Газдың әсері умен тең

otravleniya-ugarnym-gazomТұрмыстық газдан улану жағдайлары күз-қыс айларында жиі кездеседі. Әсіресе, жылу маусымы басталғанда жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер көбейеді. Жылынамыз деп ажал құшатындар аз емес. Жуырда ғана Шымкентте бір отбасы түгелдей газдан уланып, ауруханаға жеткізілді. Дер кезінде медициналық көмек көрсетілудің арқасында отбасындағы төрт адам аман қалды. ОҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі және профилактикалық қызмет басқармасының тәуліктік шұғыл мәліметінше жыл басына бері улану фактілерінен 73 адам зардап шегіп, 28 адам қаза болған.Дәл қазіргі уақытта көпқабатты тұрғын үйлерде жылудың жайы мәз емес. Көбісі плитадағы газбен жылынып отыр. Яғни, қауіпті уақыт. Олай болса, газдан уланған адамға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалудың амалдарына тоқталсақ.


Тұрмыстық газда пропан, бутан, метан қолданылады. Ауаның құрамына 21% газ араласқанда адам уланады. Газдың әсері умен тең. Мәселен, уланған кезде 3 минуттың ішінде адам өліп кетуі де ғажап емес. Ол адамның қанына араласып және жүйке жүйесін қатты зақымдайды. Айталық, алдымен газ қан жасушасын (эротроцитті) бұзады. Бұл жасушалар адамның ағзасы мен тініне гемоглобиннің көмегімен оттегі тасымалдайды. Ал, қанға газ араласқанда оттегінің тасымалдану қызметі бұзылып, ағзада оттегі жетімсіздігі басталады. Оттегінің жеткіліксіздігін бірінші сезетін жүйке жүйесі болғандықтан адамның басы ауырып, айналады және жүрегі айнып, жүргенде теңселеді. Бұл газдан уланғанда байқалатын алғашы белгілер және жеңіл түрі деп саналады.

Орта дәрежеде уланған науқастың қан қысымы көтеріледі, тамыр соғысы нашарлайды. Аз-кем уақытқа есін жоғалтады. Ауыр дәрежеде құрысу басталып, миы ісінеді. Жүрегі қатты зақымдалып, тыныс алуы нашарлайды. Соңғы сатысында, қан қысымы төмендеп, жүрегі тоқтайды.

 

Алғашқы көмек көрсете біліңіз!
Газдан улану жағдайы кез-келген отбасында орын алуы мүмкін. Не болмаса науқасты аман алып қалуда алғашқы медициналық жәрдем көрсетуде Сіздің көмегіңіз қажет делік. Ол кезде мына ережелерді ескере жүріңіз. Бірінші кезекте жедел жәрдем қызметіне телефон шалып, мән-жайды айтыңыз. Дәрігерлер келгенше алғашқы көмек көрсетіңіз:

10-otravlenie-ugarnym-gazom
Есіңізде болсын: науқастың тыныс алуы нашарласа, жүрегіне қолмен массаж жасайды. Бұл оның жүрек соғысын қалпына келтіреді.
Алғашқы көмек беру кезінде:

  • Ғимарат немесе үйде газбен улану кезінде күкірт не оттық жақпайды. Жарықты қоспаңыз. Электроқұрылғыларды да қолдануға болмайды. Мұндайда үйдің жарылып, өртке орану қаупі бар.
  • Уланған адамға жедел көмек беруге бір ғана адамның күші жетпейді. Кемінде 2-3 адамды көмек көрсетуге шақырған дұрыс. Себебі, газдың иісі өзге адамдарға да әсер ететіндіктен қосымша күш қажет.
  • Науқасқа жасанды тыныс алу жаттығуын жасағанда аузына орамалды (дәкені) сулап қойған артық болмайды. Бұл көмек көрсетушіні уланудан сақтайды.
  • Уланған адам есін жоғалтқанда дәрі қобдишасына нашатыр спирті болса, иіскетеді.

 

Газ иісі ауру тауып береді

Газдан уланғанда тез есін жоғалтуға бейім топтағы адамдар бар. Ақ халаттылар бұл топқа тыныс алу және жүрек қан-тамыр жолында ақауы бар науқастарды жатқызады. Жүкті әйелдер, қарт адамдар, балалар уланғанда денсаулығына залал келуі мүмкін. Темекі шегетіндер және қанында созылмалы патологиясы бар науқастардың өзіне мұндай келеңсіздіктен сақтанып жүруіне тура келеді. Өйткені, уланудың ауыр дәрежесінен кейін науқас есін жоғалтып, өкпе, жүйке, жүректің түрлі кеселдеріне шалдығуы мүмкін.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы елімізде газдан 760 адам зардап шеккен. Оның 222-і балалар. Мұның ішінде 65 адам көз жұмса, үшеуі балалар екен. Ендеше, көгілдір отынның ережелерін дұрыс пайдаланбаса, газдың «жылуы» құрбан ететіндігін ұмытпағайсыз.

Н. ЖҮНІСОВ,
ОҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының басшысы:
— Бүгінгі таңда тұрғын секторларында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе болуда. Тұрғындар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуде қауіпсіздік айлығы өтті. Айлықтың аяқталуына қарамастан, үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Қазір азаматтар екі есе қырағылықты арттыру керек. Себебі жылыту мақсатында газ құралдарын пайдалану, пештердің ақаулықтары өрттің пайда болуына және улағыш газбен улануына себеп болады.

Келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін тек қана білікті мамандар пештердің ақауларын жөндеу керек. Жылыту пештерін уақытылы тексеруді және жөндеуді өткізіп тұруға, ересек адамдардың қарауынсыз жас балаларды қалдырмауға, алғашқы өрт сөндіру құралдарын ұмытпауға кеңес береміз.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *