Гүлшаһар Төленді, «Қатира Ана» мемлекеттік коммуналдық балабақша­сының меңгерушісі: Қайырымдылық жасап, елге танымал болуды мақсат тұтпадым

6 Гульшахра

Гүлшаһар Төленді, «Қатира Ана» мемлекеттік коммуналдық балабақша­сының меңгерушісі

Қоғамда қайырымды іспен тек қаржысы бар адамдар ғана айналысу керек деген ұғым қалыптасқан. Дегенмен, мейірімділік танытып, қайырымдылықпен айналысуға артық қаржының қажеті жоқ екендігін дәлелдеп жүрген адамдар да жоқ емес. Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында тұрмысы төмен отбасынан шыққан 18 бүлдіршінді өз қамқорлығына алған балабақша меңгерушісі жайлы жағымды ақпарат тарады. Мейірімділік пен қайырымдылыққа зәру бүгінгі қоғамда мұндай игілікті іске «бәрекелді» деп сүйсініп қалғанымыз рас. Мейірім-шуағы аз, тасбауырлық жайлаған заманда кішкентай жақсылықтың өзін үлгі тұтып, насихаттауды мақсат еттік. Ізгі тірліктің мән-жайын білу үшін Отырар ауданының шалғай жатқан ауылы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған жері  — Ақтөбе ауылына барып, «Қатира Ана» мемлекеттік коммуналдық  балабақшасының меңгерушісі Гүлшаһар Төлендімен сұхбаттасып қайттық.

— Гүлшаһар Әмірханқызы, әңгімені жеке өміріңізден бастасақ…
— Отырар ауданының Темір ауылындағы Төлендиевте рдің отбасында дүниеге келдім. Педагогтардың шаңырағында тәрбие алдым. Әкем Әмірхан Төлендиев — тіл маманы, анам Қалдар Қуатбаева – математика­дан сабақ берген. Үйдің үлкені болғандықтан, жоғары оқу орнына өз біліміммен түскен кезде ата-анамның қуанғанын әлі күнге дейін ұмытпаймын. Әкем о дүниелік болды. Анамның жасы қазір 80-нен асса да, есептен жаңылған емес. Бұған да тәубе деп отырамыз. Отбасымызда 3 қыз, 5 бала бар. Бүгінде олардың әрқайсысының өз шаңырағы бар. Педагог, инженер, құрылысшы да бар арамызда.
— Неміс тілінің маманы екенсіз. Ауыл қызының шет тілге деген қызығушылығы қайдан пайда болды?
— 8-9-сыныптардан бастап мамандық таңдауда «адасып» жүрдім. Қай салаға баруды расында білмедім. Әкем «есепші болсаң қалай болады?» деді. Алайда, 9-сыныпта Алматыдан мектебімізге неміс тілінен Ұлмекен деген жас мұғалім келді. Ұстазымның жүріс-тұрысы, өмірге деген көзқарасы, өзін -өзі ұстау ерекшелігі қатты ұнады. Соған қарап, әсіресе, неміс тіліне деген қызығушылығым артты. Әрі ұстазыма да еліктеп бой түзей бастадым. Ұлмекен апайыма арманымды айтудан тосылған жоқпын. Тілді жақсы үйретуін сұрандым. Ол кісі көмегін аяған жоқ. Тек әкемнің есепші болсаң деген арман-тілегін орындаған жоқпын. Ол салаға қабілетімнің жоқ­тығын айтқанда әкем мені түсініп, таң­дауыма қарсы болмай, ақ батасын берді. Сөй­тіп, Алматы мемлекеттік университетінде неміс тілі мамандығын оқыдым. Еңбек жолым Шардара қаласындағы М.Әуез­ов атындағы орта мектепте басталды. Кейін жұмыс бабымен Отырар ауданы Ақтөбе ауылындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы білім ошағына ауыстым. Қарапайым ұстаз болдым. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2010 жылы ауыл әкімі Тайгелтір Исахан шақырып алып, ашыл­ғанына көп бола қоймаған балабақшаны басқаруды ұсынды. Міне, содан бері алты жылдан астам уақыт өтіпті.
— 30 жыл мектепте қызмет атқарып, енді ашылған балабақшаға ауысқанда қиын­­дық­тар болды ма?
— Алғашында қорқыныш болды. Кейін жан-жағыма қарап, өзге балабақшалардың жұмысымен кеңірек танысып, ізденіп, көбірек тәжірибе алмасуға тырыстым. Сондықтан болар, аса бір қиындықтар ұшыраспады.6 балабакша
— Сізді таңертең ерте келіп, балаларды өзі қабылдап алатын басшы, дейді…
— Осы саланың адал нанын жеп отырған соң, еңбегімнің ақысын ақтауға тырысамын. Оның үстіне, бала тәрбиесі бүгінде үлкен жауап­кершілікті талап етеді. Кішкентайларға деген махаббатым да себеп. Тіпті, ұжымдағы қызметкерлер мен балалар менің отбасымның бір бөлшегіндей болып кеткендіктен де жақын тартатынымды жасырмаймын.
— Балабақша аттестациядан өткенде облыстан келген мамандар сізге жоғары баға бергені рас па?
— Білім мекемелеріне сан түрлі тексерулер келетіндіктен, әрбір құжатқа ыждаһат­тылықпен қараймын. Қарамағымдағы жұмысшыларды қорғауға жанымды салатын әдетім бар. Бірде мекеме аттестациядан өтетін болып, облыс­тан мамандар келіп тексеру жұмыстарын жүргізді. Соңғы күні облыстан келген маман қызметкерлердің барлығын жинап алып, айтатын сөзім бар, деді. Менде іштей «не болып қалды екен?» деген қорқыныш болды. Ол кісі балабақшаның аттестациядан жақсы өткендігін айтып мақтады, сосын «Қаншама білім ошақтарына барып жүрміз. Бірақ, барлық құжатты өзі жазатын және оған соншама ұқыптылықпен қарайтын басшыны енді көріп тұрмын» деп айтқаны рас.
— Балабақшаның тыныс-тіршілігіне тоқ­талып өтсеңіз. Өткен жылы ауданда бала­бақша үздіктердің қатарынан көрініпті…
— Иә, өткен жылы аудандағы балабақшалар арасында өткен сайыста екінші орын алдық. Ұжымдағы қызметкерлердің еңбегінің арқасын­да балабақша қайбір шарада болмасын бел­сенді десем артық айтпағаным болар. Бүгін­де балабақшада 75 бала тәрбиеленуде. 25 қызметкер жұмыс істейді. «Күншуақ», «Бала­пан» төменгі топтары айына – 3,5 мың, төрт жастан бастап қабылдайтын «Балдәурен» тобы 4 мың теңге төлейді. Бір отбасында кей­де 3-4 бала болғандықтан, төлемақы төлеуде қиналады. Тұрмысы төмен отбасылардың балалары бар дегендей.
— Сіз басшылық жасап отырған бала­бақшада тұрмысы төмен отбасынан шық­қан 18 баланы өз қамқорлығыңызға алыпсыз? Бұған не себеп болды?
— «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Қайы­рымды іс жасап, елге танымал боламын деп мақсат еткен жоқпын. Асып-тасып бара жатқан артық қаражатым да жоқ. «Ізгі кісі адамдарға көмекті бай кезінде емес, кедей кезінде береді. Қайырымы жоқ кісі жарымайды. Олар қуаныштың не екенін білмейді» деген даналық сөздер бар. Бар ойым бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағым келді. Періштелердің бақытты балалық шағын көруден артық сезімнің жоқ екендігін осы бала­бақшаға келген уақыттардан бері байқадым. Ауылда барлығының тұрмыстық жағдайы жақсы деуге келмейді. Мәселен, ауылда бір мектеп, бір балабақша, бір пошта ғана бар. Тұрғындар сонда жұмыс істейді, қалғандары аудан орталықтарына қатынап қызмет етеді. Сол себепті, бір отбасы баласын балабақшаға беріп, кейде төлеуге қара­жаты болмай қала­ды. Сондай кездерде қол ұшын беруге тырыстым. Сегіз бүлдіршін қазір менің қам­қорлығымда болса, 10 балаға балабақшадағы қызметкерлер көмектеседі. Сол үшін ұжымыма да алғысымды білдіргім келеді.
— Сонда 8 бүлдіршіннің төлемақысын өз қалтаң­ыздан төлейсіз бе? Әлде ауылдағы жомарт жан­дардың көмегі бар ма?
— Сегіз баланың барлығының төлем­ақысын толық төлеймін деп айта алмаймын. Егер жетпей жатқан жері болса, түсіністікпен қарап өз қалтамнан қосамын. Осы балалардың ішінде 5 жастағы Лашын және Назира деген екі қызым бар. Екеуінің де тұрмыс жағдайлары нашар болғандықтан, балабақшадағы төлемақысы менің мойным­да. Өйткені, ауыл деген кіп-кішкентай. Қай жерде не болып жатқанын көресің, естисің. Сон­дықтан, екеуі кейде қараусыз көшеде қалып қоятындығын байқап жүрдім. Лашын өте алғыр, сүйкімді қыз. Оның анасы кезінде менің шәкіртім болды. Үздік оқитын, тәртіпті қыз еді. Бір жағдайлармен анасы ауру болып қалды. Бір күні көшеде келе жатып, Лашынды көлік қағып кете жаздағанының куәсі болдым. Назира да суға түсіп кете жаздағанда, ауыл болып аман алып қалдық. Мұндайға ана ретінде немқұрайлы қарай алмадым. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған елдің ұрпағымыз. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» елміз. «Жақсылықтың үлкен кішісі жоқ. Барлығы адамның пейілінде» деп ата-әжелеріміздің сөзін естіп, тәрбесін көрген жандармыз. Жүрегіме батқан оқиғалардан кейін екі қыздың туыстарына жолықтым да, балабақшаға беруін өтіндім. Барлық қаражатты өз қалтамнан төлейтінімді айттым. Одан бөлек, ұжымдағы қызметкерлер 10 бүлдіршіннің жоғын бүтіндеп, қолынан келген жақсылығын жасап отыр. Ауылдағы Батыр Сембиев секілді кәсіпкер азаматтың да көрсеткен қайырымдылық істері жетерлік.
— Екі қыздың болашағына алаңдайсыз ба?
— Әрине. Әсіресе, Лашынға қатты бауыр басып қалдым. Тіптен, оны өз немерелерімнен артық жақсы көремін. Өз қалтамнан айына екі рет балабақшадағы бөбектерге азық-түлік, жеміс-жидек, йогурт әкеліп беремін. Бәрінен бұрын бар тәттімді Лашынға бергім келіп тұрады. Лашын мен Назира алдағы жаңа оқу жылында мектепке барады. Екеуінің болашағына қатты алаңдаймын. Ендігі, көмегім мектепке барарда киім-кешек пен оқу құралдарын толық әперемін деген ниеттемін.
— Немерелеріңіз нешеу?
— Жан жарым Жүнісов Тәшіммен бақытты отбасы болдық. Қазақтың нағыз ер-азаматы болатын. Азаматымның арқасында ерке болып, өмірдің ешбір қиындығын көрмей ғұмыр кештім. Тек ол кісі өмірден ертерек озды. Екі ұлым, бір қызым бар. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Олардан 3 немере сүйіп отырмын.
— Зейнет жасына шыққандардың қыз­мет орнын жастарға беру мәселесі қоғамда көбірек талқылануда. Бұған көзқарасыңыз қалай?
— Өмірде түйгені көп қариялар өзінің қабілетіне, күш-жігеріне қарай еңбек тәжірибесін жастармен бөлісуді қалайды. «Қария деген елдің қазынасы» екендігін жас­тар да жоққа шығармай түсіністікпен қабыл­да­ғаны жақсы. Өмірлік тәжіри­бесі мол жаннан үйрен­геннен кем болмайсың. Өзім Алла Тағаланың берген 58 жасына келдім. Жуық арада зейнеткерлікке шығамын. Басшылық тараптан бір жылға дейін жұмысымды жалғастыруға ұсыныс айтылып жатыр. Дегенмен, білім саласында 36 жылдан астам еңбек етіппін. Зейнет жасынан соң, әдемі қартайып, балаларымның жанында болып, немерелерімнің қызығын көрсем деймін.
— Зейнет жасындағы әжеге ұқсамайсыз. Жас әрі тың көрінесіз? Мұның сыры неде?
— Адамдар көп ауруды өзінің ниетінен табады. Еріншектік, өсек-өтірік секілді көптеген жаман әдеттерден адамдар өзіне ауру таба­тын­дығын білмейді. Мені тың етіп көрсетін – еңбекқорлығым мен тынымсыздығым болар. Бір орында отыруды жаным сүймейді. Тынымсыз тіршілікте қолым қалт еткен күннің өзінде бір шаруаны істеп отырамын. Балабақшадағы ұсақ жұмыстарды істеуде қызметкерлерге жүктемей-ақ, өзім барамын. Сол себепті, болар осы уақытқа дейін ауырмаппын.
— Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *