Кітап оқу отбасынан

5 китаптарКітап оқу – адам миы үшін ай­рық­ша жаттығу. Түрлі шығар­­­­малардың ішіне ойша ену — адамның елес­тету, қиял­­дау мүмкіндігін арт­ты­­рады. Бұдан адамның физи­калық және психикалық жай-күйі жақсарады. Бұл — ғалымдардың пікірі. Яғни, кітап оқу ақыл-ойды ғана емес, жан мен тәннің саулығын да арттырады. Кітап оқуға деген қызығушылық бала кезден қалыптасқаны дұрыс.

Арнайы зерттеулер көрсет­кендей, егер 4-5 жасар балаға ата-анасы аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, өз қатарынан 6 айға озып кетуіне ықпал етеді. Ал күн сайын кітап оқып беретін болса, онда олар құрдастарынан дамуы жағынан 12 ай ілгері болады екен. Баласы 5 жасқа толғанша анасы оның дамуына аса мән бермейтін болса, онда ол құрдастарынан когнитивтік дағдыларының дамуы жағынан 1,8%-ға артта қалатындығы анықталған.
Төрт баланың анасы Гаухар Торжанова (суретте) кітапқа құмар жан. Балаларын да кішкентайынан кітап оқуға үйреткен. Ұл-қыздарының озат оқушылар қатарынан түспейтіндігі де кітапты көп оқудың пайдасы деп біледі.
— Балаларды кітап оқуға баулу, әдеби шығар­ма­ларға қызықтыру — ана-ананың негізгі міндет­тері­не кіру керек. Өйткені, кітап арқылы баланы тәрбиелеудің маңызы зор. Оқулық баланы көркем ойлауға үйретеді, сөздік қорын молайтады, ойының ұшқыр болуы үшін де септігі көп. Кітап — ол дос, жұбатушы, басшы, біздің түсініксіз және белгісіз болып қалған ойымыз бен сезімімізді қалыптастыруға көмекші. Кітап өзінің мазмұнымен нәр татқызып, рухани қолдау беретін дүние. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылар Мүбәрәк Жаманбалинов, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бердібек Соқпақбаев, Қаржаубай Омаров сынды қаламгерлеріміздің кітаптары баласы бар әрбір үйден табылуы керек деп ойлаймын. Одан бөлек, бүгінде балаларға арнап сүбелі дүниелер жазып жүрген авторлар да жетерлік. Тек ізденіп, оқысаңыз болғаны, — дейді Гаухар Торжанова.

GJso7y9rVLw
Қазақстандық зерттеушілер «кітап оқитын» ортаның болмауы және үйде кітап орнының жинақ­тал­мауы балалардың оқу сауат­ты­лығына кері әсерін тигізетіндігін де ерекше атап көрсетіп отыр. Кітап – адам­ның зияткерлік дамуының негіз­гі құрамдас бөлігі, мазмұнының толықтығы мен тиімділігі бойынша ол басқа ақпарат көздерімен салыс­­тырғанда бәрінен артық тұра­­­ды. Кітап оқитын баланың дүние­­­танымы кеңейе түседі, ойы дами­ды, адамгершілік қасиеттері қалып­тасады, өзін және басқаларды тануға ықпал етеді.
Бала әліпбиді үйренгенге дейін кітапты танып, жақсы көруі үшін, оның жанында ата-анасы сол кітапты оқып беруі керек. Кітапты отбасы болып оқу да пайдалы. Ол — баланың грамматикалық сауаттылығын арт­ты­рады, жалпы алғанда оның мек­тептегі барлық пәндер бойынша үлге­рімінің жоғары болуына ықпал етеді. Адамның адами қасиетін арттырып, оған рухани азық беретін де осы кітап. Сондықтан, кітап оқу әр адам үшін қажет, әсіресе, бала тәрбиесіне, дамуына әсері мол.

5 окушы бала
Әрбір үйде бірнеше кітап қорынан тұра­тын кітапхана болғаны дұрыс. Ата-анасы кітапты көп оқитын баланың да оқуға деген қызығушылығы тез оянады. Дегенмен, балалардың бойындағы осы бір қасиетті қалыптастыру үшін, мына қағидаларды ескергеніңіз жөн:
— Баланың кітап оқығысы келмей тұрса, оны күштеп оқытуға болмайды. Бұдан бала кітапты жек көріп кетеді. Оның орнына кешке ұйықтар алдында қызықты кітаптың (ертегінің) бір абзацын, мүмкін болса, ондағы басты кейіпкердің сөзін немесе оған берілген мінездемені дауыстап оқуын өтініңіз. Оқып болған соң, балаңызды мақтап қоюды ұмытпаңыз. Әдетте, балалардың ойында әр күннің соңғы оқиғалары жақсы сақталады. Ұйықтар алдында олардың көпшілігі дәл сол оқиғалар жайында ойланып жатады. Егер балаңызға оқыған ертегі ұнаса, оның бас­ты кейіпкерін өзім деп елестетіп, оқиғаның жалғасын білуге қызығушылығы артады.
— Балаңызды жаныңызға отыр­ғызып, дауыстап кітап оқуды бас­таңыз. Ең қызық жеріне келгенде оны жалғастырудан бас тартыңыз. Үйдегілермен алдын-ала келісіп, ешкімнің жалғастырып оқып бер­меуін өтініңіз. Алайда, баланы жал­ғыз қалдырып, кетіп қалудың қаже­ті жоқ. Мұндайда анасына өкпелеген бала кітапты лақтырып тастап, басқа істермен айналысып кетуі мүмкін. Сондықтан, жанында болыңыз. Оқиғаның аяғы немен бітетіні сізге де қызық екенін айтып, кезек­пен оқуға келістіріңіз.
— Балаңызға оқып берген кітап кейіп­керлерінің сөздерін үнемі тұр­мыста қолдана жүріңіз және балаң­­ыздың да сізге солай жауап қату­ын қадағалаңыз. Ертегі кейіп­керлері секілді түрлі эмоциямен сөйлеп, дауыс ырғағына мән беріңіз. Тіпті, қозғалысыңызды да солай икемдеңіз. Бұл балаңыз үшін қызық болады. Осылайша оның ер­тегі кейіпкерлеріне, кітапқа деген қызығушылығы артады.
— Егер балаңыз кітап оқудан бас тартып жатса, оған кітапты өзінің жазуын өтініңіз. Қолына дәптер мен қалам беріп, өз оқиғасын, өз қызықтарын жазуды ұсыныңыз. Әр ертегінің қиял-ғажайыпқа толы оқиғаларымен өріліп, соңы бақытты аяқталатынын айтыңыз. Ол оқиғаларды балаңыздың өзі ойлап табуына болатынын айтып қызықтырыңыз. Ал, өзіңіз сол ертегінің кейіпкерлерін бейнелеу­ге көмектесіңіз. Дәптеріне олардың түр-келбетін салып беріп, балаңызға боятыңыз.
— Балаңызға кітап таңдағанда оның неге қызығатынын ескеріңіз. Мүмкін, ол ертегі тыңдағанды ұнатар немесе жан-жануарлар әлеміне қызығар. Осыларды ескере отырып, бояуы қанық, суреттері «сөйлейтін» кітаптар таңдаңыз. Баланың ең алдымен суреттерге мән беретінін ұмытпаңыз. Олар бірінші кезекте кітаптың суреттерін қарап, парақтап шығады.

1kgrMHPYHcM
— Балалардың «Анау не?», «Күн неге сары?», «Тауық неге қытқыл­дайды?», «Жаң­быр қайдан жауады?» деген сияқты сансыз сұрақтарының жауабын кітаптан іздеуді әдетке айналдырыңыз. Кітап – білімнің негі­зі екенін осылайша оның миына сіңі­ре аласыз. Сонда балаңыз да кітаптан артық дос жоқ екенін түсінеді.
Түйін: Бүгінде үйінде қымбат жиһаз толы болғанымен, бірде-бір кітабы жоқ отбасылар да бар. Ақылы­на ақы сұрамайтын алтын қазына — кітапты артық зат санап, қоқыс­қа тастай салатындар немесе ойыншыққа айналдыратындар да жетерлік. Үйінен кітап көрмеген баланың, кітапханаға бармайтыны заңдылық. Ақын, драматург Иосиф Бродский былай деген: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті. Ал, миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасі­реті». Бұл сөздің астарына терең үңілген дұрыс. Кітап оқуды отбасынан бастау керек екендігін де әрбір ата-ана түсінгені абзал.

Гүлнұр Сәтбаева

  • Керек дерек

Шымкент қаласының орталық­тан­дырылған балалар кітапханасы
Мекенжайы: Шымкент қаласы,
Мангельдин көшесі, 39. Тел: 33-84-46

Қ. Рысқұлбеков атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы
Мекенжайы: Шымкент қаласы,
Т. Орынбаев көш. 21-А.
Тел.: 53-98-88, 53-47-11

Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы
Мекенжайы: Шымкент қаласы,
Әл-Фараби алаңы, 1А үй.
Тел: 53-96-36, 55-11-02

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *