И. Иманов, ОҚО прокуроры: Облыстық прокуратура 12 жобаны жүзеге асырып жатыр

Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар ҚР прокуратурасының құрылғанына да 25 жыл толып отыр. Жас мемлекеттің іргетасы қаланған сәттен-ақ оны нығайту жолында халық арасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету аса маңызды болды. Міне, құрылғанына ширек ғасыр толған бас қадағалау органының Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында жеткен жетістіктері мен алдағы атқарылатын шаруалары турасында ОҚО прокуроры Ибраһим Имановпен әңгімелестік.


— Қазір еліміздің құқық саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Прокуратура органдарында осы реформа аясында қандай жаңалықтар енгізілуде?
— Еліміз тәуелсіздік алған жылы ҚР прокуратурасы да құрылды. Сол сәттен прокурорлық қадағалаудың дамуы мен жүйесін реформалау кезеңі басталды. Құқық қорғау органдарының ішінде тек прокуратураның қызметі мен міндеттері еліміздің Конституциясына енгізіліп, Заңдардың орындалуына жоғары қадағалаушы дербес құрылым ретінде жарияланды және қызмет мазмұны мүлдем жаңаша мәнге ие болды. Елбасы атап көрсеткендей, прокуратура бүгінгі күні қадағалаушы орган ретінде құқық қорғау саласының ядросына айналды. Бұған дәлел ретінде прокуратура төрағалығымен құрылған Үйлестіру Кеңесін айтуға болады. Кеңестің келісілген шешімдерін орындау — әрбір мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылады. Олардың қызметін жетілдіру мақсатында, Бас Прокуратураның бастамасымен Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу туралы Кодекстер жаңадан қабылданды. Бұл ретте, облыстық прокуратураның заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарының басым көпшілігі қолдау тапты. Бүгінде прокуратураның бастамасымен күдіктіні қоғамнан оқшаулаудың баламасы ретінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы кеңінен қолданылуда. Кепілдің артықшылығы — уақытша ұстау орындарында күдіктіге жұмсалатын қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Қылмыскерлер бой тасалаған жағдайда олардың кепілге қойған мүліктері толығымен мемлекет пайдасына тәркіленетінін жақсы біледі, сондықтан бұл шара соңғы уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда, қамауға алудың саны 22%-ға азайды, ал кепілдің саны қолданылған бұлтартпау шарасының 60 пайызын құрады.
— Н. Назарбаевтың бес институционал- ды реформасын жүзеге асырудағы негізгі рөл прокуратура органдарына берілген. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылып жатыр?
— Жоспардың 32-қадамына сәйкес облыстық прокуратурамен халыққа қолжетімді «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» әзірленіп, интернет желісінде Шымкент қаласының картасы орналастырылды. Жыл соңына дейін облыстың барлық елді мекендерінің картасы қолжетімді болады. Нәтижесінде, құқық қорғау органдарына өз күштерін дұрыс және тиімді бөлу және профилактикалық іс-шараларын нақты жүргізуге, ал азаматтарға қылмыстық — қауіпті аймақтарды смартфон, планшет арқылы көруге мүмкіндік береді. Мұны«service.pravstat.kz» сайтына кіріп қарауға болады. Картаның мәліметтері әр 2-3 минут сайын жаңартылып отырады. Тиісінше облыстық прокуратура органдары Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асырылуына үлес қосуда.
Осы ретте, 5 бағытты реформаларға қысқаша тоқталып өтсем…
35 қадамда негізгі сұрақ ретінде ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізуді қарастырылған. Елбасының өзі оңтүстік өңірге іссапары кезінде игерілмеген жерлерге басым көңіл бөліп, нақты тапсырмалар белгілеген. Облыс аумағында тұрғындардың негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, жерге деген сұраныс ерекше. Дегенмен, өңірде игерілмеген жер де жетерлік. Соңғы мәлімет бойынша облыста игерілмеген жер көлемі 300 мың гектардан асып отырса, оның басым бөлігі ауылшаруашылық жері. 2016 жылдың өткен мерзімінде прокуратураның ықпалымен мемлекетке кадастрлық құны 963,1 млн теңгені құрайтын пайдаланылмаған 24,1 мың гектар жер және 125,1 млн теңге бюджетке қайтарылды. Ұлт Жоспарының 84 қадамын жүзеге асыру мақсатында прокуратура органдарымен халықтың әлеуметтік қолдау бағытында қадағалау жұмыстары жүргізілуде.
— Биыл Бас прокуратура бірнеше жобаны қолға алды. Солардың ішінде қайсысы Оңтүстік Қазақстан облысы үшін өзекті? Қандай да бір қорытында жасауға болады ма?
— Облыстық прокуратура қадағалау қызметіне жобаларды жүйелі түрде жоспарлау мен жүзеге асыру мүмкіндігін беретін менеджмент принциптерін белсенді түрде енгізуде. Қазіргі кезде, 12 жоба жүзеге асырылуда. Олардың барлығы біздің өңір үшін өзекті саналады, әрі қызметіміз бен өкілетті және мүдделі органдардың жұмысын да жүйелеуге бағытталған. Жобалардың бірқатарына тоқталып өтсем:
1) «Жерлерді өз бетінше иелік етуді жою» жобасы аясында уәкілетті органдарымен бірлесіп жасалынған шаралар нәтижесінде барлық өз бетінше заңсыз иемденденген 452 жердің мәселесі шешілді. Өткен жылы түгендеу нәтижесінде, біз құқық белгілеуші құжаттарынсыз құрылыстары салынған 452 жер учаскелерін анықтадық. Шымкент қаласы бойынша жер алуға кезекте 80 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың резервінде мыңнан астам ғана жер бола тұра, кезекте тұрғандарға кем дегенде 8 мың гектар жер қажет. Осыны ескере отырып, заңнамаға жерді тегін беруге қатысты бөлігі бойынша Бас Прокуратураға өзгерістер ұсынылды.
2) Алаяқтықтың өсу проблемасы. Соңғы 6 жылдың ішінде алаяқтықтың бірқалыпты өсуі байқалады, басым бөлігі банк саласында немесе жер қатынастарына қатысты болып отыр. Осыған байланысты, біз «Алаяқсыз қоғам» Жобасын бастадық. Жобаның мақсаты – олардың санын барынша төмендету. Нақты жұмыс нәтижесінде 3 айдың ішінде банктер мен жер саласына қатысты бар-жоғы 10 жайт тіркелді. Қарашаның соңында алаяқтықтың төмендеуі 33,2 пайыз құрады, осы жылдың басында бұл көрсеткіш 42,6 пайыз болған.
3) «Шымкент — Қауіпсіз қала». Құқық бұзушылықтың, оның ішінде қылмыстықтың, 70 пайызы облыс орталығында тіркелуіне байланысты, «Қауіпсіз қала –Шымкент» Жобасы іске жүзеге асырылуда. Басты мақсаты – халықтың құқықтық мәдениетін жоғарлату, қылмыстылық деңгейін төмендету нәтижесінде жұмыссыздық, қаңғыбастық және маскүнемдікпен күресу жолымен қала тұрғындарына өзінің жақынына (ағасы, әпкесі, әкесі, анасы) қатысты қауіпсіздік сезімін қамтамасыз ету.
— Азаматтардың сеніміне ие болу – аса маңызды. Адамдар прокуратураға соңғы инстанция ретінде жүгінеді. Бұл туралы не айтасыз?
— Біздің жүйеге азаматтардың сенімін арттыру қажеттілігін түсіне отырып, осы бағытта облыс прокуратурасымен белсенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, әр сейсенбіде Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы жанындағы Консультативтік кеңес мүшелерінің қатысуымен облыс прокурорының жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдаулары ұйымдастырылуда. Сонымен бірге, облыс прокурорының бұйрығымен Консультативтік кеңестің мүшелерінің және прокуратура органдары ардагерлерінің қатысуымен «Қоғамдық қабылдау» құрылып, азаматтарға ауызша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық қабылдаудың барлық мүшелері — кәсіби емес медиаторлар. Осы жұмыстың нәтижесінде, қоғамдық қабылдау азаматтар мен прокуратура органдары арасында байланыстыратын буын ретінде оңды әсерін тигізіп, облыстық прокуратура жұмысының ашықтығын білдіреді. Нәтиже бар, 2015 жылы өтініштердің ай сайын 7-9 пайызға өсіп отырса, осы жылдың қазан айының соңында өскен өтініштердің саны 0,6 пайызды құрады.
— Жемқорлықпен күрес бағытындағы нәтиже қандай?
— Сыбайлас жемқорлықпен күрес әлі де қоғамдағы өзектілігін жоғалтпай келеді. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының соттарымен 72 адамға қатысты 65 сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстық істер қаралған, оның ішінде 38 адамға 181 млн теңгеден астам айыппұл салынды, оның 174 млн теңгеден астам сомасы немесе 96,4% өндірілді. 2 адамға қатысты 2 қылмыстық іс бойынша 5 млн теңге өндірілу барысында. Ал 1,4 млн теңге айыппұл белгілеу туралы сот үкімі заңды күшіне енбеген.
— Прокуратура органдары қызметкерлерінің денін жастар құрайды. Қазақстан прокуратурасы құрылған сәтте қызметке келген азаматтардың дені – қазір құрметті еңбек демалысында. Ұрпақтар сабақтастығы сақталды ма? Кадр саясаты қалай жүргізілуде?
— Шындығында, бүгінгі таңға облыс прокуратурасы органдарында орта жас 30-35 жасты құрайды, яғни жастар. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында, прокуратура органының қалыптасуы кезеңінде тәжірибелі қызметкерлер зейнеткерлікке шықты. Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміздің қатардағы қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығын мейлінше құрметтейміз. Мысалы, облыс прокуратурасында Ерболат Аимбетов қызмет атқарады, оның әкесі Аимбетов Асқар Төлеуұлы прокуратура органының құрметті қызметкері, бүгінгі таңға облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы лауазымындағы ол өзінің бай тәжірибесін жас ұрпаққа беруде. Мұндай мысалдар жетерлік. Ал, кадр саясатына келсек ҚР прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу Ережесіне сәйкес, кандидаттар конкурстың бірнеше сатыларынан өтеді, осыдан соң үздіктер іріктелініп алынады. Үздіктерді айқындау мақсатында ең алдымен «Үздік студенттер пулы» жасақталады. Бұл үшін біздің кадр қызметі жоғарғы оқу орындарының ректорларымен тығыз байланыста өзара әрекеттесіп жұмыс жасайды. Жыл сайынғы бітіруші түлектер Жәрмеңкесіне қатысады. «Ашық есік» күндерін өткізеді. Екіншіден, біз кандидаттарды мектеп қабырғасынан да іздейміз. Мысалы, екі жыл алдын біз мектептен мемлекеттік тілді жетік меңгерген ұлты орыс бір оқушыны іздеп тапқанбыз. Ол қазір «құқықтану» факультетінде жоғары білім алуда, прокуратура органдарында қызмет атқаруға ниеті бар. Сондай-ақ, кандидаттар студенттер арасынан да іріктелді. Қызметке қабылданған жас мамандар арасында екі жоғары білімі бар, шетелдерде (Ресей, алыс-жақын шетелдерде) магистратура бітірген, ағылшын тілін жетік білетін тұлғалар да бар.
— Ибраһим Әлжанұлы, Ел тәуелсіздігінің және ҚР прокуратура органдарының 25 жылдығына әріптестеріңізге қандай тілек жолдайсыз?
— Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.Бұл күн – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Әрқайсымыздың «кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың» тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан Көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *