«Эстрада әншілерін оқытатын студия ашқым келеді»

Асқар Жүнісбеков, Еркін Нұржанов, Мөлдір Бақытжанқызы деген есімдер мен «Ақ келес», «Жігіттер» сынды топтарды халыққа танытқан Әбдіхан Нұрмаханбетов биыл 45 жасқа толып отыр. Бүгінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясын басқаратын азаматтың өнерде жүргеніне де 20 жыл болыпты.

Әбдіхан Нұрмаханбетов

Әбдіхан Нұрмаханбетов

Осы орайда қазіргі қазақ эстрадасының бет алысы, филармонияның тыныс-тіршілігі және мерейтой
қарсаңындағы жоспарлары туралы Әбдіхан Бескемпірұлымен әңгімелескен едік.

– Сізді жұртшылық қазақ эстрадасында жүрген біраз әншілердің ұстазы ретінде таниды. Ұстаздық жолыңыз қалай басталды?

– 1995 жылы қарашаның басында Шымкентке келдім. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Ән» бөлімін Бекен Жылысбаевтың сыныбында бітірдім. Содан кейін әрі әнші, әрі колледжде мұғалім болып жұмыс істедім. Сол кездің өзінде облыста «Арай», «Балауса» сынды ән байқаулары өтетін. Бірде «Балауса» байқауының әділқазы құрамында жүргенде Ордабасы ауданынан келген мектеп оқушысының өнеріне қатысты келіспеушіліктер болып қалды. Сонда әділқазы құрамындағы Қызылордадан келген бір кісі қарсы болып, «бұл баладан ештеңе шықпайды» дегені бар. Мен баланың табиғи дарыны бар екенін көріп тұрмын. Сөйтіп, оны өзім іздеп барып, алып келіп, келесі «Балаусаға» дайындадым. Менің алғашқы ұстаздық жұмысым сол баладан басталды. Ол келесі жылы «Балауса» байқауына тағы қатысты. Әділқазылар қатарында алдыңғы жылы мен келіспей қалған қызылордалық кісі де болды. Мен өнерге баулыған бала Гран-при алды. Бәрі 10 балл көтерді. Бірақ, оның сол бала екенін ешкім танымады. Талқылау кезінде, «Кім екенін білесіңдер ме?» деп сұрадым. Ешкім білмеген соң, «Өткен жылы ерегіс болған бала», деп айттым. Барлығы таң қалды. «Мүмкін емес, мүмкін емес» деп сенбеді. Енді, міне сол бала – Асқар Жүнісбеков – қазір Алматыда. Қазақ эстрадасының жұлдызы.

– Одан кейін университетке оқытушы болып келдіңіз бе?

– Иә, содан мені М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға шақырды. 2001 жылы университетке келгеннен кейін, аға оқытушы болып жұмыс істедім. Кейін «Өнер» кафедрасын басқардым. Ол ка-федра өнім шығарып жатқан зауыт сияқты. Не деген көп шәкірт тәрбиеледік. «Ақ келес» атты топ шықты. Қазір ол топтың мүшелері жеке шығармашылықтарымен айналысып, өнерде жүр. Одан кейін Мамадияр Таукеев шықты. Ол да біраз конкурстарда Гран при иемденді. «Жігіттер» тобы шықты. «Жігіттер» – Қазақстандағы алғашқы квартеттердің бірі болды. Ол кезде квартет деген жаңалық еді. «Жігіттерге» Алматыдан ұсыныстар түсті. Жігіттерге: «өздерің ойланыңдар, маған сендердің жарқырап көрінгендерің керек», деп айттым. Сонымен, оларды әуел баста Алматыға алып кеткен — Қалдыбек Құрманәлі. Кейін қазіргі продюсерлері Ерғалимен жұмыс істей бастады. Мен қарсы болған жоқпын.

– Қазір шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Маған ұсыныс көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен телефон соғып жатады. Енді мына қызметке байланысты шәкірттермен жұмыс істеуге уақыт тапшы. Себебі, бізде іс-шара өте көп. Негізінен алғанда, облыстағы іс-шаралардың көбісін біз, яғни филармония ұжымы өткізеді. Ұжымды басқару оңай емес. Әртістерді түсінесің. Басқару өте қиын. Мен шәкірт баулығаныммен, олардың өнерін пайдаланып, ақша тапқан адам емеспін. Осы уақытқа дейін тек біреулерге дайындап беремін. Болды.

«Эстрада әншілерін  оқытатын студия ашқым келеді»

– Өзіңіз тәрбиелеген әншілердің барлығына өзім продюсерлік етіп, ақша тапсам қайтер еді, деген ой болмай ма?

– Жо-жоқ. Мен ондайды ойлаған адам емеспін. Маған ол қызық та емес. Продюсер боламын десем, қазір де қолымда тұр.

– Қазіргі қазақ эстрадасының аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

– Қазір трио топтар толып кеткен. Өзінің дауысы ма, емес пе, әйтеуір сахнада жүр. Бұл қазақ өнерін мазақтау ма? Түсінбеймін. Ондайларды бір-ақ аптада шығарамын. Оның барлығы да уақытша ғой. XX ғасыр – өнер адамдарының расымен де тірі дауыста ән шырқап, қиын замандарды басынан өткерген кезі болды. Сұп-суық өнер залдарының сахнасында тұрып, ән айтты. Тәуір киімдері де, дұрыс жағдайлары да болмады. Мысалы, сол кезде барған концерттерімізде жарық сөніп қалатын. Домбыра, не баянның сүйемелдеуімен ән айтып кете беретінбіз. Ал, қазір ше? Барлық жағдай бар. Бірақ, фонограмма. Қазір неге жұмыс істемейміз? Мүмкіндіктің бәрі бар.

– Жұрт фонограммамен айтатын әншілерді тыңдаудан бас тартса, олар жұлдызға айнала алмайды ғой. Бәлкім, бар мәселе тыңдарманның талғамында шығар…

– Оны білмеймін. Бәрібір, уақытша қалатын нәрсе. Себебі тыңдарман білмейді дейсің бе? Біледі. Мысалы біз оркестрмен тірі дауысты концерт беріп жатамыз. Сонда халықтың көзқарасы, пікірі, айтып жатқан рахметі көрініп тұрады. Сол бізге үлкен азық. Біздің соған қарнымыз тояды. Ал, егер концертімізге келіп, қарғап-сілеп кетіп бара жатса ше? Қандай жұмыс болады? Жұмыс болмайды. Кейбір концерттерді екі күн беретін кездер болады. Қазір халықтың филармония концертіне келуі өте жақсы. Концерттеріміз бос өтпейді. Аншлаг болып жатады. Он шақты адам ғана отыратын залда концерт беретін заманнан өтіп кеттік. Қазір репертуарды жетілдіреміз. Жастарды көбірек алып, халықтың сұранысы, талғамы бойынша жұмыс істегіміз келеді. Сосын, жастар жағы жалқау. Мысалы, бір ән керек болып қалды ма, «міне, таңға дейін жаздырыңдар»,-дейді, сөзін аламыз да, барып, дауыс жаза саламыз. Баяғыда бір әнді айту үшін әннің тарихы, қайдан, қалай, кім үшін, кімге арналып шыққанын, соның бәрін қарайтын. Қазір ондай жоқ қой. Компьютер деген бәрін қатырады. Айта алмайтынға да ән айтқызады.

– «Қазақстан дауысы», «Жанды дауыс» деген жобалар өтіп жатыр. Қатысушылардың дауысы, әділқазылардың бағалауы туралы не айтар едіңіз?

– Мұндай жобалар қажет. Расымен де табиғат берген дауысы бар жастар көрінеді. Соны қазіргі мына фонограммамен айтып жүрген әншілер тыңдап, содан ұялуы қажет. «Мен неге осылай айтпаймын, менің мүмкіндігім бар ма, жоқ па? Жоқ болса, қоя салайын» деген ой болуы тиіс.

– Өзіңіздің фонограммамен ән айтқан кездеріңіз болды ма?

– Болды. Себебі, мүмкіндік жоқ қой. Далада айтасың, тауда айтасың дегендей. Фонограммамен айтатын кездер болады. Телеарналарда түсірілімге барсаң, фонограммамен айтқызады.

– Сонда акустика нашар ма?

– Иә. Бірақ, бүгінде тойханаларға, концерт залдарына заманауи құрал-жабдықтар қойып жатыр. Тірі дауыс-та ән айтатын уақыт келді. Қазаққа Құдай дауыс берген. Ал, біздер әнді фонограммамен орындап жүрміз. Доғару керек. Таланттарымыз жетеді. Бір ауылдан он әнші алып шығуға болады.

– Облыстық филармонияны басқарғаныңызға 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында не өзгерді?

– Мұнда келгенге дейін бір жыл опера және балет театрында басшы болып істедім. Өзгеріс көп қой. Оны осы жердегі әртістерден, халықтан сұрау керек шығар.

– Содан бері орындалмай жүрген жоспарларыңыз бар шығар…

– Ондай ойлар көп қой. Мәселен, өнер адамдарына баспана керек. Жастар отбасын құрады. Олардың бала-шағалары бар. Әйтеуір, мына бір қонақүйіміз бар. Оған да, шүкір, дейміз. Тек филармонияның әртістеріне ғана емес, жалпы Оңтүстіктегі барлық өнер адамдарына арнап үй салынып, ипотекалық қылып па, әйтеуір баспана берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Шетелге гастролдік сапармен шыққымыз келеді. Облыстағы іс-шаралардың көптігіне байланыс-ты, шыға алмай қаламыз. Басқа облыстарға іс-сапарларымыз бар. Соған барсақ.

– Сіздің сахна костюміне аса қатты мән беретіңізді білемін. Осы сахнаға шығатын бір костюмді тіктіруге қанша қаржы жұмсалады?

– Костюм тігудің жұмысына өзім араласамын. Кезінде Оңтүстіктің 80 жылдығы және Ш.Қалдаяқов атындағы ретрофестивальдер өткен кезде мемлекет қаржысына костюмдер тігілді. Сонда екі рет костюм тігілді. Жақсы костюмдер. Қазір филармонияның табысынан костюмдер тіктіріп жатырмыз. Жалпы, 50 мың теңгеге де, 300 мыңға да костюм тігуге болады. Қазақы дәстүрде тігілген костюмдерге қаражат көп жұмсалады. Бұрындары аппликация дейтін, паршалармен ою салу. Қазір оның сан түрі шыққан. Кестелеп тігеді. Сваровский тастары, табиғи былғары, дейміз. Костюмді барынша ерекше, әдемі етіп шығарғымыз келеді. Оған әжептәуір ақша кетеді.

– Әнші, бишілеріңіз тойларға, концерттерге шығып өнер көрсетсе, табысы филармонияға түсе ме, әлде олардың өзінде қалады ма?

– Филармонияның табысы негізінен аудандарға, басқа облыстарға гастрольдік концерттерден түседі. Ал, филармония ұжымы бір тойдың ән-биін өткізуді өз мойынына алса, онда табыс филармония бюджетіне құйылады. Белгілі бір үлесі сол тойға шыққан әртістердің айлығына қосылады. Әртістеріміз өздері жеке тойларға шығып жатса, онда табысы өздерінде қалады.

– Былтыр Жаңа жыл қарсаңында филармония ұжымы алғаш рет шоу-концерт қойып, жұртшылыққа сый жасаған еді. Биылға не жоспар?

– Мұны әзірге айтпаймын. Бірақ, өте жақсы бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұйыртса, желтоқсан айының соңында көрсетеміз. Өте ерекше сценарийдегі шоу болады.

– 2015 жыл – сіз үшін мерейтойлар жылы екен. Ел алдына шығып, есеп беру концертін өткізетініңізді естідік…

– Иә. Осы жылдың желтоқсан айының басында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі шәкірттерімді шақырып, үлкен бір концерт қоюды жоспарлап отырмын. Қазан айының соңына белгілеген едім, бірақ уақыт тығыз болып, дайындық жасап үлгірмедік. Оған көп дайындық қажет. Фонограммамен концерт беремін десем, бір апта ғана әзірлік жасап, өткізе салуға болады. Бірақ, тірі дауыстағы концерт қойсам деймін.

– Арманыңыз не?

– Оңтүстікте эстрада әншілерін дайындайтын ұстаздар жоқтың қасы. Сондықтан да біздегі эстрада мәдениеті ақсап жатыр. Міне, мен сондай эстрада әншілерін оқытатын студия ашқым келеді. Әзірге басты арманым осы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан – Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *