Іскерлігімен мәлім Сарыағаш

4-saryagash-kopiya

Елбасының жолдауында айтылғандай, «кәсіп ашамын, өз ісімді бастаймын» деген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Сондықтан да Оңтүстік өңірінде осы саладан нәпақасын табуға ниеттенген азаматтарға бүгінде айтарлықтай жағдай жасалған. Облыс орталығы Шымкенттен бөлек әрбір ауданда кәсіпкерлік мектебі, кәсіпкерлер палатасының филиалдары, кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары жұмысын бастады. Ондағы мамандар ісін енді бастаған азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар негізінде жеңілдіктер алуға көмектеседі.

 

Жиһаз цехын ашқанына 14 жыл

Сарыағаштық кәсіпкер Ғалым Қашыбаев жиһаз шығаруды қолға алған. Үкіметтің жергілікті жерлерде шағын және орта бизнесті жандандыру тапсырмасы аудандарда табысты жүзеге асырылуда. Сарыағаш қаласының орталық көшелерінің бірінде орналасқан дүкенде тұрмысқа қажетті жиһаздардың түр-түрі бар. Жатын бөлме, асхана жиһазын іздеп көршілес Ташкентке немесе облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Құрастырылуы күрделі жиһаздарды сарыағаштық кәсіпкерлердің өздері шығаратын болған. Бастапқыда кәсібін жұмсақ жиһаз жасаудан бастаған олар түскен табысты бұйымдардың қатарын толықтыруға жұмсапты. Бірінші кезекте өндіріске қажетті құралдар мен жабдықтар алынған болатын, есесіне ағаш жону, кесу сияқты істе қиындықтар жоқ. Шағын кәсіпорын шикізатпен де толық қамтылған. Кәсіпкер Ғалым Қашыбаев өндіріс орнын 2002 жылы ашып, бүгінде осындай дәрежеге жеткенін мақтанышпен айтады.

Жиһазды құрастыруға тиісті ағаш материалдары Ресейден жеткізіледі. Олардың дизайнына осындағы тәжірибелі маман жауапты. Кәсіпорында жұмысшылардың басым бөлігі жастар. Мұнда №12 колледждің студенттері іс-тәжірибеден өтеді. Өндіріс орны мен дүкеннің бір ғимаратта орналасқаны тапсырыс берушілер үшін өте ыңғайлы. Өнімнің сапалы екендігін естіп келген тұрғындардың бірі – Жазира да мұндағы тауарлардың бағасы қолжетімді екеніне көзі жетіп, тапсырыс беруде. Ол шкаф-купеге тапсырыс бергенін, осындағы шеберлер ойындағыдай жиһаз жасап беретініне сенетінін айтады.

Кәсіпкер Ғалымжан өндірісін бұдан да кеңейтпек ниетте. Ол үшін кәсіпкерлер палатасының ұсынған несиелік шарттарын меңгеріп жатыр. Жиһаз саласында бүгінде бәсекелестік жоғары екенін ескерген кәсіпкер жиһаздарды тұрғындардың талғамы бойынша жасауды қолға алмақ. Ол үшін қосымша заманауи қондырғылар, құрылғылар қажет.

Кәсіпорынның тәжірибелі маманы Мұрат Садықов кәсіпкерлікті қолдауға қатысты өз ойларымен бөлісті.

– Мемлекет субсидия беріп, қолдау жасап жатыр. Алайда өндіріске қажетті жабдықтарды Қытайдан не Ресейден жеткізуде кеденде қиындықтар көп. Баж салығының құны тым жоғары. Мәселен, көрші Өзбекстанда шағын және орта бизнеспен айналысатындар еш кедергісіз қажетті техникаларын, жабдықтарын кеденнен өткізіп, кәсіптерін дөңгелетуде. Жиһаз жасауда олар бізден 10-15 жыл алда келеді. Осы мәселелерді Үкімет шешіп берсе, кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсетілген болар еді, -дейді Мұрат Садықов.

Кедендегі бұл күрделіктер жайы жақында өңірімізде жұмыс сапарымен болған Парламент Мәжілісінің депутаттарына да айтылды. Мәжілісмендер жергілікті кәсіпкерлердің өтінішін өз отырыс-тарында талқылап, тиісті шешім шығаратынына сендірген болатын. Жергілікті тауар өндірушілер берілген уәденің орындалатынына сенім артып отыр.

 

Тәулігіне 5 мың дана бөлке нан

Сарыағаштық Күлипа Оралова нан пісіруді 2008 жылы бастаған. Негізгі мамандығы – мұғалім. Отағасымен ойласа келе өз ісін ашуға бел буады. Көп ойланбас-тан кәсібін астың атасы наннан бастауды жөн көріпті. Сегіз жылдағы еңбегі еш кетпеді, қазір жемісін көріп жатыр. Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде тасы өрге домалаған кәсіпкер енді өндірісін кеңейтпек. Наубайхана отандық өнімдерді пайдаланады. Бастапқыда қабы 2 800 теңгелік әлеуметтік ұннан нан пісірген болса, қазір ұнның бір қабын 4 800 теңгеден сатып алады. Ашытқы Алматыдан, өсімдік майы — шымкенттік кәсіпорыннан жеткізіледі.

Бүгінде наубайханада 12 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда тәулігіне 5 мың дана бөлке нан пісіріледі. Кәсіпкер енді тәтті нан шығаруды қолға алмақ. Алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп қана қоймай, өнімдердің сапасын да арттырмақ. Ол мақсатта шетелдік сарапшыларды шақырамыз дейді. Әзірге наубайхана үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Нанға деген сұраныс жоғары, кәсіпкер Сарыағаш тұрғындарын күнделікті тұтынатын ас атасымен қамтып отыр.

 

Әрі емдейді, әрі кәсібін дөңгелетеді

Сарығаштағы Сіргелі ауылының тұрғыны Бақыт Наурызбаевтың кәсіпкерлікпен айналысқанына екі жыл болған. Ол емдік қасиеті бар шөп, жеміс жидекті жинап, бірінен тосап қайнатса, екіншісінен шырын өндіруді қолға алыпты. Өнімді мерзімінде жинау, оның құрамындағы витаминдерді сақтап, қайнату жолдарын кәсіпкер Ташкентте үйрендім дейді. Мысалы, көк жаңғақ тосабын әзірлеу үшін оны мамыр-маусым айларында Шақпақ ауылында жинаған.

Бақыт Қалмаханұлы – мал дәрігері. Ауылдағы бірқатар азаматтар кәсіпкерлікке бет бұрғанда, ол да өз арманына қол жеткізгісі келді. Халықты емдеп, көмектесуді көздейтін. Көп кідірмей, Сарыағаш ауданында ашылған кәсіпкерлер мектебіне келіп, бизнес жобасын жасауды үйренді. Қазір өз ісін қолдаған ұйымнан қаржылай көмек күтуде. Егер де кәсіпкерлер палатасына ұсынған жобасы тиімді деп табылып, «3 млн теңге несие берілсе, замануи қондырғылар сатып алатын едім» дейді кәсіпкер.

Бақыт Қалмаханұлы жерлестерінің денсаулығына алаңдаулы. Ұлт саулығын ойлаған ол, әсіресе, қыз – келіншектердің өз денсаулығына немқұрайлы қарамағанын қалайды. Жастардың арасында белең алған витамин жетіспеушілігі, бауыр, бүйрек, қан тамыр ауруларының көбейіп бара жатқаны – әлеуметтік мәселе. Сондықтан да экологиялық таза өнімді кеңінен пайдалану, сол арқылы ағзаны қуаттандыруды халыққа насихаттауды азаматтық парызы деп біледі.

 

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш ауданындағы филиалының менеджері Мақсұт Есбергеновтың айтуынша «кәсібін ашамын» деген азаматтар үшін мемлекеттік бағдарламалардың қатары артып отыр бүгінде, ауданда ол қарқынды жүзеге асуда. Биыл құны 900 млн теңгенің 65 жобасы мақұлданған. Олардың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Одан бөлек ірі жобалардың қатарында санаторий, минералды су шығаратын зауыттар тұр. Сарыағаштықтардың іскерлігі баршаға мәлім. Республикадағы жылыжайлардың 65 пайызы осы ауданда бой көтерген.

Шынар ОРАЗОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *