Кері ағымдардан кедергі көп

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге ағылып келген өзге діндермен күрес қарқынды жүргізілсе, бертін келе ата-бабамыз ұстанып келе жатқан Ислам дінінің өзінен ішінара жік шығып, көптеген адамдар кері ағымдардың ықпалына түсіп жатты. Қоғамда экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары басталып кетті. Өз кезегінде, мемлекет болашағымыз үшін дінаралық, ұлтаралық бірлікті сақтау жолында барынша тиімді саясат жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында Қазақстан өзін зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алатыны айтылған. Осы орайда, облыс аумағында керағар ағымдармен күрес қалай жүргізіліп жатыр деген сауалға жауап іздеген едік.

 

Кері ағымдардан кедергі көп120 кездесу өткіздік

Мәди БЕСБАЕВ, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ директорының орынбасары, дінтанушы:

– ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» облыста діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер, студенттер, жастар арасында, жалпы қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен бірлесіп кездесулер өткізеді. Яғни, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
Бірінші кезекте, облыста дін мәселелері бойынша ақпарат-насихат тобы құрылған. Сол топтың мүшесі ретінде біздің орталықтың мамандары облыс көлемінде барлық қала мен аудандарда кездесу өткізіп тұрады.
Мәселен, жыл басынан бері 120 кездесу өткізілді. Бұрын біз тек облыс, аудан орталығында ғана жиналыс өткізсек, қазір ауылдарға да шығамыз. Одан бөлек, облыс орталықтарында діни бірлестіктермен заңның аясында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарымен, облыстағы алты түзеу мекемесіне де үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Экстремизм, терроризммен сотталған, оның ішінде деструктивті ағымдарды қолдайтын азаматтармен жеке және жалпы кездесулер өткіземіз.

Біздің орталықтың ерекшелігі, деструктивті ағымдағы зардап шеккен азаматтарға психологиялық, теологиялық көмек көрсетеді. Және өзге ағымға өтіп кеткен адамдармен де оңалту жұмыстарын жүргіземіз. Оларды оңалту кабинетіне шақырып, сол жерде психолог, теолог дінтанушы мамандар олармен әңгіме жүргізеді. Оны сенім телефоны арқылы (36-54-49) жүзеге асырамыз.

Орталықтың тапсырысы бойынша «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Дін мен дәстүр», «Мемлекет. Қоғам. Дін» тақырыбында қоғамда болып жатқан өзекті жайттар көрсетіледі. Биыл орталық тарапынан 30 мыңға жуық кітапты шығаруды жоспарладық. Оның 21 мыңы шығарылып, күнгейдегі мешіт жамағатына таратып жатқан жағдайымыз бар. Біздің орталықта 28 қызметкер бар, оның 17-сі білікті дінтанушы. Мақсатымыз – діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және керағар ағымдардан азаматтарды әсіресе жастарды сақтандыру, алдын алу іс шараларын өткізу.

2015-2016 жаңа оқу жылы басталған кезде 120 кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Облыс көлемінде әр ауданнан үш мектеп, колледж, жоғары оқу орындары бар аудандарды аралап, керағар ағымдардың іс-әрекетінен сақтандыру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Түсіндіру жұмыстары кезінде өзімізден шыққан әдебиеттерді, материалдарды, бейнероликтерді, плакаттар таратамыз.

Конфессияаралық келісім моделін қалыптастырушы мемлекет ретінде танылып келеміз. Оның дәлелі, Қазақстанда 5-ші рет Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің өтуі. Қазақстан тек қана бейбітсүйгіш дінді қолдайды, діни алауыздыққа жол бермейді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық діндерге бейтарап, толеранттылық құрметпен қарау негізгі бағытымыз болып табылады. Қазақстанда 11 конфессия дін өкілі өмір сүреді. Соның ішінде ең көбі Оңтүстікте. Облыста 786-ға жуық мешіттер бар.

Исламның емес, адамның кемшілігі

Омарқари Салимбеков, «Сейіткәрімқажы» мешітінің наиб имамы:

– Соңғы кездері БАҚ-тан, кейбір тұлғалардан, халықтан «Ислам діні түрлі ағымға бөлініп кетті, әрқайсысы әртүрлі киінеді, сақал қояды» деген әңгімелерді естіп жатамыз. Бұл Ислам мен шариғаттың кемшілігі емес, бұл адамның кемшілігі. Адам қай кезде адасады? Құранның жіберген аяттарын, ілімдерін дұрыс түсінбеген жағдайда. Себебі, Құранның, шариғаттың заңдылығы өзгермейді. Оның үкімдерін әу баста бекітіп кеткен. Ол сол күйінде қиямет-қайымға дейін кете береді. Өзгеретін, адасатын – ол адамдардың өздері.

Пайғамбарымыздың кезінде неге адамдар адаспады? Өйткені, Пайғамбарымыз сахабалардың көз алдында жүрді. Өмірден озған соң шариғат ілімдерін қадірменді сахабаларына тастап кетті. Сахабалары бар ілімдерді сол замандарда жас ұрпаққа жеткізді. Пайғамбардың мынадай сүйінші хадисі бар: «Алланың үлкен топ жамағаты қиямет-қайымға дейін жүре береді. Олар адаспайтын жамағат». Осылардың сыртында салафизм, уахабизм, суфизм немесе хизбут-тахрир сияқты басқа да топтар шыға береді. Бұлар елу жыл, жүз жыл өмір сүретін шығар, бірақ нәтижесінде қалып қояды. Олардың ислам әлеміне соның ішінде айрандай ұйып отырған мемлекеттерге тигізетін әсері жоқ емес. Мәселен, өсіп келе жатқан жас ұрпақты тез арада өзінің жолына арбап тартып алып жатқан жағдайлар көп. Дегенмен бұл мәселеге жол беріп қоймауымыз керек.

«Отан – отбасынан басталады» дейді ғой, әрбір шаңырақтағы ата-ана балаларына дініміз ислам, оның ішінде суниттік бағыт, соның имам Ағзам әбу Ханифа мазхабын ұстанатын мұсылманбыз деп тәрбие берсе, сырттан келген кез-келген кері ағымдарға төтеп бере алады. Президентіміздің халыққа Жолдауында да көпұлтты зайырлы мемлекет екенімізді, мұсылманшылықты ұстанатын мемлекет екенімізді айтып өтті. Ол үшін халыққа дінді дұрыс жеткізе білетін имамдар қажет деді. Қазіргі таңда имамдар оқытылып жатыр. Ілімі жоқ, діннен хабарсыз адамға «сақал қойып, үстіне формасын киіп алып, артымнан еріңдер» десе бес минуттың ішінде еріп кетуі мүмкін. Ал оның жүрегінде білімі мен иманы күшті болса, сырттан келген болсын, іштен шыққан болсын керағар ағымға кіріп кетпейді.

Құдайға шүкір, қазір бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе бүкіл мешіт, медреселерде муфтияттың бұйрығымен ораза кезінде, қазір де тегін сабақ жүргізілуде. Мектеп жасындағы ақыл-есін білетін балаларға дін мен шариғат үйретіліп жатыр.

Қысқасы, қазір кері ағымдармен көркем түрде күрес жүргізілу үстінде. Барлық мешіттерде, діни орындарда қай топтың адасқандығын, қай топ қате екендігі туралы ашық насихат жүргізуге рұқсат берілген. Оның нәтижесі бар, керағар ағымнан қайтып жатқан азаматтар бар.

Абдулла БаһадҮр, «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, дінтанушы:

– «Нұр-мұра» қоғамдық бірлестігі 2009 жылдан бері 1300-ден астам кездесу, конференция, семинар, дөңгелек үстел, флешмобтар өткізді. Жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде, демалыс лагерьлерінде, әскери бөлімшелерде, әкімшілік қызметкерлер арасында, құқық қорғау органдары мен түрмелерде насихат жұмыстарын жүргізді. Облыстық ішкі саясат басқармасы және қалалық ішкі саясат бөлімімен барлық аудан, қала, елдімекендерде халықпен, жаздық лагерьлерде оқушылармен кездесіп, арамза секталардың арандату істерін әшкере етіп, олардан сақтану шараларын түсіндіретін үнпарақ, кітапшалар тараттық. Көшелерге насихат баннерлері ілінді. Астана және Алматы қалаларында өткен республикалық мәні бар жиындарға қатысып, өз ұсыныстарымызды жасадық. Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау облыстарында насихат жұмыстары жүргізіледі. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында 2005-2014 жылдары апта сайын «Нұр-Мұра» діни бағдарламасында ұлттық дәстүр мен қазақтың салтын насихаттайтын іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бірлестік қазірге дейін керағар ағымдарды айшықтайтын фильмдер мен роликтер түсіріп, халыққа уағыз, насихат жүргізуде.

Имамдарға да жалақы төленсе

Ғани ТАШҚАРАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Фило-софиялық тұрғыдан айтатын болсақ, дінді апиын деп жатады. Бірақ, бір шетінен дін керек. Өйткені, адамдарға сену керек. Біз мұсылманбыз. Қазір ислам дінінің ішінде көп ағымдар іріткі салып жатыр. Кейбір жас жігіттер әке-шешесіне келіп «Сен неге намаз оқымайсың?» деп ұрсады екен. Исламда олай айтылмаған. Адам дінге өз еркімен келуі керек. Ал басқа ағымдар өздеріне қаратып алмақшы. Бұл енді саясат қой. Қазақстанға бөтен идеологияны кіргізудің қажеті жоқ. Мен қазір екі мешітке қаржылай көмектесіп жатырмын. Бірақ, көмектесер алдын олардың жат ағымдардан таза екендігін тексеріп алдым.

Біз егеменді елміз. Ата заңымызда дін мен мемлекеттің бөлек екендігі жазылған. Ең басты байлық – адам өмірі. Сол себепті, менде бір ұсыныс бар. Еліміздегі барлық мешіттің имамдарына жалақы төленуі керек. Мысалы, Түркияда мемлекет имамдарға айлық төлейді екен. Иә, біз ислам мемлекеті емес, зайырлы мемлекетпіз. Десе де, имамдардың жалақы мәселесін шешу керек сияқты. Болмаса Бас муфтияттан республикалық қор ашылып, сол қордан имамдарға айлық берілуін құптаймын. Себебі, басқа ағымның өкілдерін қаржыландырып тұрған мүдделі топ бар. Бізде де өз имамдарымызды қаржылай көтерсек, олар да өз жұмысын тиянақты жасар еді.

Айнұр Жақыпова, мектеп мұғалімі:

– Кері ағымдар əсіресе дінді бұрмалау-шылар қазір бəрін «өз ыңғайына» лайықтап алды. Соның салдарынан Құранда ажырасуға тыйым салынса да, бір айдың ішінде бірнеше рет үйленіп, ажырасып жататындар көп. Көзі ашық азаматтар ешкімге сенбей-ақ, Құран тəпсірін қолға алып, түсініп оқығаны дұрыс еді. Жалған ағымның жетегіне кеткендерді «олар әлі Қасиетті Құранды өз бетімен қолына алып оқымағандар» деп түсінемін.

Түйін:

Қорыта айтқанда, жалпы дәстүрлі емес діни ағымдардың барлығына дерлік бірдей тән нәрсе – өздерінің рөлін, доктриналарын, идеялық принциптері мен мақсаттарын, рухани байлықтарының құндылықтарын тым ерекше деп санауында. Олардың ешқайсысы да қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Түрлі дәстүрлі емес діни қозғалыстардың көздегені отбасын ойрандату, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасау, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян келтіру.

Дәстүрлі емес діни қозғалыстар жастарды өз қатарына тартса, еліміздің заңын құрметтемейтін болады, әскерге бармайды, қолына қару алып Отанын қорғамайды, салтымыз бен мәдениетімізге атүсті қарайтын болады. Сол себепті, қоғамның барлық азаматтары ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл діні исламды қастерлеп, жастарды отаншыл, салт-дәстүрін құрметтейтін етіп тәрбиелеуге барынша жұмылуы қажет.

Дайындаған – Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *