Есірткіге ыңғайлы дәліз

mainДүниежүзіне қауіп туғызып отырған есірткіге қарсы күрес шараларын қазір көптеген елдер күшейтіп отыр. Тіпті бірлескен шаралар ұйымдастырып, қылмыстық топтарды қолға түсіруде.

Десе де, есірткінің заңсыз айналымына қатысты еліміздегі статистикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Бір ғана оңтүстік өңірі бұл қылмыстар бойынша республикада көш бастап тұр. Тек, Шымкенттегі Абай ауданында тіркелген осы санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан анағұрлым көп.


Өткен жылы облыс көлемінде 1274 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген болса, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 370 пайызға өскенін көрсетеді. Тәркіленген есірткі заттары да өткен жылмен салыстырғанда 708 пайызға артқан.
Өзекті мәселе облыстық прокуратурада өткен Үйлестіру кеңесінде сөз болды. Құқық қорғау органдары басшылары мен атқарушы билік өкілдері қатысқан алқалы жиында облыс прокуроры И.Иманов есірткіге қарсы күрес шараларындағы кемшіліктерді атап өтіп, алдағы уақытта бірлесіп атқарылатын іс-шараларға тоқталды.
Прокурорлық тексерулердің қорытындысы бойынша оңтүстікке есірткі затының ауыр түрі «героин» Ауғанстаннан келіп жатқандығын анықтаған. Оған тосқауыл болатын кеден бекеттерінде орнатылған сканер-құрылғылар есірткі заттарын анықтай алмайтын болып шықты. Сондай-ақ, кеден маңы, темір жол және автокөлік торабы, шекара маңындағы айналма жолдар, екі ел аумағы арқылы өтетін өзендер есірткі заттарын тасымалдайтын тұлғалар үшін бірден-бір қолайлы ортаға айналған. Ол жерлерде кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу құқыққорғау органдарының назарынан тыс қалғаны белгілі болды.
Үйлестіру кеңесінде облыс прокуроры И.Иманов осы шараларды жүргізетін Облыстық ІІД мен Мемлекеттік кірістер департаменті басшыларына есірткімен күресті күшейтіп, құрылғыларды іске қосу немесе жаңарту жағын қолға алуды тапсырды. Шекаралас елді мекендерде арнайы шараларды ұйымдастырып, есірткі тасымалдаушылардың тұлғасын анықтау қажеттігін атап өтті.
Кеңесте баяндама жасаған облыс прокурорының орынбасары Ә. Қожахметовтың сөзінше, соңғы кезде есірткі бизнесін кәсіп еткен бірде-бір ұйымдасқан қылмыстық топтар ұсталмапты. Салдарынан есірткі сату деректері жиілеп, оған еліккендер саны күннен күнге өскен.
Қазіргі таңда өңірде ресми түрде 2755 нашақор есепте тұрса, олардың басым көпшілігін Арыс, Мақтарал аудандары мен Кентау қаласының тұрғындары құраған.
Алайда, не ішкі істер қызметкерлері, не облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жаңадан есепке алынып жатқан нашақорлардан қандай жағдайда аталған дертке шалдыққаны, кім оған итермелегені және тұтынуға көндіргені туралы анықтау жұмыстарын жүргізбей келген. Өткен бір жыл ішінде қоғамдық орындарда да есірткі заттарын тұтыну бойынша 983 дерек анықталған болса, құқықбұзушылардан осы зиянды әдетке әуестендірген тұлғаларды анықтау ісі де қолға алынбағаны анықталды.
Ал, Шымкенттегі Ворошиловка, Чапаевка елді мекендері есірткі қылмыстардың орталығына айналғаны белгілі. Жыл сайын ондағы тіркелетін есірткі қылмыстарының саны облыстағы көрсеткіштің 23 %-ын құрап отыр. 2013 жылы облыс прокуратурасымен осы елді мекендерде полиция бекеттерін көбейтіп, бейнекамералар орнату мәселесін шешу тапсырылған болатын. Десе де, бүгінде бұл мәселе шешілмей, жағдай сол күйі өзгеріссіз қалып отыр. Салдарынан мұнда есірткі заттарын сату деректері тиылмай келетінін тексеру нәтижесі көрсеткен. Ол аздай, құзырлы орган өкілдері жергілікті тұрғындарды тұтынуға көндіру немесе есірткі қылмыстарына жасөспірімдерді тартудың бірде-бір дерегі әшкереленбеген.
Осы мәселеге орай облыс прокуроры И. Иманов жаңадан құрылған Жергілікті полиция басшылығына есірткіге қарсы күрес шараларын ұйымдастырып, жалаң сөз, жылтыр деректерден аулақ болуды ескертті. Қоғамға пайдасын келтіретін, қоғамдық тәртіпті түбегейлі сауықтыруға әсер беретін кешенді іс-шараларды қолға алу қажеттігін қадап айтты.
Прокурорлық тексеру барысында есірткі заттарының ірі плантациялары анықталып, 11 тоннадан астам сора өсімдіктері тәркіленген. Мәселен, Ордабасы ауданы, Ынталы ауылы тұрғынынынан 504 түп сора, жалпы салмағы 3 тонна 220 келі болатын есірткі алынды. Дәл осындай заңбұзушылық Отырар ауданына қарасты Түйе ауылында да тіркеліп, ауыл тұрғынының 2 гектар жеріне 3 тоннадан аса есірткі өсіргені анықталды.
Осы мәселеге орай прокуратура қызметкерлері Облыстық ІІД-і мен жер инспекциясы басшылары мен бірлесе отырып, соңғы 5 жылда құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді егіп-өсіру деректерін зерделеу қажеттігін атап өтті. Оның қорытындысымен жер телімдерін мемлекет пайдасына қайтару мәселесіне қатысты ұсыныстарымен шығуды міндеттеді.

Н. Жамашев,
Облыстық прокуратураның
басқарма аға прокуроры

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *