Күйзелістен шығудың алты қадамы

Кейде таныстарымыздан не болмаса туыстарымыздан «Жан дүнием күйзеліп жүр», «Менде стресс», «Депрессияда жүр едім» деген тіркестерді жиі естіп жатамыз. Бұл шаршаудың бір түрі ме әлде ауру ма?

Күйзелістен шығудың алты қадамыАмерикалық ғалымдардың зерттеуінше, өз көңіл-күйінің нашарлауын осылай деп түсіндіретіндердің 30,6%-ын ер азаматтар, 33,3%-ын нәзікжандылар құрайды екен. Сондай-ақ, ғалымдар жасөспірімдер мен балалардың да депрессияға жиі шалдығатынын айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша жүрек ауруынан кейінгі екінші орында депрессия тұр. Депрессия – жабығу, торығу, күйзелу деген мағынаны білдіреді. Яғни, күнделікті күйбең тірліктің қамы мен бүгiнгідей экономикалық, рухани дағдарысты уайымдайтын жандардың жүйкелерi жұқарып, күйзеліске ұшырайды. Мамандар жүйкенің сыр беруіне табиғаттың да әсері бар екенін айтады. Айтуларынша, бір ысып, бір суыған ауа райы, күн сәулесінің азаюы «бақыт гормоны» серотониннің өңделуін бәсеңдетеді. Салдарынан адамның көңіл-күйі нашарлап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Көңілсіз ойлар пайда болып, күйзеледі. Осылайша, жүйкесі жұқарғандардың қатары күн сайын толығып жатыр…

Емдік әдістері

Дәрігерлердің күйзеліске шалдыққандарға антидепрессанттарды тағайындайтыны белгілі. Бірақ, егер депрессия дендемеген болса, осы дерттен шын мәнісінде құтылуды діттесеңіз, одан ешқандай дәрі-дәрмексіз-ақ, айығып кетуге болады екен. Оған көне дәуірден бері қанатын кеңге жайып, ХІХ ғасырдан бастап тереңірек зерттеле бастаған бұл дертті ол заманда әуенмен немесе пайдалы тұнбалармен емдегені дәлел.

Психолог-дәрігерлер депрессиядан құтылғысы келетіндерге:

1. Негативті ойлардын аулақ болыңыз. Қоршаған ортаны және өзіңізді сүюді үйреніңіз;

2. Достарыңызбен көбірек уақыт өткізіңіз;

3. Жиі серуендеңіз;

4. Спортпен шұғылданыңыз;

5. Зиянды әдеттерден бойыңызды аулақ ұстаңыз;

6. Сыртқы келбетіңізге көбірек уақыт бөліңіз, деген ақыл кеңес айтады.

Сондай-ақ, депрессия кезінде:

– Ақтарыла сөйлессе;

– Хат жазса (белгілі-бір мекенжайды көрсетудің қажеттілігі жоқ);

– Өзіне сыйлық жасаса;

– Өзгеге жақсылық жасап, көмектессе;

– Қайғыны ойынан жуып-шайып тастап, қайтып еске алмаса;

– Жақсылық пен жамандық қатар жүретіндігін ұмытпаса;

– Қағаз бен қаламға тек жақсы нәрселерді жазып, сол жақсылықтарды орындауға тырысса, денсаулығы оңалып, жүйкесі қалпына келеді.

Мөлдір Баймұханбетова, психолог:

– Жалпы психикалық аурулар шартты түрде екіге бөлінеді: невроз және психоз. Невроз (депрессия, стресс, дистимия, т.б) кез-келген адамда кездесуі мүмкін. Жақын адамнан айрылу, нашар бастық, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, ауыр жұмыс, ақшаның жетіспеушілігі үрей тудырып, ауруға ұшыратады. Ал, психоз тұқым қуалау немесе аварияға ұшырап, бастан жарақат алу барысында, не инфекция әсер еткен соң туындайды. Невроз һәм психоз ауруы Кеңес заманында Қазақстанда бір пайыз болса, қазір Республикалық психиа-трия, психотерапия және наркология республикалық ғылыми-практикалық орталығының мәліметі бойынша 30 пайызға жуығын құрап отыр. Бірақ, адамдар депрессияны ауру ретінде емес, жай ғана құбылыс ретінде қарап, оған мән бермейді. Сөйтіп, дәрігерге қаралуды жөн санамайды. Біле білсеңіз, емдемесе депрессияның соңы өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталуы мүмкін.

Дұрыс тамақтана білейік!

Мамандар депрессия кезінде дұрыс тамақтанудың да рөлі зор екенін жасырмайды. Айтуларынша, соңғы зерттеулерге сәйкес, Скандинавия және Азия елдерінің тұрғындары арасында депрессияға шалдығатындар аз. Оның себебі – ас мәзірінде. Жоғарыда аты аталған елдердің ас мәзірін зерттеген дәрігерлер, аталмыш аурудың алдын алу үшін депрессияға шалдыққандар мен сау адамдардың ас мәзіріне:

1. Көмірсуға (серотониннің бөлінуін жақсартып, көңіл-күйдің көтерілуіне себепші болады);

2. Ақуызға (тауық, үндік, балық етімен қатар сүт өнімдерін пайдалану абыржуды басып, белсенділікті арттырады);

3. В дәруменіне (в2, в6 дәрумендері мен фолий қышқылы депрессияның алдын алуға көмекеседі)

4. Амоноқышқылға (серотониннің бөлінуін қамтамасыз етеді) бай тағамдарды қосуға кеңес береді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *