алдына ескерту белгісінің қойылмауы заңсыздық болып саналмайды.

Мұрат Естемесов, ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция бөлімі командирінің орынбасары, полиция майоры:
– Алты құрылғының үшеуі қалаға, қалғаны республикалық маңызы бар жолдарда жол ережелерін қадағалайтын болады. Жол ережесін бұзып «Крис П»-нің құрығына түскен жағдайда автоматты түрде процессинг орталығына жіберіледі. Арнайы рейд кезінде ғана қолданылады. «Крис П»-ге көмекші ретінде арнайы бір қызметкер бөлінеді. Ол жол жүру ережесін бұзғандарды тоқтатуына да, тоқтатпауына да болады. Онсыз да қызметкердің қатысуынсыз ақпарат сараптау орталығына жіберіледі.

«Крис П»-дің міндетіне қауіпсіздік белдігін тақпаса таспаға түсіру де кіретін. Алайда аталған белдіктің камераға түсу, түспеуі 50 пайызға дәлелді. Яғни, 100 пайыз анық түспейді. Сондықтан да сотқа дейін жеткен даулар көбейіп кеткендіктен дәл осы қызметі әзірге жұмыс істемейді. Белгілісі, бүгінде трассаларда сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі, ал қала ішінде 60, мектеп маңында 40 шақырым. Осы ережені ұстанбайтындар 10 АЕК көлемінде айыппұлын дайындай берсе болады.

 

«Автоураган»
Бүгінде жолдағы тәртіпті қадағалайтын қосымша «күштер» қатары артуда. Солардың бірі — «Автоураган». Төбесінде арнайы камера орнатылған көлік алғашында жүргізушілерге таң көрінгені рас. «Ұялы телефонды тыңдайтын құрылғы болар» десті бәзбіреулер. Жоқ. Ол жолдағы жүгенсіз жүргізушілерге «тәртіпке бас иген құл болмайдыны» ұғындыратын жылжымалы кешен екен. Оның артықшылығы сонда түрлі айыппұлдарды не болмаса көлік салығын төлемей қашып пысып, қулығын асырамын дегендерді құрыққа ілетін таптырмас құрал.

Тәртіп сақшыларының көзі һәм құлағы деуге болады. Салықтан жалтарған жүргізушілерді ұстау оңайға соқпайтын, бұрын. «Автоураган» келгелі тәртіп сақшыларының қолы ұзарды. Былтыр осы қондырғының арқасында айыппұл және салықтан жалтарған 1000 автокөлік айып тұрағына жеткізілген. Соның арқасында 23 миллион теңге өндірілді. Бұл бір жылдық нәтиже. Ал биыл заңға бағынатындардың қатары қалыңдап, қазына қамбасы тағы да молаяды.

Бұрын жол-патрульдік полициясының қызметкері салықтан жалтарып жүрген жүргізушіні ұстау үшін бір емес, бірнеше көлікті қатар тоқтататын болса, бүгінде қондырығының арқасында жұмыс жеңілдеді. Заңға бағынғысы келмеген жүргізуші туралы арнайы базадағы мәліметтер жол сақшысына беріледі. Ол сол мезетте-ақ автокөлік иесін қолға түсіреді. Бүгінде қаладағы көшелерде шолғын жасайтын екі «Автоураган» жылжымалы кешені жұмыс істеуде. Әрине жолдағы тәртіпті қадағалайтын түрлі қондырғылардан қорғайтын бір ақ амал бар. Ол дер кезінде көлік салығын төлеп, жол ережелерін сақтап, тәртіпке бағыну ғана. Сонда ешқандай да артық мәселе туындамайды.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *