Көлік нарығын не күтіп тұр?

Өткен аптадан бері темір тұлпар алғысы келген ағайынның көңілі алаң-елең. Сауда сап тыйылып, көлік аламын деп жинаған қаражатын енді қандай валютада сақтарын білмей отырған жұрт қазір әліптің артын бағуда.

 

Алдағы уақытта автокөлік нарығында баға қандай болмақ? Баға көтеріле ме? Қазір көлік сатып алған тиімді ме, тиімсіз бе? Көптің көкейінде жүрген осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Сонымен доллар бағамының аспандап кеткенін пайдаланып, кейбір автодиллерлер көлік құнын қымбаттатты. Сөйтіп, бір мезетте шетелдік темір тұлпарлардың бағасы шамамен 25 пайызға көтерілген. Мәселен еліміздегі автосалондарда темір тұлпардың бағасы шарықтап тұр. Айталық, жаңа бағамға бірінші болып көшкен «Астана моторс» компаниясында жаңа темір тұлпарлардың құны бірден 10 пайызға қымбаттаған. Яғни, бұл маркалы көліктер бұрынғы бағасынан 250 мың теңгеге қымбат саудалануда. Сондай-ақ, көпшілік арасында сұранысқа ие жапондық субарудың да бағасы едәуір өскен.

Көлік нарығын не күтіп тұр?

Мәселен «kolesа.kz» сайты бағаларға сараптама жасай отырып, «Toyota», «Lexus», «Kia», «ŠKODA», «Chevrolet», «Mercedes-Benz», «Ford», «Audi», «Porsche», «BMW», «MINI» и «Rolls Royce» сияқты маркалы көліктердің бағасы өскенін айтады. Яғни, Еуропадан шығарылатын, әрі еуро мен доллармен саудаланатын бұл тұлпарлардың бағасы өзгеріссіз қалған. Теңгемен алғыңыз келсе, доллардың қазіргі бағамымен алмастырып, сатып алуға болады. «Toyota» мен «Lexus» модельдері 26%-ға жоғарыласа, «Hyundai» маркалы көлігі кейбір салондарда 10%-ға көтеріліпті. Бағаны отандық автоөндірушілер де ұстап тұра алмауда. Мәселен, елімізде құрастырылатын көліктердің де бағасы біршама өскені байқалады. Сайттың берген мәліметіне сүйенсек, «Kia» маркасы орта есеппен – 32%-ға, «Chevrolet» – 29%-ға, «ŠKODA» 25%-ға қымбаттаған. Сарапшылардың пікірінше бұл марканың кейбір түрлері жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына енгізілмегендіктен құны көтеріңкі болып тұр. Десе де бірқатар көліктерге автосалондарда жеңілдіктер де жоқ емес. «Kia Rio» моделіне арнайы акция жасалып, құны 1 долларға шаққанда 208 теңгемен сатылуда. Ал «Chevrolet» маркасының кей түрлеріне 35 %-дық жеңілдіктер жасалып отыр. Шкоданы да төмен бағалармен алуға болады. «Тойота»-ның кейбір түрін делдал компаниялар доллардың тиімді бағамымен сатылымға қойған. Бағам ауыспай жатып елге жеткізілген «Audi» мен «Porsche» көліктері сатылымға ескі курспен қойылған. Дәл осындай бағалар, «Ford» диллерлік орталықтарында да сақталып отыр екен. Ресейлік «Лада» компаниясының танымал «Гранта» моделі шамамен 168 мың теңгеге қымбаттаған.

Андрей Лаврентьев, «AllurGroup» автомобиль компаниялары тобының президенті:

– Мемлекеттік бағдарлама бойынша ақша алдық. Сондықтан біз бағаны өсірмейміз. «Агромаш холдинг», «Сарыарқа Автопром» мен «Хюндай автотранс» сияқты үш өндірушінің атынан көліктер қымбаттамайды деп нақты айта аламын. Сайтқа кіріп, машиналар салонда бұрынғы бағамен тұрғанына көз жеткізсеңіздер болады.

Күзде көлік сатып алу-шылардың белсенділігі артатындықтан, кейбір дистрибьюторлар жазғы жеңілдіктерінен бас тартып отыр. Кейбір БАҚ-да «AllurGroup», «Астана Моторс» көлік саудасын тоқтатты деген ақпаратты байқадым. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Барлық жерде сауда жүріп жатыр.

Отандық көліктердің бағасы

Елімізде шығарылатың көліктердің бағасы жыл соңына дейін 5-6%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьев мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге темір тұлпар бағасының өсімі байқалмайды. Өйткені, Қазақстандағы көліктер және автокөлік жинайтын кәсіпорындардың платформаларындағы машиналарға баға белгілі бір деңгейде белгіленген. Алайда алдағы уақытта аздап өзгеріс болуы ықтимал. Оның өзі нарыққа аса білінбеуі мүмкін. Яғни бағаның өсуі құнсыздануға байланысты болмайды. Біршама қымбаттау нарықтағы құбылыстарға орай орын алады. Сауда болғаннан кейін ондай әрекеттердің болуы заңдылық. Бірақ одан артық көтерілмейді,-дейді Андрей Лавреньтев. Оның сөзіне қарағанда, валюталық дәліздің бағамы 200 теңгеге дейін белгіленген және осы дәліздің аралығында саудаларын жүргізуде. Сонымен қатар «СемАЗ», «АгромашХолдинг», «СарыарқаАвтоПром» секілді компаниялар өздерінің бағаларын белгілеп, әзірге көлік құнын көтеруді көздеп отырған жоқ.
Ал «Азия Авто» компаниясының президенті Ерік Сағымбаевтың сөзінше көлікті жинауға арналған бөлшектердің көбін шетелден тасымалданатындықтан, бағаны көтеруден басқа амал жоқ көрінеді. Компания басшының доллар бағамының өсуі нарықтан импортты ығыстыруға сеп болады деп отыр. Десе де отандық машина жасауды қолдауға арналған үкімет тарапынан қаралған 10 млрд. теңге дер кезінде бөлінген көрінеді. Енді бұл бағаның өсуін тоқтатуға септігін тигізеді. Әрі бұған дейін әзірленген жүйе бойынша авто әуесқойларды жылына 4% үстемақымен несиелендіруге мүмкіндік береді.

Ал осы тұста Алматының бірнеше банктерінде автокөлік үшін несие беру уақытша тоқтатылды. Мұны банк менеджерлері растап отыр. Айтуларынша, несие бағдарламасына өтініштер қабылданып жатыр. Тек банк қызметкерлері өз клиенттеріне несиенің жуырда берілмейтінін ескерткен. Яғни, көлік сатып алғысы келетіндер автонесие баєдарламасы іске қосылғанша күте тұруға мәжбүр.

Ерік Сағымбаев, «Азия авто» АҚ президенті: 

– Рубльдің құнсыздануы Ресейдің көлік импортының өсуіне әкелгені белгілі. Бүгінгі күні Қазақстан мен Ресей осы салада бір-бірімен үлкен бақталас. Ал теңгенің еркін айналымға жіберу туралы шешім компанияларымызға Ресейдің автоөндірісімен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Жуық арада нарықтағы үлесімізді арттырмақпыз.

 

Бағаның өсуі қаржыгер Бақберген Дәулеттің пікірінше, көліктердің қымбаттауы уақытша үрдіс. Жақын арада темір тұлпарлардың бағасын нарық өзі реттейді. Мәселен, Қостанай мен Өскемендегі зауыттардың қуаты ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Егер үкімет осы саладағы бағдарламаларды толық орындап шықса, импортты қысқартып, экономиканы күшейтіп, теңгенің басымдығын арттыруға болады. Өз кезегінде Индустриялық даму институты мамандарының айтуынша, мемлекет қазір отандық автоөнеркәсіпке индустрияландыру бағдарламасы бойынша біршама көмек беруде. Лизингкке алынған автокөліктерге субсидия бөледі, инвестордың құрылыс-монтаждау жұмыстарына кеткен шығынының 30 пайызын өтейді. Мамандар бұл қадамдар отандық автокөлік құрастыру саласының дамуына жаңа серпін береді деген пікірде.

Түйін:

Отандық сарапшылардың пікірінше, қазір көлік сатып алуға асықпаған абзал. Себебі нарықтағы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы әлі де тұрақсыз болып тұр. Жорамал бойынша, алдағы күндері ұлттық валютаның бағамы тұрақталуы тиіс. Тек содан кейін ғана тұтынушылар өз таңдауын жасағаны жөн. Бұл отандық сарапшылардың пікірі.

Өзбекстан Қазақстаннан тасымалданатын көліктерге шектеу қоймақ

Өзбекстанда 1-ші қыркүйектен бастап Қазақстанда шығарылған автокөліктердің импортталуына шектеу қойылмақ. Біздің елден тасымалданатын және жинақталған көлік құралдары акцизсіз болып есептелінбекші. Бұған дейін осындай шектеу Ресей және Украина елдерінен әкелінетін темір тұлпарларға қойылған болатын. Айта кету керек, Өзбекстанға жылына 10-12 мың шетелдік автокөлік тасымалданады екен.

Айнұр Ақбаева

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *