Киім үтіктеудің де ережесі бар

Киім үтіктеуді бәріміз білгенімізбен, қарапайым ережелеріне көбіне мән бермейміз. Мәселен, үтіктегенде бірінші кезекте матаның ішкі жағында орналасқан зат белгісіне назар аударыңыз. Онда затты қалай күту керектігі жайлы барлық мәліметтер жазылады.

16 утюгЕгер үш нүктелі үтік белгісі тұрса, бұл — матаны максималды температурада үтіктейді, дегенді білдіреді. Екі нүктелі үтік белгісі орташа температурада, ал, бір нүктелі белгі ең төменгі температурада ұқыптап үтіктеу керек. Үтік белгісі үстінен сызылса, онда бұл затты үтіктеуге болмайды. Мұндай жағдайда тәуекелге барудың қажеті жоқ. Одан да киімді жуған соң, іліп қойып кептірген дұрыс. Зығырдан тігілген киімдерді де арнайы ережеге сай үтіктейді. Мұндай маталарды өңдеудің міндетті шарты – әрдайым ылғалдап, жоғары температурада үтіктеу. Зығыр матаның бір ерекшелігі, оны мінсіз үтіктеу аса қиын шаруа. Өйткені, зығыр киімдер кішкене қырысқан болуы қалыпты жағдай. Мақта мата мен зығыр киімдерін кептірмей, дымқыл күйінде үтіктеген дұрыс. Кепкен күйінде үтікке салса біраз қиынға соғады. Іс жүзінде матаның кез келген түрін ыстық бумен булап үтіктеуге болады. Булап үтіктелетін киімді иықтарымен ілгішке немесе арнайы бағанаға іліп қояды, ал, перде, төсек-орын тысы және жамылғыны киім үтіктейтін тақтаға орналастырады. Полиэстер және трикотаж қосылған маталарды абайлап үтіктеген жөн. Оны алдымен тазалап, кейін үтікті «тоқыма мата» немесе «жібек» режиміне қойып, ішкі жағынан үтіктеу қажет. Үтікті шапшаң қимылдатып, бір жерде бірнеше секундтан артық ұстамай, абайлап үтіктейді. Жүн маталарды үтіктегенде «2» немесе «тоқыма мата» режиміне қояды. Мұндай киімдерді дымқыл дәке немесе дымқыл жұқа мақта мата арқылы үтіктейді. Табиғи жібек маталарды полиэстер сияқты үтіктейді. Үтіктеу кезінде су сепкішті пайдаланбағаныңыз жөн, кейде бұл жібек матаның бетіне дақ қалдыруы мүмкін. Үтіктің су қоймасындағы судың мөлшері мен тазалығын қадағалауды ұмытпаңыз. Тек таза суды пайдаланыңыз. Әйтпегенде, матаның бетіне дақ түсіріп қана қоймай, құрылғыны да бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Пердені матаның түріне сай келетін температурада үтіктейді. Пердеңіз бүлініп қалмасын десеңіз, үтіктің астында ешқандай кір болмау керек. Егер шымылдықтар жоғары температурада үтіктеуді қажет етсе, қауіпсіздік үшін ішкі жағынан үтіктегеніңіз абзал. Өзіңізге сенімсіз болсаңыз, ақ түсті мақта-қағазды пайдаланыңыз. Әртүрлі мата әртүрлі үтіктеледі. Мәселен, үтіктеу кезінде жасанды жібекке су шашуға болмайды. Ацетат пен вискоз дымқыл мата қабаты арқылы жақсы үтіктеледі, зығыр (лен), тоқыма мата, мақта дымқыл күйінде, ал шифон мен органза құрғақ күйінде үтіктеледі. Бірақ, үтік жай ғана жылы болу керек. Тігісті жерлерін үтіктің ұшымен үтіктеңіз. Бұл тұстарды тігіс үстіне қағаз кесінділерді немесе мата қиқымдарын қою арқылы үтіктеу де дұрыс.

Үтік таңдау

new_71104923_l_667Әдетте үтік таңдағанда көбіне қымбатына қызығамыз. Сондай-ақ, танымал фирмалардың үтігін алуға құмартып тұрамыз. Дегенмен, үтікті таңдағанда ең бірінші оның табаны қандай металдан жасалғанына мән беру керек. Олардың түрлері өте көп. Мәселен, асты керамикадан және металды керамикадан жасалған үтіктер киімнің бетінде тез сырғып, ешқандай із қалдырмайды. Және жылуды ұзақ сақтап тұрады. Әдетте мұндай үтіктер қымбат тұрады. Табаны керамика үтіктерді әр қолданған сайын, тазалап, сүртіп тұру қажет. Ал, сапфирлі үтіктерді айына бір рет тазаласа жеткілікті. Және мұндай үтіктер сырылмайды. Алюминий жақсы жылу өткізгіш болып табылады. Мұндай үтіктер тез ысиды және тез суып қалады. Бағасы да арзандау келеді. Өте жеңіл, тез бұзылуы мүмкін. Үтік астында уақыт өте келе сырылған іздер пайда бола бастайды. Ол киімдерді бүлдіруі мүмкін. Сондай-ақ, асты алюминийден жасалған үтіктер жүннен тоқылған киімдерді үтіктегенде жылтырақ із қалдырады. Ал, тефлонды үтіктер матаға жабыспайды, еркін сырғиды. Дегенмен, киімдегі металды заттардан тез бүлінеді. Тот баспайтын болат (нержавеющая сталь) — өте берік материал. Сызылмайды, сырылмайды, орташаға жылдамдықта қыздырады, үтіктегенде еркін сырғиды және оңай тазаланады. Мұндай табанды үтіктерде әдетте қосымша тесіктер болады.
Сонымен қатар, үтік сатып аларда оның қуаттылығына мән берген дұрыс. Ал, егер үтікті көп қолданатын болсаңыз, 400 миллилитрге дейін су құйылатынын алыңыз. Мұндайда электр қуатынсыз істейтін үтіктер де қолайлы. Таңдағанда үтіктің температурасына да назар аудару қажет. Өйткені, жібек және жұмсақ маталарды үтіктегенде арнайы режимінің болғаны дұрыс. Сондай-ақ, кейбір үтіктер джинсылар мен қатты маталардың қыртысын бірден жаза алмайды. Үтіктің екі жағында да бу шығатын тесіктері болса тіптен жақсы. Өйткені, ол киім мен пердені ілініп тұрған жерінен үтіктеуге өте қолайлы. Үтіктің бағасы оның шыққан фирмасынан бөлек, тоққа қосатын сымының ұзындығына да байланысты болады.

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *