Ерте жүктілікке кім кінәлі?

rannyaj-podrostkovoaya-beremennost1«Қызға қырық үйден тыйым» дейді қазақ. Бірақ соңғы кездері кәмелетке толмай ана атанушылар қатары артып отыр. Сондықтан болар «нәрестелерін қоқыс жәшігіне не көпқабатты үйлердің кіреберісіне тастап кетті» деген жаңалықтарды жиі еститін болдық. Жыл басынан бері Шымкентте 5 оқушы қыздың жүкті болуы тіркелген. Мұндай жағдайлардың белең алуына не себеп немесе кім кінәлі?

Расымен де, көше кезген қызды кінәлаймыз ба, тым еркінсіп кеткен қоғам ба, болмаса әлі санасы толық қалыптаспаған албырт жастықтың кесірі ме ? Мүмкін ата-анасы, әлде ойнап-күлген ортасы кінәлі шығар? Ерте есейгісі кеп, киноларда көрген махаббатты бастан кешіруге асық болып, сезімнің жетегінде кетеді де, салдарынан опық жейді. Бар қадір-қасиетінен айрылған қыз ертеңгі күніне күмәнмен қарап, әр түрлі ойлар арасында адасады. Аяғының ауырлағанын білгеннен соң психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Айтайын десе, анасынан артық ауыз сөз естігісі келмейді. Әдемі сөздерімен кезінде «сүйген, күйген» жігіт ізін суытып кетті. Сосын өзінше шешім қабылдайды. «Тағдырыма жазылғаны осы шығар» деп әр түрлі қатыгездікке барады.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33051 жүктілік фактісі тіркелген. Оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың арасында 9906 түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің осыған ұқсас көрсеткіштерінен екі-үш есе артық. 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында түсік жасау көрсеткіштері әлі күнге дейін жоғарғы болып табылады және жылына 2 мыңға жуық түсікті құрайды.
Ерте жүктіліктің немесе ерте жыныстық қатынастың алдын алатын бірегей әдіс жоқ, дегенмен солай екен деп аталмыш мәселені айналып кете алмайсың. Бұл жерде тек қыздың ерте ана болғаны емес, болашақ ұлттың тағдыры сөз етіліп жатыр. Бір нәрсе анық, ерте жастан жүкті болу мәселесіне бір жақты қарамау керек. Ал басқалар қалай ойлайды?

Құралай БАЙЫРБЕКОВА, ана:
— Өзім ана болған соң, қыз өсіріп отырған соң мұндай тақырыпта сөз қозғау оңай емес. Бірақ бала тәрбиесіне келгенде, бірінші орында ата-ана жауапты дегенмен толық келісемін. Көп байқаймын, барлығы демеймін, бірақ көпшілігі «жұмыс, жұмыс» деп балаға көңіл бөлуден қалуда. Ата-ана ұстазға, ұстаз ата-анаға сілтеумен мәселені тағы да шиеленістіруде. Мен айтар едім, ата-ананың берген кішкене болсын ақылы оның бойында жиырма төрт сағат емес, бүкіл ғұмыры бойында тәлім болып қалады. «Шешеге қарап қыз өсер» дейді. Біріншіден, ана қызымен сырлас болу керек. «Титімдей қызыммен ол тақырыпта қалай сөйлесемін, біздің кезімізде ондай болмаған, ұят нәрсе» деп жататындар да бар, бірақ қазір ол заман емес. Өзіңіз ойлаңызшы қызыңыздың өзіне жат, бірақ табиғи нәрселерді сізден үйренген дұрыс па, әлде достарынан, ғаламтордан танысқаны дұрыс па? Тағы бір маңызда фактор бар, ол – бейнероликтер. Интернетте ғана емес, қарапайым теледидарда да осы күндері көретін де, көрмейтін де дүниелерді экраннан жарыққа шығара беретін болған. Осыны бір заң жүзінде ретке келтірсе деп ойлаймын, мысалы ютубты көруге тыйым салған бірнеше мемлекет жайлы білеміз немесе көршілес Өзбекстанда шетелдік фильм болып жатқан кезде ұятсыз сахналық көріністер кезінде кесіп тастайды, ал отандық киноларында ондай көріністер мүлдем жоқ.
Жоғары да айтылған факторларды қадағалауға болады, бірақ қазіргі ерте жүкті болып қалып жатқан қыздарымыздың біразы – зорлықтың құрбаны болғандар. Бұл кезде тек қана бір адамды кінәлауға болады. Ол-нәпсінің жетегімен шайтан азғырып, немересіндей, қызындай бүлдіршіндердің өмірін қор қылып, әлі қатпаған денесіне қол салған қатыгездер. Олардың жазасын өте қатаң қылу керек, басқаларға сабақ болсын. Басқаша қалай тосқауыл қоюға болатынын білмеймін.

%d2%b1lzhan-sejdishevaҰлжан СЕЙДИШЕВА, №4 облыстық перинатальды орталықтың акушер-гинекологы:

— Қыз балалардың дене мүшелері 18 жасқа дейін қалыптасып, өседі. Ағза толық жетілмеген кезде жыныстық қатынасқа түсу де, жүкті болып қалып, босануы да өте ауыр болады, денсаулығына зиянын түсіреді. Ерте жүкті болып қалған қыздарда жиі кездесетін аурулар: аяқтың күп болып ісінуі, қан қысымының көтерілуі, ашуланғыштық, жүйке күйзелісі, ұйқысыздық. Бұл мәселеде ер балалардың да кінәсі зор. Көптеген келеңсіз жайттар, бала жасарын жасап алып, жауапкершіліктен бас тартқан кезде орын алады. Қыз бала қиындықпен жалғыз өзі күресуге батылы жетпей, баласын алдыртып тастайды. Жоғарыда айтылған ауруларға түсік жасату келіп қосылғанда ана денсаулығы күрт нашарлайды, енді қайтып бала көтере алмай, бедеу болып қалуы да әбден мүмкін. Өмір тәжірбиесі көрсеткеніндей, қыздар алғашқы баласына аборт (жасанды түсік) жасатқанында көбінесе, енді қайтып ұл-қыз сүйе алмау фактілері көп кездеседі. Бір ғана біздің орталықта 2014 жылы 15-18 жас аралығындағы 60 әйел сәбилі болды. 2015 жылы 73 адамға өсті. Ал, жыл басынан бері 14-17 жас аралығында 20 қыз дүниеге сәби әкелді.

g%d2%aflzhazira-pernebajГүлжазира ПЕРНЕБАЙ, психолог:
— Бұл проблемаға тек физиологиялық жағынан қарау аздық етеді. Кезкелген қыз бала ерте жүкті болып қалғанында әлі әйел болып қалыптасып үлгермегендіктен, психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Жасөспірім қыз «күнәсіне» қысылып, әке-шешесінің, туған-туыстарының қас-қабағына қарап, жабырқап, қайғыға батады, қорланып қысылады. Елдің көзіне түсуден қашады, тасада тығылып өмір сүреді. Бұл дұрыс емес, өмір осымен тоқтап қалған жоқ, әрі қарай жылжу керек, бұл менің оларды жақтап тұрғаным емес, бірақ «күнә» қылды екен деп баланы қоғамнан алшақтату дұрыс емес. Ата-анаңыз, жақындарыңыздың барын ұмытпаңыз, тіптен болмай жатса, психологтың кеңесіне жүгініңіз. Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан, өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Өйткені, олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Бірақ, жігіттердің жылы сөздеріне басы айналып, ауздарын айға қаратып кететін айласын әлі түсінбей жүр. «Еркекке емес, екі босағаңа сен» деген ескіден қалған есті сөз бар. Қыздарымыздың есінде осы сөз болғаны жөн.
ba%d2%93lan-abdulaxatБағлан АБДУЛАХАТ, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:
— Кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды жыныстық қатынасқа итермелегендер жауапкершгіліктен құтылмайды. Тіпті, тараптар өз-ара татуласқан күннің өзінде, қылмыскер жазаға тартылады. Қылмыстық кодекстің 122 бабына сәйкес, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.

Дайындаған – Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *