Кесарь тілігінің кесірінен сақтаныңыз!

Оңтүстікте бала туу көрсеткіші өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, елімізде дүниеге келетін сәбилердің 60-70 пайызы біздің облыстың үлесінде. Осы ретте айта кетерлігі, кез-келген жүкті әйел табиғи жолмен босанғанды қалайды. Дегенмен, бүгінгі таңда әйелдердің көбі жас мөлшеріне қарамастан кесарь тілігімен босануға мәжбүр. Тіпті, жастардың өзі бірінші баласын ота арқылы босануда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде ең көп жасалатын ота – кесарь тілігі көрінеді. Ал, аймақта жылына бір перзентхананың өзінде 25 мыңға жуық әйел хирургияның
көмегімен баланы өмірге әкеледі.

Кесарь тілігінің кесірінен сақтаныңыз!Кесарь тілігі дегеніміз не?

Кесарь тілігі – жүкті әйелдің айы-күні жетіп, өздігінен босана алмаса немесе өміріне қауіп төнгенде баланы хирургиялық ота арқылы іштен жарып алатын әдіс. Дәрігерлер кесарь тілігі әдісі ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін қолданылатындығын айтады. Дегенмен, ол табиғи жолмен босанудан он есе қауіпті. «Жүкті әйелдің бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» деп тегін айтылмаса керек. Бұл мамандар үшін тәуекелділікті қажет етсе, ана үшін бала тууды шектейді. Бұл әдіс шұғыл және жоспарлы түрде жүзеге асады. Жоспарлы түрі алғашқы босануында осы әдісті пайдаланғанда, екінші-үшіншісінде де кесарь тілігі қайталанады. Сол себепті, босандыру алдын ала жоспарланады. Бірінші отадан кейін кейінгілерін табиғи жолмен босану сирек те болса кездеседі. Бүгінде акушер-гинекологтар нәрестелі болуды жоспарлаған әйелдердің денсаулығын қадағалап, өз күшімен босандырып алуға әрекет жасауда.

Шұғыл және жоспарлы ота

Акушер-гинеколог Гуля Кеңесқызы көпжылдық тәжірибесі бар маман. Оның сөзінше, жүкті аналар босанғанға дейін дәрігердің қарауында болады. Олардың денсаулығы жіті зерттеліп, бақылауға алынады. Қажетті деген сынамалар уақытылы жасалып, соның қорытындысы негізінде келіншектің қандай жолмен босанатындығы белгіленеді. Мәселен, жамбас сүйегі тар болғанда, жүрек-қан тамырлары, жүйке-жүйесі, энодокриндік ауруларда, көздің нашар көруінде, жатыр миомасы секілді ауруларда ота алдын ала жоспарланады. Бұл жерде ана мен баланың өмірі бірінші тұрады, — дейді дәрігер. Сонымен бірге, іштегі ұрық 3,6-4 келіден асып кеткенде немесе 1,5 келіден төмен болғанда, босану уақыты өтіп жатса да жоспарлы ота жасау туралы шешім қабылданады.

Ал, шұғыл түрі ана мен іштегі баланың денсаулығы аяқасты нашарлағанда жүзеге асырылады. Себебі іштегі шарананың басы дұрыс орналаспаса яғни, бетімен немесе маңдайымен жатып қалса, ол табиғи жолмен босана алмайды. Босану кезіндегі әлсіздік, ұрық маңайындағы су ағып кетсе, баланың жолдасы қатпарланса, ұрыққа оттегі жетіспегенде шұғыл кесарь тілігі қажет болады.

Пайдасы мен зияны

Хирургиялық жолмен босанудың алдымен пайдалы тұстарына тоқталсақ. Бұл біріншіден жамбас сүйегі тар әйелдер үшін тиімді. Себебі, олардың дене құрылысының өзгешелігіне байланысты табиғи жолмен босануын мүмкіндігі бола бермейді. Геморройдан зардап шегіп жүрген науқас дерттің асқынуынан құтылады және жатыр төмен түсіп кетпейді. Тағы бір пайдалы тұсы баланың бас сүйегінің ешқандай деформацияға ұшырамайтындығы айтылады.

Ал, зияндығына келсек, ота жолымен босанғандар көп балалы ана бола алмайды. 2-3 баламен шектеледі. Төртінші бала үшін тәуекелге бел буу қажет. Екіншіден, табиғи жолмен босануға қарағанда баланы жарып алғанда, жазым болу қауіптілігі жоғары. Мұндай кезде ана сүтінің шығуы қиындайды. Сондай-ақ, жатырдағы тыртықтың жазылуы ұзақ жылдарға созылады. Өз күшімен баланы өмірге әкелу кезіндегі жай-күйден отадан алған стересстің жоғары болатындығы тағы бар.

Гуля Альмаханова, ХҚТУ клинкасы емханасының акушерлік-гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі:

– Баланы іштен хируриялық отамен жарып алғаннан кейін әйелге күтімі бұрынғыға қарағанда ерекше болуы тиіс.Әсіресе, бұл кезде жүктіліктің арасында 2 жыл күтім керектігін медициналық тексеріс кезінде ескертіп келеміз. Бұл тәсілмен 4 балаға дейін өмірге әкеліп жатқан оқиғалар сирек болса да кездеседі. Үш қызы болғанда ұл туамын дейтіндер бар. Алайда, бұл өте қауіпті.

Табиғи жолмен босануға болады

Отадан кейін де екінші-үшінші баласын табиғи жолмен босанғандар кездеседі. «Ол үшін ең бастысы екіқабат әйел дәрігерді мұқият тыңдап, айтқан кеңесін орындауы шарт. Бұл кезде алғаш босанғанда кесарь тілігі әдісін не үшін қолданды? Сол кездегі денсаулығы мен екінші жүктіліктегі жағдайы сарапталады. Ай сайынғы ананың дәрігерлік тексерілуі, сынамалары, өзін күтімге алуы өз дәрежесінде болса, табиғи жолмен баласын өмірге әкеле алады», – дейді Г. Кеңесқызы.

Жалпы, өз күшімен босануға әрікет жасау үшін мына жағдайлар ескеріледі:

Жүктіліктің 37-аптасында УДЗ-ге түсіріп, жатыр тыртығының қандай күйде екендігі зерттеледі.
Ананың кіші жамбас сүйегінің өлшемі мен шарананың салмағы бір-бірімен сәйкестігін анықтайды.
Ұрықта гипоксияның бар-жоқтығы сараптаудан өтеді.

Ал жатыр тыртығы толық жазылуы үшін 3 жылдай уақыт қажет. Осы тәртіпті орындағанда ғана ана өз күшімен босана алады.

Күтім жасау

Перзентханадан үйге шыққан соң босанған анаға ерекше күтім қажет. 2-3 айға дейін ауыр зат көтеруіне тыйым салынады. Бүгінде келіншектер арасында сыртқы мүсінде тез қалпына келтіруге тырысатындар көп. Бұл ретте дәрігерлер асықпауға кеңес береді. Мұндай әрекеттерді 6 айдан кейін дәрігеріңізбен кеңесіп барып жасаған дұрыс. Төсек қатынасына 8 аптадан соң, онда да дәрігерлік тексерістен өткеннен кейін түскен абзал. Себебі, босанудың қай түрінде де жатырда жарақаттың болатыны анық. Оның үстіне төсек қатынасы кезінде жыныс жолдарына инфекция түсіп, қабыну процестері орын алуы мүмкін. Сондай-ақ, отадан кейін созылған тері қалпына келуде арнайы бандажды қолдану қауіпті саналады. Мамандар бұл кезде бұлшықеттердің өз бетінше жұмыс істегенін дұрыс деп отыр.

Қалай болғанда да кесарь тілігі әдісінен кейін ағзаның қайта қалпына келуі қиын. Мұны отамен босанған әрбір әйелдің жақындары түсінуі тиіс. Сондықтан, отбасында әйелге жүктелген міндеттер мен бала күтімінде оларға көмек керектігін ұмытпаңыз!

Айгүл Керімбайқызы

Редакция

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *