Кім кімді?

Ленгер, «Тау жұлдызы» базары

Ленгер, «Тау жұлдызы» базары

Ленгердегі «Достық» базарында сауда қайта қыза түсті. Бұған дейін сан мәрте соттың шешімімен сан соғып, тірлігі тұралап қалған жеке кәсіпкерлердің жұмысы қайта жандана бастады. Есесіне, «Тау жұлдызы» базарындағылар тақырға отырудың алдында тұр. Аталған орталықтағы саудагерлер осылай деп, салы суға кетіп отыр. Былтырдан бері даудан көз ашпаған қос базардың қазіргі қалпын байқау үшін аталған аумаққа арнайы бардық.

Ленгердің төбесінен орын тепкен жаңа орталықтың жағдайы мәз емес екен. Көлік тұрағында тізгінделген темір тұлпар некен-саяқ. Ал, автовокзалында алып автобустарды кездестірмедік. Қоршалған нысандағы бутиктер бос. Айналада аяңдап жүрген адам жоқ. Сауда орталығының ішінде де иін тіресіп тұрған жұртты байқамадық. Көп нүктелерден сауда-саттық болмаған соң көшіп кеткен сыңайлы. Тек бірер сатушы әрлі-берлі теңселіп жүр. Сауда жоқ, оның үстіне суық нысанда тоңған болса керек. Азиза Өмірова көптен бері тұтынушыны күтіп есікке телмірген сатушы. Жұрт жыларман, көкейінде бір арман. Орталыққа адам ағылып келсе екен, деп тілейді. Ал, қазір базарда сауда жоқ, сондықтан, күзетшінің рөлін атқарып отырмыз деп ашынады. Мұндағы саудагерлердің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, атқамінерлер осы орталыққа көшсең, бар жағдайыңды жасаймыз деп уәдені үйіп-төккен. Кезінде бұған онша ыңғай таныта қоймаған қауымды қалауынсыз орын ауыстыруға мәжбүрледі. Олардың бұл қадамына сот пен құзырлылардың шығарып берген қаулысы негіз болған. Дегенмен, аудандағы атқамінерлер оны ушықтырып ала кетті. Бірақ әдеттегідей әкімдіктегілердің уәжі семіз айтып, арық шықты, дейді жұртшылық. Есесіне, Достық базарының дәурені жүріп тұр. Көптен бері келушісі азайып, тіпті есігіне құлып салынған нысанда қазір адам нөпір. Аяқ алып жүргісіз. Қайнаған сауда, қаптаған халық. Кезінде қақпасы тарс жабылып, көне жұрттан қалған мекендей күй кешкен нысан деп айтуға нанбайсыз. Дегенмен, мұндағы сатушылардың да базарды қаулымен жауып тастайтындардан әбден шаршағаны байқалды. Жағдайды білмекке сұрау салған тілшілердің өзінен үркіп қалыпты. Тіпті, «біздің базардан басқа баратын жер жоқ па сендерге» деуден та-йынбады. Ахуалмен таныспаққа келгенімізді көргеннен кейін ғана: «жергілікті билік өкілдері мен құзырлыларды көрсек, төбе шашымыз тік тұрады. Ала жаздай алдарқатып, әрі-бері сүйреп, әлекке салды»,- дейді.

Ленгердегі «Достық» базары

Ленгердегі «Достық» базары

Ал әкімдіктегілердің әзірге қос базарға қатысты қояр талабы жоқ. Бірақ, жалпақ жұрттың өздеріне өкпелі екенінен хабардар. Сауда орталықтарындағы бәсеке осындай жағдайға жеткізді деп отыр. Базарлар арасында үлкен бақталастық бар. Десек те, одан қараша халық зиян шекпеуі тиіс. Дегенмен, олардың бірін жауып, бірін ашқаннан сандалып кеттік дейді қалың қауым. Ал, әлеуметті сан-саққа жүгірткен әкімдіктегілер тұрақтылықты сақтап қалудың жайын білмей жатқан сыңайлы.

Азиза Өмірова

Азиза Өмірова

Азиза Өмірова, «Тау жұлдызы» базарының сатушысы:
— Әу баста, бізді әкімдіктегілер осы базарға көшіңдер деп бұйырды. Келіп қарасақ, сатушыларға дұрыс жағдай жасалынған екен. Ескі сауда орталығында күн көріп жүрген едік, біршама ойланып қалдық. Сөйтіп, қояр да қоймастан бұйрығын айтып қоймағасын осында қарай қоныс аудардық. Жағдайларыңды жасап, көлік қатынасын жандандырып береміз. Автобустар жиі жүрсе, сендерге тұтынушылар да келе қалады деген сөзіне сене қалдық. Оның үстіне «Достық» базарын жабатын болдық дегесін, нәпақамызды енді осы жерден айыратын болдық деп, көне қойдық. Ендігі жағдайымыз міне, күзетшінің кейпін кешіп отырмыз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін есікке қарап, телміреміз де отырамыз. Ең болмағанда жолкіремізді өтесе болғаны ғой. Ол да жоқ. Таксилер жол ақысын қымбаттатып жібереді осы жаңа базар дей қалсаңыз. Ал, автобустар мүлде қатынамайды. Әкімдіктің уәдесіне сеніп, сан соғып отырмыз.

Қайрат Балабиев

Қайрат Балабиев

Қайрат Балабиев, ОҚО базарлар қауымдастығының төрағасы:
— Қазір халықпен санасатын кез. Көпшіліктің оймақтай ойымен келісіп, соған ыңғайлас-тырып әрекет жасауымыз керек. Бұған бүкіл құзырлы органдар мен атқарушы билік өкілдері міндетті. Өйткені, Елбасының қойып отырған талабы да осы. Бір олигарх супермаркет немесе сауда орталығын ашыпты деп, халықты соған қарай ығыстыруға жол жоқ. Қалың қауым қайда бару керектігін өзі таңдауы қажет. Бұл-нарықтың шарты. Ал, жергілікті билік өкілдері мен құзырлылар артықшылық көрсетпеуі керек. Біз үшін басты байлық — халықтың тыныштығы мен тұрақтылығы. Осыны ұмытпауымыз қажет. Ақсүйектердің сойылын соғып, соның нысанына халықты айдап апаруға ешкімнің хақы жоқ. Мұндай әрекетпен баршамыз күресуіміз керек.

 

5 сержан дуйсебаев

Сержан Дүйсебаев

Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары:
— Біз қазір екі базарға да ешқандай талап қойып жатқан жоқпыз. Олардың кем-кетік-теріне жауапты құзырлы орындар бар. Сот, төтенше жағдай және тұтынушылар құқын қорғау сияқты басқармалар. Сол мекемелердің қаулысына сәйкес, атқарушы билік ретінде әрекет жасаймыз. Біз ешқандай кәсіпкерге артықшылық беріп, базар басшылығының сөзін сөйлемейміз. Халық қажет деген жерге автобустарды жіберіп отырмыз. Бірақ жеке басым бақылап қайтқан жоқпын.

 

Тажибүбі Зайтенова

Тажибүбі Зайтенова

Тажибүбі Зайтенова, «Достық» базарының сатушысы:
— Ленгерде базармен бас қатырамыз деп ойламаған едік. Бірақ, соңғы жылдары жан-жаққа жүгіріп шаршадық. Соттың шешімі деп бір келеді, төтеншеліктер мен тұтынушылар құқын қорғау мекемесінің қаулысы деп тағы бір келеді. Саудасын жасап, базардан әрең күн көріп отырған әлеуметті әбден қинады. Осы күндері тағы бір тексеру келіпті десе, зәре құтымыз қашады. Бұл жолы қандай сылтау айтады деп құлақ қойып отыратын болдық. Біздің басты талабымыз, осы ескі базардан күн көріп отырған сатушылар мен халыққа тыныштық берсінші.

 

Мақсат ЖАҚСЫБАЙҰЛЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *