Конституция мен Кодексті өзгертпей қазаққа күн жоқ!

6ҚР Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевқа;
ҚР Бас прокуроры Ж.Асановқа; Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасы Б.Сағынтаевқа
Шымкент қ.,Отырар м/а, 55 үй, 51 пәтер тұрғыны
Өмірзақ АҚЖІГІТТЕН

АШЫҚ ХАТ

Бүгін бізде жер дауы өршіп тұр. Әрине, ол экспортпен сырттан келген жоқ, өзімізге өзіміз істедік. Және оның кейінірек міндетті түрде туатынын біле тұрып, «асықпай жарылатын бомбаларды» сонау 2003 жылы Жер кодексін қабылдаған кезде, соның ішіне салып кеттік. Дәлел керек пе? Міне!
ТМД елдерінің бәрі тәуелсіздік алған соң жерді бөліп-жармай халқына тегін берді, тек біз ғана оны өз халқымызға саттық. Онымен де қоймадық, өзгелер секілді жеке тұлғаларға, мемлекеттің азаматтарына емес, бірінші кезекте заңды тұлғаларға бердік. Сөйтіп, өркениетті елдердің ізімен жүрмей, «өз жолымызбен» кеттік-дағы басқа елдерде мүмкін болмаған, болса да кейін ғана қолдары жеткен (өйткені жеке тұлғалар заңды тұлғаға бірігуі тиіс қой), «жетістікке» бірден жеттік – қанатымыздың астынан ен-байтақ жерді иеленген латифундистерімізді өрбітіп шығардық. 2008 жылы экономист Т.Есіркепов жазғандай: «Аграрлық партия мен мүдделі құрылымдар нақ сол билік иелері, олигархтар мен латифундистер жерге қожайындық ету үшін осындай отандық кодекске лоббистік жасағанын өмірлік тәжірибе растап берді». (Ал, көрші Қырғызстанда заңды тұлғалардың жер иеленуге мүлде құқығы жоқ!..)
Ауыл шаруашылық министрлігі бүгін «бар болғаны 1,3 млн гектар жер ғана жеке меншікте, 99,5 млн гектар жер жалға берілген» деуден жазбайды. Ал, 2003 жылы қабылданған Жер кодексінің 170-бабының 3-тармағы «бұрынғы заңнама бойынша жер сатып алғандарға Кодекс кіргізген қосымша ақыны төлемей-ақ сол жерге иелік ету» құқығын берген болатын! «Неге 5 жылда 0,5 млн гектар жер ғана жеке меншікке сатылды деген сұраққа шындықты халықтан жасыратын үкімет жауап бергісі келмейді, өйткені Кодекске жоғарыдағы бапты енгізген латифундистер кем дегенде 4-5 млн гектар жерге тегін ие болып шыға келді» деп жазды Т.Есіркепов 2008 жылы. Ал, сол 170-бап 2011 жылы Жер кодексінен алынып тасталды.
Міне, Кодекстегі 170-бап латифундистерді туғызып, халықты «бай» мен «кедей» етіп қақ бөліп тастап, өз ісін бітіріп алып жоғалса, екінші «бомба» енді ғана жарыла бастады.

Менің сұрақтарым

1. Бұл не үшін? Не үшін басқа басқа емес, нақ осы «…жер құқығы қатынастарында шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ҚР азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады»; не үшін «Ұлттық жер пайдаланушыларға» шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар жатқызылған; не үшін? «…азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады»?!

2. Рас, Кодексте (24-б., 1-т., 3-б.) «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 %-дан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді 25 жылға уақытша жалға ғана ала алады» деп жазылған. Демек, аталған үлес 50 %-дан аспайтын (ал, оны азайтудан оңай нәрсе жоқ) заңды тұлғалар – «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат» — ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің меншік иесі бола алады. Жоқ, әлде олай емес пе?

3. Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағының соңында, бір жерде ғана тыйым бар: «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді». Ал, бұған жатпайтын жердің бәрі бұл баптың құқықтық аясына кірмейді, демек оларды да сатуға даңғыл жол дайын. Жоқ, бұл да олай емес пе?

4. Бұны Кодекс те өзінің 24-бабының 3-тармағында: «…сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның жер учаскесiне қатысты тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез-келген түрiн жасасуға құқығы бар» деп растап, бұзылмастай қылып бекітіп тастаған. Мен дұрыс түсініп тұрмын ба?

5. Кодекстің 48-бабының 1-тармағының 2-бөлігі «халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға»; 4-бөлігі «мемлекеттік органдар өткізетін объектілерді салу жөніндегі конкурстарды (тендерлерді) жеңіп алған тұлғаларға және мұндай құрылыс тікелей аталған тұлғаларға жер учаскесін беруді талап еткен кезде» деп, жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сатпай-ақ беруді міндеттейді. Бұны қалай түсінуге болады?

6. Кодекстің 48-бабының 4-тармағы «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді» деп, жер сатуды онсыз да өзінің қолындағы жалғыз «көзірі» ретінде шамасының жеткенінше пайдаланып, бәрін былықтырып келген ауыл-аудан әкімдеріне ресми түрде толық еркіндік беріп қойған. Мәслихат қайда? Қоғам өкілдері қайда?

7. Кодекстің 26-бабының 5-тармағы мемлекет меншiгіндегi, бірақ жеке меншiкте бола алатын жерді азаматтар мен беймемлекеттiк заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берілмейдi деп шегелеп тастапты, ал, «азаматтардың» ішіне кімдер кіретінін жоғарыда айттық. Бұл — шетелдіктер Қазақстанның қалаған аймағынан сатылуға шығарылар жерді сатып ала алады деген сөз ғой, солай емес пе?

8. Кодекс 37-бабтың 3-тармағына сәйкес жалдаушылар, жоғарыда аталған үлес 50 %-дан кем заңды тұлғалар, жердің меншік иесінің келісімінсіз-ақ өздерінің жалдау құқығын иеліктен шығаруына болады (яғни, бизнес жасап, өзінің жалдау құқығын басқаларға сатып кете алады) десе, 37-бабтың 4-тармағы мемлекет меншігіндегі жер сатылатын жағдайда жалдаушы басқа сатып алушыларға қарағанда басымдыққа ие деп нықтайды. Жалдаушыларға, яғни, шетелдіктерге осыншама мол жеңілдіктер не үшін берілген?

9. Кодекстің 49-бабының 4-тармағына сәйкес жерді сатып алушы адам оның ақысын бөліп төлей алады, соның ішінде 2 жыл бойы төлемеген, дегенмен, жартысынан көбін төлеп қойса, онда одан ол жерді кері қайтарып алуға болмайды, ал, сатып алушының жерді кепілге қоюына болады. Бұл жерде де шетелдіктер үшін ешқандай шектеулер мен тыйымдар қаралмаған. Не үшін бұлай жасалған?

10.Кодекстің 23-бабы-ның  4-тармағы. «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін (үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған) жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн». Не үшін? Бұл жерлерді олардың жеке меншігіне бермесек болмайтындай қажеттік қайдан туындап отыр?

11. «Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың», біздің жерімізді жалға алуға ең бірінші үміткер Қытай екенін бүкіл әлем көріп-біліп отыр. Неге? 35 жыл бойы өз тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып бара жатқан Қытайдың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің жартысы индустрияландырудың, қаулаған қалалар мен көліктік инфрақұрылымның құрбандығына айналса, қалған жартысының басым бөлшегін аяусыз пайдалану мен пестицидтер жойып жіберіп отыр. Ал, біз жалға жерімізді беріп жатырмыз. Ондаған, жүздеген есе көбейтіп берейін деп жатырмыз. Сонда бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келгені ме? Жоқ, әлде жеріміз Қытайға жалға берілмейді деп кесіп айта аласыздар ма? Осыған жауап беріңіздерші.

Менің ұсыныстарым

1. Әлемнің ауыл шаруашылығы ең жоғары дамыған елдерінің бәрінде бірдей жердің бәрі жеке меншікке сатылмағанын, АҚШ-та жердің 55, Германияда — 62, Францияда — 63, Белгияда — 70 пайызы жалгерлердің қолында екенін, ал, Австралия, Голландия және Израиль елдерінің өз жерін тек 100 пайыз жалға беретін озық үлгісі мен халқымыздың ешқашан жерін сатпаған тарихи ұстанымын, болмыс-бітімін, ұлттық ерекшелігін негізге ала отырып, ең бастысы жерді сату мен шетелдіктерге жалға беру деген сөз Жер туралы кодексте жазулы тұрғанда ертелі-кеш еліміздің, жеріміздің тұтастығына қатер төндірумен болатын да тұратындығын қатаң ескере отырып:
а) Жер туралы Кодекс қазақ жері ешкімге еш уақытта сатылмайтын, тек уақытша тегін пайдалануға берілетін болып, ал, шетелдіктер мен олар құрған заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдік қатысушылары бар отандық заңды тұлғаларға жалға да берілмейтін болып қайта қаралсын. Және онда ҚР әр азаматына жалға берілетін жердің ең аз және ең көп көлемі нақты белгіленсін.
б)Бұлай болуы үшін Конституцияның 6-бабының 3-тармағы 1993 жылғы Конституцияның екі абзацтан тұратын 46-бабымен ауыстырылсын.

2. Аукцион арқылы жалға беруге және сатуға шығарылып отырған 1,7 млн.гектар жердің бәріне Моңғолия мен Ресейдегі, әсіресе тарихи Ота-нына жете алмай отырған, күн санап өзбектеніп, қытайланып бара жатқан Қытай мен Өзбекстандағы қазақтар алдағы бір жыл ішінде әкеліп орналастырылсын.
3. Жоғарыда атап көрсетілген, ҚР азаматшасымен некелескеніне 3 жыл толған, немесе 5 жыл тұрақты тұрған, сондай-ақ ҚР Президенті бекіткен тiзбедегі кәсiпке ие кім көрінген адам мен оның отбасы мүшелерi ҚР азаматтығын ала алатыны жайлы ҚР Азаматтығы туралы 1991 жылғы 20 желтоқсандағы заңның 16-бабының 1-тармағы мен 12-тармағындағы 2015 жылы қосылған толықтырулар алынып тасталсын! ҚР азаматтығын иелену — тарихи Отанына оралған қандастарымыздан басқа тұлғаларға елімізге сіңген ерекше еңбегі үшін ғана берілетін, мәртебесі өте жоғары, мемлекеттің маңызды іске айналсын.

4. Қазақстанға Қытайдан ескі 52 зауыт көшіріп әкелуді көздейтін «Ұлы Жібек жолының экономикалық белбеуі» атты Қазақстан-Қытай біріккен жобасы тоқтатылып, оның орнына Жапониямен (егер ол мүмкін болмаған жағдайда Германиямен) заманауи ең озық техника және технологияға сүйенген зауыттар салынатын жаңа келісім жасалсын.
Қытайлық Rifa Holding Group, AIJIU, CITIC және COFCO компанияларына ауыл шаруашылық өнімдерін (мал және өсімдік) өндіру үшін 150 мың гектар жерді жалға беру, қытайлықтармен бірге құрылған БК-ға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру туралы келісімдердің күші жойылсын.
Сонымен қатар, шекаралас өзендерді пайдалануда Қазақстанның мүддесі қорғалатын етіп Қытаймен нақты келісімдер жасалсын

5. Біз кейінгі қабылданған заңдарға қайшы келіп тұрған, ең бастысы Конституция талабына қарсы №199-V заңды жедел түрде түзетуге тиіспіз – жиын рұқсат сұрау арқылы емес, халықтың оны өткізу ниетін өкімет орындарына хабарлау арқылы жүзеге асатын болсын.

6. Бұл ұсынысты алғаш 2003 жылы заңгер Ә.Ерәли айтқан еді. Конституцияның 6-бабының 1-тармағындағы, Жер кодексінің 20-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады» деген сөздерден кейінгі «және бірдей қорғалады» деген сөздерді алып тастау керек. Және Конституцияның 6-бабының 3-тармағына үшінші абзац етіп «Жерді тіршілік мақсатына және азаматтық айналымға қосу үшін жер учаскелері заттық құқық түріндегі жекеменшікте болады» деген сөйлемді қосу қажет. Кодекстің 28-бабында да «Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады» деп жазулы тұр.
7. Конституцияның 1-бабының 2-тармағынан «…немесе Парламентте» деген сөзді алып тастау қажет. Жер, білім сияқты мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешетін маңызды мәселелерді Парламентте – оның үстіне бүкіл халық сайламаған – дауыс беру арқылы шешуге болмайтынын көзіміз соңғы 15 жылда әбден жетті ғой деп ойлаймын.
2003 жылы Президент Н.Назарбаев: «Бұл Парламент тарихқа жерді жекеменшікке сатуға рұқсат етуімен кіреді» деп еді. Сол 2003-жылдың ақпанында біз «Оңтүстік Қазақстан» газеті бетінде «Парламент тарихқа кіреді, бірақ, қандай атпен кіреді? Үкіметтің айтқанына шыға алмай, әкелген жобаны әлсіз қарсылықпен қабылдап, «қолбала» деген атпен бе; әрбір бап үшін соңына дейін «соғысып», соның арқасында Жер кодексін әбден иін қандырып, халыққа адал қызмет ететін құжат етіп шығарып, «дана» деген атпен кіре ме; жоқ әлде «Жерді сатуға болмайды!» деп, қашан Президент таратып жібергенше қасқайып тұрып алып, «асау» деген атпен кіре ме?» деген сұрақ та қойған едік. Ол Парламенттің жеме-жемге келгенде Үкіметке екінші рет сенімсіздік көрсетуге жарамаған «қолбала» ғана емес, биліктің, соның ішінде алдымен өзінің қамын бәрінен жоғары қойған «қу бала» болғаны енді байқалып, білініп жатыр.
Тарих тағы қайталанып отыр – бүгінгі Парламент алдыңғылар қазып кеткен орға тап болып отырған қоғамды қиындықтан алып шығуға ат салысуға жарай ма, жарамай ма?..

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *