Газельдер шектен шықты

789

Шымкенттегі 28 жолаушы тасымалдаушы компанияда 1600-ге жуық қоғамдық көлік бар

Шымқалада 1 мамырдан бастап қоғамдық көліктерде жолақы қымбаттап, 70 теңге болды. Осыған қатысты наразы тұрғындардың легі көбейіп отыр. Қазір газет оқырмандары редакцияға үздіксіз телефон шалып, электронды поштамызға хат жолдап жатыр.

Олар жолақының көтерілгені қалтаға салмақ түсіретінін айтады. Жолақының қымбаттауына қатысты басты мәселе, түрлі жеңілдіктерге қатысты туындау-да. Өйткені, қаладағы кейбір тасымалдаушы компаниялар жоғарғы сынып оқушыларынан жолкіресіне 70 теңге алып жатыр екен. Бұдан бөлек, көпбалалы аналардың жол жүрудегі жеңілдіктері де ескерусіз қалған. Мәселен, шағынавтобусқа (газель) мінген «Күміс алқа» иегері Замира Тастанованы «жеңілдігің бізге жүрмейді» деп кондуктор жарты жолдан түсіріп тастаған. Кейбір қоғамдық көліктерде жеңілдіктердің қарастырылмағаны, оқушылардың жолақысы, шектеулі 13 адамның орнына 20-25 жолаушы тасымалдайтын шағынавтобустар (газель) жайында әңгіме қозғасақ.

«Газель» көпбалалы аналарды мінгізбейді

Қаламызда қоғамдық көліктерде жүруде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, яғни көпбалалы аналарға жеңілдік жасалған. Олар автобуста жолкіре төлемейді. Дегенмен, көпбалалы аналар үшін бұл жеңілдікпен жүрудің өзі оңайға соқпайтын көрінеді. Редакцияға келген Замира Тастанова (суретте) автобуста кондукторлармен жиі түсініспеушілік болатынын айтады.
002— Мен алты баланың анасымын, «Күміс алқа» иегерімін. Дегенмен, бұл жеңілдікті пайдалана алмай келемін. Автобусқа мінгенде «Күміс алқа» иегері екенімді дәлелдейтін кітапшамның көшірмесін көрсетем. Кондукторлар бізге тұпнұсқасын көрсетіңіз,-дейді. Оны мен күн сайын сөмкеме салып, өзіммен алып жүре алмаймын. Жоғалтып алсам, құжатты қайта жасату оңай емес. Сондықтан көшірмесін алып жүремін. Ал, көшірмені олар мойындағысы келмей, автобуста айқай шығарып, дөрекі сөйлейді. «Газельдер» болса, көп балалы ана деп құрметтеп берген құжатты мүлдем мойындамайды. №145 маршруттың кондукторы тіпті көліктен түсіріп жіберді. Расын айтқанда, Шымкентте қоғамдық көлік тасымалдаушылардың кондукторлары жолаушылармен өте дөрекі сөйлеседі, -дейді Замира.
Көпбалалы ана, әсіресе, қоғамдық тасымалдау көлігіне жататын «газельдерге» жеңілдіктердің неге жүрмейтіндігін түсінбейтінін айтып дал.

Жоғарғы сынып оқушыларына жолақы 50 теңге

Жолақы қымбаттағалы оқушылар мен кондукторлар арасында дау-дамай туындады. Себебі, жеңілдікке ілінгендердің қатарында оқушылар бар. 7 жасқа дейінгі балғындар тегін жүреді. 7-15 жас аралығындағы оқушылар қоғамдық көлікте жүру ақысына 50% жеңілдік жасалып, 35 теңге төлейді. Ал, 10-11 сынып сынып оқушылары қанша төлеуі тиіс?
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автобиль жолдары бөлімінің таратқан ақпаратында және жергілікті атқарушы орган мен тасымалдаушылар арасында түзілген келісімшартта:

«Қаладағы орта мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, жоғарғы және арнайы оқу орындарының күндізгі бөлім студенттері (студенттік билеті болған жағдайда) автобус бағыттарында 50 теңге төлеп жүреді делінген.

Бірақ, кейбір тасымалдаушы компаниялар 10-11 сынып оқушыларынан 70 теңге төлеуді, ал өзгелері жоғарғы сыныпта оқитын құжаттарын көрсетуді талап еткен. Тіпті, туу туралы куәліктеріңді немесе күнделіктеріңді алып жүріңдер деген талаптарын қойған. Осындай келеңсіздікпен бетпе-бет келген қала тұрғыны Пірәлі Жармұханбетов (суретте).
001— Қазір жолақының қымбаттауынан бөлек, қоғамдық тасымалдаушы компаниялар заңсыздықтарға жол беруде. Олар жоғарғы сынып оқушыларынан 70 теңге талап етуде. Әсіресе №74, 84 бағыттағы автобустар бұл ережемен келісімшартқа отырғанымен мүлдем байхабар сияқты. Балам 10 сынып оқиды. Осы аталған екі қоғамдық көліктерге ұлым 50 теңге берсе алмай, 70 теңге сұрағанына өзім куә болдым. Өзім заңгер болғандықтан, әкімдіктің жеңілдіктер турасындағы БАҚ құралдарына шыққан қаулысынан хабарым бар. Жолақы көтерілгеннен бері мұның заңсыз екендігін айтып күресудемін. Қолыма келісімшарттың газетке шыққан көшірмесін алып, кондукторларға көрсеткеніммен олар алған бетінен қайтар емес. 70 теңге төлеуді талап етеді. Жолаушылардың дерлігі жоғарғы сынып оқушыларының 50 теңге төлейтінінен хабары жоқ екендігін байқадым. Сондықтан, соңғы екі-үш күнде қаулының көшірмесін қоғамдық көліктегі көптеген адамдарға тараттым. Ал, №69, 42 бағыттағы көліктерде жолақыдағы жеңілдіктердің бағасын автобус салонына іліп қойған. Олар жоғарғы сынып оқушыларынан 50 теңге алуда. Қазір 20 теңгенің өзі ақша. Күніне қаншама оқушы автобусқа мінетінін есептесеңіз, қанша ата-ананың қалтасы қағылып, заңсыз ақша кетіп жатқанын есептеу қиын емес. Бір түсінбегенім қаламыздағы қоғамдық тасымалдаушы кейбір компаниялар заңға бағынбағаны ма, — дейді Пірәлі Жармұханбетов.
Ал, қалалық жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев: «Бүгінде кейбір көлік компаниялары өздеріндегі қоғамдық көліктермен оқішылар және студенттерді 50 теңгемен тасымалдайды. Олар: № 145, 77, 102 бағыттағы көліктер», — дейді.

«Маршруткаларды тоқтату қажет…»

«Тұтынушылардың құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бегім Төлентаев «маршруткаларды» микроавтобустармен алмастыру керектігін қолдайтындардың бірі. Өйткені, олар заңсыз жолмен артық пайда табуда, деген пікірде.
003— Жолақыны көтеру негізсіз, асығыс шығарылған шешім. Себебі, қала маршруттарында жүріп жатқан транспорттардан қанша қаржы түсіп жатқанын есептеген адам жоқ, яғни мониторинг жүргізілмеген. Тасымалдаушы компаниялар жолаушыларды тасу кестесін өздеріне ыңғайлы етіп бекіттіріп алған. Екі-үш бағыттағы жолаушылар тасымалдайтын көліктерден басқасы кешкі сағат сегізден кейін жұмыстарын мүлдем тоқтатады. Түскен қаржының нақты есебі жоқ, оны тек жүргізуші, кондуктор және компания жетекшілері ғана біледі. Түскен қаржы солардың арасында ғана бөліске түседі. Оларды шығынға батып жатыр деуге болмас. Бір ғана дәлел, 112 орам арқылы жүретін №109-шы микроавтобусты маршруттан алып тастау жөніндегі талабы екі жылдан бері орындалмай келеді. Ондағы халықтың талабы №109-шы маршруттың орнына үлкен автобусты қою қажет болатын. Себебі, маршруттар 30-35-ке дейін жолаушылар мінгізеді, — дейді Бегім Төлентаев (суретте)
Ол тұтынушы мен көлік тасымалдаушылар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылғандығына ашынады. Сол себепті, жолақыны негізсіз және асығыс қымбаттатқан қалалық әкімдік пен жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімін сотқа беретіндігін алға тартты.
Ал, шағын автобус жүргізушілерінің айтары бар. Олар үнемі жолаушы тасымалдап, дамыл көрмейтін көліктің де шығыны көп болатындығын айтады.
№68 маршруттың жүргізушісі Нұржан Амантаев болса: «маршрутканың» арқасында нәпақымызды айырып, бала-шағамызды асырап отырмыз. Мұның өзінің шығындары жетерлік. Көлік өзіңдікі болған күннің өзінде күнделікті кондукторға, графикке ақша төлейсің. Таң азаннан кешкі сағат 21:00-ге дейін үздіксіз жүрген соң бұзылмай тұрмайды. Темір-терсегі, жанармайы дегендей. Бұдан байып кетіп жатқан біз жоқ. Күнкөрісімізге жетеді әйтеуір. Енді, шамадан тыс жолаушы алатынымыз рас. Тек 13 адамнан ғана тасымалдайтын болсақ, шығынға батарымыз анық», — дейді.

Жолаушылар тасымалы бойынша түсініспеушіліктерге әзірге нүкте қойылар емес. Ал мамандар тасымал кезінде туындаған мәселелер болса, 53-61-55 телефонына хабарласуын сұранады.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *