Ескі көліктерді жою шілдеде басталады

12– 1 шілдеден елімізде ескі көліктерді жою науқаны күшіне енеді. Мерзімі өтіп, жарамсыз күйге түскен ескі көлігін арнаулы орындарға апарып тапсырғандарға шамамен 300-350 мың теңге аралығында сертификат түріндегі өтемақы беріледі. Бұл сертификатпен кез-келген автокөлік салонына барасыз да қалаған тұлпарыңыз үшін алғашқы жарна ретінде төлем жасай аласыз. Қалған сомасын қолма-қол санап беріп немесе әртүрлі мерзімге несиеге рәсімдеп алуға болады.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, төленетін қаржы көлемі нарықтағы сатылып жатқан ескі көліктердің құнымен өлшенген. «Қазіргі уақытта тозығы жеткен ескі көліктердің нарықтағы құны орта есеппен 1 мың АҚШ доллары болады. Сертификаттар құнын белгілеу барысында осы көрсеткішті негізге алдық. Бұдан бұлай олардың қожайындары дилерлік орталықтарға жүгініп, көлігін утилизацияға тапсыра алады. Сол жерде оның құны жазылған сертификат беріледі. Ал, жаңа көлік сатып аларда бастапқы жарна ретінде бір емес, бірнеше сертификаттың басын біріктіруге мүмкіндік бар. Берілетін сертификаттар отандық қана емес, сырттан келген автокөліктерге де жарай береді. Елімізде бұл жоба тәжірибе ретінде алғаш рет енгізіліп жатқандықтан отандық қана емес импорттық машиналарды сатып алушылардың қатысуын ұсынып отырмыз. Тек алатын көлігіңіздің құны 30-40 мың доллардан аспауы керек. Сертификаттар саны жеткілікті. Бәрін қамтуды ойлап отырмыз. Алаяқтыққа жол бермес үшін сертификаттар базасы жасалады. Сондықтан əр сертификаттың жеке нөмірі болады», — дейді қауымдастық президенті Андрей Лаврентьев.
Ескі көліктерді бөлшектеп, шикізатты қайта өңдеу жұмыстарымен айналысу үшін елімізде автомобильдерді қабылдап, бөлшектейтін үш зауыт салынбақ. Жоспар бойынша, бұл зауыттардың біреуінің өзі жылына 40 мыңға дейін ескі көлікті қабылдайтын болады. Әзірше зауыттар бой көтеріп, іске қосылғанша көлік нарығын ескі-құсқы «салдырлақтар» мен істен шыққан көліктерді қабылдау және əрі қарай пайдаға асыру жұмыстарын «Оператор РОП» компаниясы атқара тұрмақ.
Алайда, кейбір сарапшылар бұл процестің ұзақ уақытқа созылатынын айтады. Тәуелсіз автомобиль жүргізушілері одағының төрағасы Эдуард Эдоков еліміздегі ескі көліктердің барлығын қайта өңдеуден өткізу үшін 3 емес, кемінде 10 зауыт керектігін айтқан болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда ескі көлік өте көп. Барлығын утилизацияға жіберу үшін кем дегенде 10 зауыт қажет. Ел нарығын көне көліктерден толық тазарту үшін жылына кем дегенде 220 мыңнан астам көлікті утилизациядан өткізу керек болады екен.

Бүркіт НҰРАСЫЛ
www.astana-akshamy.kz

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *