Көксай қашан сүріледі?

img_6534Шымкент көркейіп келеді. Түрленіп келеді. Қаланың бір шетіне көп уақыт бойы жолың түспей бір күні бара қалсаң әсем ғимараттардың бой көтергенін байқайсың. Архитектуралық бейнелермен безендіріліп, керемет кейіпке енгенін көресің. «Бұрын жоқ еді ғой» деп тамсанасың. Бірақ… Әсем кейіпті қаланың көңілге кірбің түсірер олқы тұстары да бар екенін жасыра алмаймыз енді.

Әсіресе темір жол вокзалының маңындағы бұрынғы атауы «Зеленая балка», бүгінгі аты Көксай ықшамауданы ескі қышлақ күйінде қалып кеткені күйіндіреді. Тіпті айдалада ұмыт қалған ескі аралдай. Төбесін қара қағазбен жапқан, саманнан тұрғызылған, жапырайған үйлер ықылым заман туралы көне киноларға таптырмас сюжет бола алады. Үйлердің арасындағы бір аяқ жолмен темір жол вокзалына шығуға болады. Ал вокзалдың бергі бетіне өтсеңіз жаңа дәуір басталады. Екі аралықтың аспан мен жердей айырмашалығы ғасырлар өтсе де шешілмей келеді.

Жуырда Көксай ықшамауданы сүріледі екен, орнына көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, заманауи кейіпке енеді деген ақжолтай хабарды естіп қуанып қалдық. Әзірге бұл жоба күйінде тұр, яғни қағаз бетінде. Оның жүзеге асар, аспасы патша уақыттың еншісінде.

 

Көшесі жоқ Көксай…

Көксай 2, Көксай 3 ықшамауданы негізінде заңсыз құрылыс саналады, бұрындары Нахаловка болған. Ол жердегі тұрғынжайлардың 20 пайызы ғана заңдастырылған, қалған 80 пайызының құжаттары жоқ. Көп аумағында жүйелі көше болмағандықтан өрт сөндіруші, жедел жәрдем қызметі бара алмайды. Жол жоқ, жөнді көше де жоқ. Егер жедел жәрдем шақырса науқасты негізгі үлкен көшеге көтеріп шығарады. Қаланың ең криминалды ауданы саналады. Темір жол вокзалына қарай бұрын көксайлықтар кез-келген жерінен кесіп өте беретін. Күндіз болсын, түнде болсын. Аспалы көпірдің барына қарамастан. Ақыры темір жолдағы қайғылы оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты «тұрғындар тек аспалы көпірмен ғана өтсін» деп темір жолды айнала қоршаумен бекітіп тастаған болатын. Бірақ соған қарамастан тұрғындар әлгі темір қоршаудың әр жерін тесіп өткел жасап алды… Бұдан басқа да түйіні тарқатылмаған мәселелері жетіп артылады. Көксайдың күйі бұған дейін де талай мәрте көтерілген. Бірақ әліге дейін мәселенің күрмеуі кертіліп, түйіні тарқатылған жоқ. Шұбатылған шерудей әліге дейін шешімін таппай созылып келеді… Қаланы көркейту жұмыстарына жарияланған мемлекеттік сатып алу байқауында «Купол» ЖШС-і жеңімпаз деп танылыпты. Жобасы жасалынып, көркейтілуі тиіс аумақтардың ішіне Көксай 2, Көксай 3, Асар 2 ықшамаудандары мен Сайрам қалашығы кіреді. Әзірге Көксай ықшамауданының жобасы дайын тұр. Ол бойынша Көксай 2, 3-тегі барак үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылуы тиіс. Темір жолдар, өрт сөндіру бекеті, мектеп ғимараттары сақталынады. Саманнан салынған үйлер әрине құрылыс нормаларына сай келмейді. Бұл мәселені шешудің екі нұсқасы бар, біріншісі барак типтес үйлерді сол қалпында қалдыру. Ал екінші нұсқада жаңаша кейіпке келтіру үшін барак үйлердің орнына жаңа заманауи үйлер тұрғызу. Әрине, кім де болса қаланың әсем кейіпке еніп, түрленгенін қалары сөзсіз.

img_6519

Жоба жақсы, шешім қалай болмақ?

Бүгінде «Купол» ЖШС-і Көксай 2, Көксай 3 ықшамауданы сүрілген жағдайда жаңаша жобасын дайындаған. Аталған серіктестіктің жоспары бойынша темір жол вокзалы маңынан бастағанда 3 шақырым маңайдағы өрт сөндіру сынды аса қажетті нысандар қалдырылады. Ықшамауданның аумағы 174,15 шаршы метр болса, сүрілуге жататын аумақ 148,68 шаршы метрді құрайды. Бұл жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр. Көксай ықшамауданы бас жоспар бойынша әбден зерттеліп, зерделенген. Мұнда іргетасы бардан жоқ үйлер де бар. Қаламыз сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыны белгілі. Егер де жер сілкінген жағдайда әлгі үйлер түгелге жуық қирап қалуы әбден мүмкін. Оған біреу жауап беруі керек, әрине. Орнын сипап ойбайлағаннан көрі, алдын алған әлдеқайда тиімді емес пе? Инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізілуі керек еді кезінде. Бірақ көше болмағасын қалай жүргізіледі? Тротуар, арықтарды айтпағанның өзінде.

Кей сәулетшілер облыстық бюджеттің, калалық бюджеттің ақшасы жетпесе, инвестор тарту қажет деп есептейді. Бұл жобаның әлі бір қайнауы ішінде. Сәулетшілердің қағаз бетіне түсірген сызбалары ертең тұрғызыла салады деген сөз емес, әрине. Тек қаламыз осындай болса деген армандары. Шымкенттің сәулетшілері екі күн бойы аталған жобаны талқылады. Ортаға ой тасталды, пікір талқыға салынды. Сәулетшілердің бірі ақша табылмаған жағдайда тығырықтан шығудың бір тетігі ретінде бұл жобаны «Қазақстан темір жолы» АҚ-на беру туралы ұсыныс айтты. Аталған мекеме темір жолды жағалай өзінің базасын салсын, ескі типтегі үйлерді сносқа жіберіп, сол жерге тұрғын үйлер салсын. Үлкен бір темір жол қалашығы болып қалар еді» деген ұсыныс та айтылды. Жиында талқыланған мәселелер протоколға түзіліп, әкімге жолданды. Егер әкімнің қарауынан өтіп, мәслихатқа жолданса, депутаттардың алдында жоба қорғалуы тиіс.

Дегенмен бұл мәселені жергілікті билік, депутаттар қалай шешеді, қаражат жағы қалай болары әлі белгісіз. Бұл жобаның әлі соңғы нүктесі қойылған жоқ. Тек қағаз бетінде архивтерде шаң басып қалып кетпесе дейсің. Маңдай терін төгіп еңбектенген сәулетшілердің бар жұмысы іске асып, аспанмен таласқан зәулім үйлер бой көтерсе әрине үшінші мегаполистің ажарын ашары анық. Екі дәуірдің куәгері болған көне «жәдігерлер» (егер қирап қалмаса), келер ғасырларға қалып кетпесе дейсің.

Гүлжан ЖҰМАШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *