Инсулинге тәуелді әлди- өмір

whatsapp-image-2016-11-12-at-9-44-36-amОблыста соңғы екі жылда қант диабетімен ауыратын балалар саны артқан. Олардың жас мөлшері 2-3 жас аралығында. Эндокринологтар бұл кеселдің жасарып бара жатқандығына алаңдаулы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2030 жылға қарай диабет әлемде әрбір жетінші адамның ажалына айналуы мүмкін. Балалар арасында көбейіп жатқан аурумен күресудің жолы, жүктілік кезіндегі ескерер мәселелер және балалардағы қант диабетінің белгілері жайында мәліметтерді мамандармен бірге саралап көрдік.

Әлемде 300 миллионнан астам адам қант диабетімен ауырады. Өткен жылғы статистикада Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан 261453 науқастың 1500-і балалар. Ал, облысымыздағы балалар арасындағы мәселе тым күрделі.

— 2001 жылы эндокринолог болып еңбек жолымды бастадым. Ол кезде қант диабетімен жылына 1-2 бала есепке алынатын. Соңғы жылдары ауру саны күрт өсті. Қазіргі таңда жылына 54-56 бала диспансерлік тізімге алынады. Дәрігер ретінде науқас балаларға сараптама жасап, бақылау жүргізгенде байқағаным, тұқымқуалаушылықтан науқас балалар көбеюде. Бұдан бөлек, экологияның нашарлауы, көше тағамдары, газдалған сусындардың кері әсері де бар. Күнделікті қолданып жүрген заманауи техникалар компьютер, ұялы телефонның да зияны тиіп жатқандығын көпшілік біле бермейді. Осындай келеңсіздіктердің барлығы жинала келе аурудың пайда болуына ықпал етеді, — дейді облысымыздың бас балалар эндокринологы Махаббат Пердебекқызы.

 

Инсулинге тәуелді түрімен ауыратындар көп

Қант диабетін «сусамыр» деп те атайды. Сусамыр жеңіл-желпі қарайтын дерт емес. Әсіресе, өмір есігін ашқан сәбилердің өзі аурудың құрығына ілігіп жатқанда, қауіпті ауру демеске лаж жоқ. Өйткені дертке шалдыққан бала өмір бойы инсулинге тәуелді болады.

«Ұйқы безі астында лангерганс атты клетка болады. Ол инсулин деген гормон бөледі. Инсулиннің қызметі қандағы қант деңгейін реттеп отырады. Осы гормонның қызметі бұзылғанда қанда денешіктер пайда болады. Денешіктер клеткаларға қарсы шығып, оларды жояды. Яғни, ағзада инсулин тапшылығы басталады. Сондықтан, науқас жандарға қолдан инсулин егіледі» деп ауру жайында мағлұмат берді эндокринолог-дәрігер. Қант диабетінің 50-60-тан астам түрі бар. Балаларда оның 2 түрі кездеседі: олар инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз түрі. Махаббат Пердебеқызының айтуынша, балалардың дені инсулинге тәуелді түрімен ауырады.

 

Аурудың қарапайым үш белгісі
Қант диабетінің «маскасы» көп дейді эндокринолог-дәрігер Махаббат Пердебекқызы. Балғындардың басы, іші ауырады да, дертке шалдыққандығын арнайы дәрігерлік тексеруден өткізбесе білмей де қалуы мүмкін. Мәселен, қант диабетінің белгілері былай байқалады:
— Бала қатты шөлдейді;
— Жиі және көп мөлшерде зәр шығарады;
— Тәбеті жоғарылап, қанша тамақтанса да салмақ қоспайды.
— Баланың зәрінде қант пайда болғандықтан, жөргекті крахмалдап қойған сияқты қатты болады;
— Тез шаршап, ұмытшақ келеді.
Ата-ана үшін баланың бойындағы ауру белгісін байқау қиын емес. Дәрігерлер бала ағзасындағы мына үш белгіні байқағанда уақыт созбай медициналық тексерілуден өтуге кеңес береді.

Сонымен:
1.Егер бала көп мөлшерде су ішсе;
2.Түнде кіші дәретке тұрса (дені сау бала түнде дәретке шықпауы тиіс);
3.Салмағы азайса, ата-ана бұған алаңдауы тиіс.

Махаббат СЕРІКБАЕВА, облыстық балалар емханасының эндокринолог-дәрігері:
— Баланың саулығына көбінесе ата-аналары жауапты екендігі белгілі. Бүгінгі таңда ауруға себеп болып жатқан жағдайларды атап өттік. Техниканың заманы болғандықтан, әрине балаларымызға жаңалықтардан қалыс қалуға болмайды. Дегенмен, күні бойы компьютердің алдына телміріп отырудан сақтап, дұрыс тамақтануына көңіл бөлсе дейміз. Кемінде баланың таза ауада 1 сағат жүргені пайдалы. Артық салмақты балғындардың көбеюінің өзі қауіптілікті жақындатады.

Қауіпті топқа кімдер жатады?
Облысымызда 1 211 124 бала бар. Олардың жас мөлшері 1-15 жас аралығында. Созылмалы кеселмен ауыру қауіптілігін әрбірі басынан кешуі мүмкін. Себебі, аурудың пайда болуына індет балаға тек анадан, не әкеден берілмейді. Күнделікті талғажау ететін «чипсы», «кириешки», газдалған тәтті сусындар, тез дайындалатын көше тағамдарының ықпал ету пайызы басым екендігін жасырмады дәрігер. Әсіресе, мұндай азықтарды мектеп асханасында сатуға тыйым салу қажет дейді. «Ауру – кенеттен пайда болмайды. Қазіргі балалар мүлдем дұрыс тамақтанбайды. Оның үстіне, олар қатты стерссте жүреді. Бұлардың барлығы жиналып-жиналып, бір күні қауіпті дертке айналады», деді эндокринолог. Бұдан бөлек, дертке шалдығуда қауіпті топқа жататындар мыналар:

*Анасы қант диабетімен ауырғанда;
*Ата-анасының екеуі де диабетпен ауырғанда;
*Өткір вирусты дертпен жиі ауырғанда;
*Гастроэнтерологиялық ауруларда (гастрит, холецистит)
*Бала үлкен салмақпен өмірге келгенде (4,5 келі);
*Семіздікте.

 

Помпа терапиясының пайдасы қандай?
Медицинада инсулин егудің көптеген түрлері болған. Оған бір реттік ине, кейін ине-ручка да қолданылған. Ине арқылы ағзаға күніне 5-6 рет инсулин егілген. Бүгінде балалардағы қант диабетін емдеудегі керемет нанотехнологияның бірі – инсулинді помпа терапиясы бар. Елімізде 1-дəрежелі диабетке шалдыққан науқастарды емдеу үшін помпалы терапия əдісі тиімді қолданылып келеді.

— Инсулин помпасы – ағзаға инсулиннің аздаған мөлшерін енгізетін, өлшемі шағын ғана құрылғы. Помпаны белдікке іліп немесе киім астына жасырып, қалтада алып жүре алады. Кіп-кішкентай түтік помпаны тері астына орнатылған одан да жіңішке түтікпен (канюля деп аталады) жалғайды. Мұны қалаған кезінде, айталық, спортпен шұғылданғанда, душ қабылдағанда инфузиялық жүйені оңай ажырата алады. Оның ерекшелігі, құрылғы тәулікке қажетті инсулинді аз мөлшерде өзі бөледі,- дейді дәрігер. Сондай-ақ, бұл құрылғыны қосқанда көмірсуды өлшейді, инсулиннің қалған қорын есептеп, бірлігін санайды. Науқастың қандағы қант деңгейін тұрақты ұстап тұруда компьютерлік құрылғы барлығын есептеп, анықтап, көрсетеді. Бір айта кетерлі, бір құрылғының бағасы өте жоғары тұрады екен.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *