Колледжде де бакалавр дайындайды

6Шымкенттегі жаңа технологиялар колледжі Қазақстандағы алғашқы Жоғары колледж мәртебесін иемденді. Орта арнаулы оқу орнының тек аты өзгерген жоқ. «Білім туралы» Заңындағы өзгерістерге сәйкес, енді жоғары техникалық мектеп ұғымы осы колледж дәрежесін жоғары деңгейге көтеру ісімен ұштасып отыр. Жаңа оқу жылынан студенттері жаңа бағдарлама негізінде білім алады. Оған дайындық кеше мен бүгін емес, екі жыл бұрын басталған. Жоғары колледж мәртебесі оқу орнына не береді және оның өзгешеліктері қандай? Бұл сауалдарға оқу орнының директоры Қанатбек Досалиев толымды жауап берді.

— Қанатбек Балтабайұлы, жоғары колледждің басқалардан айырмашылығы неде? Жаңа жүйемен дәріс беруде қандай жаңалық енгізіледі?

— Рас, еліміздің «Білім туралы» Заңының 34-ші бабында бұған дейін жоғары техникалық мектеп деген ұғым болатын. Қазір ол жоғары колледж болып өзгерді. Бұл мәселе Парламентте де қаралды. Қазақстанда жоғары колледж болып құрылған 8 колледж бар. Ал, біздің Жаңа технологиялар колледжі облыста алғаш болып осы мәртебеге қол жеткізіп отыр. Сонымен, жаңа оқу жылынан бастап студенттерді қабылдап, жоғарғы колледж бағдарламасы бойынша оқытамыз. Жоғары колледждің басқалардан айырмашылығы, мұнда да ЖОО секілді жастар бакалавр дәрежесін алып шығады. Бұрын тек 11 сыныпты бітірген жастар ғана жоғарғы білім ала алатын болса, енді 9-сыныптан соң да бізге түсіп, 4 жыл 10 айда жоғарғы колледждің дипломына ие болады. Яғни, бұл жерде бала жоғары білімді маман болып шығады. Ол үш деңгейде оқиды. Бірінші деңгейінде екі жыл жұмысшы кәсібін меңгереді. Ол үшін сертификат беріледі. Екінші деңгейінде колледж бағдарламасы бойынша мамандар 1 жыл оқиды. Мысалы, құрылысшы мамандығын меңгерген студент «шебер» дәрежесін алып шығады. Ал, үшінші деңгей дегеніміз жоғарғы оқу орнының бағдарламасымен студент 1 жыл 10 ай оқиды. Оқу процесінің 60 %-ын жастар өндіріс орындарында өткізеді. Бұрын практика оқу барысының тек 40 %-нда жүзеге асатын.

— Жоғары колледжде қандай мамандар даярланады? Ата-аналар мен балалардың білгісі келетіні осы ғой қазір…

— 9 сыныпты бітірген түлектерді қабылдаймыз. Қазір біз құрылысшы мамандығын дайындап жатырмыз. Құрылыстың өзі түрлі салаларда барын білеміз. Ол азаматтық құрылыс, мұнай және газ өндірісіндегі құрылыс, жол құрылысы, су, гидромелиорация саласындағы құрылысшыларды дайындаймыз. Екіншісі, IT- бағдарламашылар, тағы бір өте сұранысқа ие мамандар, ол электрмен қамтамасыз ету саласының мамандары. Міне, биылғы жаңа оқу жылын осы мамандықтарды оқытудан бастағалы отырмыз. Мынаны да ескерген жөн, 11 сыныптан соң да талапкерлерді қабылдаймыз. Олар 3 жыл 6 ай білім алады. Сыртқы бөлімде оқуға болады. Алдағы уақытта кешкі оқуды да енгізсек дейміз. Оқу мемлекеттік тапсырыспен де, ақылы жүйемен де іске асады.

— Жоғары колледжде сапалы, сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін бірінші кезекте оқытушылар керек. Колледждің ұстаздары жаңа талаптарға дайын ба?

— Дайын дей аламын. Колледжде 200-ге жуық оқытушы бар. Олардың 5 %-ы ғылыми дәрежесі бар ұстаздар. Жартысынан астамы жоғары санатты. Біз ағылшын тілінде білім беру жүйесі бойынша, Кембридж аймақтық колледжімен бірге жұмыс жасадық. Оны ары қарай тереңдетсек деген ниет бар. Алдағы уақытта техникалық мамандықтарды үш тілде оқытамыз. Қазір жоғарғы колледжде дәріс беретін оқытушылар ағылшын тілін меңгеріп жатыр.

Ал осы кезде…

Қазақстанда 10 медициналық колледж жоғарғы медициналық оқу орны болып қайта жасақталады. Енді медбикелер де алдын ала диагноз қою, кәсіби кеңес беру, дәрілер тағайындау сияқты жауапты жұмыстарды өздері жасай береді. Бұл үшін оқу орындары финдік тәжірибені енгізіп, дуальді оқыту жүйесіне өткен. Оңтүстікте үш медициналық колледж жоғарғы оқу орны болып қайта құрылмақ. Олар Шымкент медициналық колледжі және Түркістан көп салалы жекеменшік колледжі мен Мемлекеттік Фармацевтикалық академиясының орта білімді мамандар даярлау факультеті. Сөйтіп, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, оңтүстіктегі үш медициналық колледж жоғарғы оқу орнына айналады. Әзірге, бұл пилоттық жоба. Қазақстанда 6 медициналық колледж осы талаптар негізінде білім беруде. Ол оқу орындарында оқу сағаттарының 70%-дайы практикамен өтеді. Ал, шымкенттік колледж жастарының емханалық базада өндірістік практикадан өтуге мүмкіндігі мол. Яғни, еліміздегі білім беру жүйесіне енгізілген дуальді оқыту бұл оқу орнында нәтижесін беруде.

Зәуре ОРАЛБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *