Ерлан АЙТАХАНОВ: Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін де пайдалануым керек

img_1499-kopiyaОңтүстіктің батысындағы Отырар ауданының халық саны 55 мыңға жуықтайды. Ордабасы, Шардара аудандары және Түркістан, Арыс қалаларымен шекарасы шектесіп жатқан ауданға Ерлан Айтаханов басшылық етеді. Еңбек жолын банк саласынан бастап, ұлттық компанияларда шыңдалып, ҚР Президенті әкімшілігінің қазанында қайнап, ОҚО әкімінің орынбасары лауазымын да көріп, туған жеріне оралған Ерлан Қуанышұлының аудан тізгінін ұстағанына да 9 ай болыпты. Әлеуметтік желілердің маңызын ерте түсінген басшымен ауданның дамуы, су тапшылығын жою бағытында жасалған және жоспарланған жұмыстар, әкімдік қызметіндегі Facebookтың маңызы туралы әңгімелестік.

– Бюджет бүйірі қысылғанда инвестиция тарту мәселесі алға шығып отыр. Отырар ауданы инвесторлар үшін қай тұрғыдан тиімді, қай салаларды дамытуға қолайлы?

– Отырар ауданы – ауылшаруашылық саласына бейім. Халықтың негізгі күнкөріс көзі — жер өңдеу мен мал өсіру. Біз енді ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар құрып, бар жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңасын ашуымыз керек. Кәсіпорындар ашылса, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер де артады. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Отырарда индустриалды аймақ бар. Инфрақұрылымы жүргізіліп, жарық, су қосылған. Келесі жылы газ келеді. Теміржол тұйығы бар. Біздің аудан инвестиялық тартымдылығы жағынан Шымкенттен кейінгі екінші орында тұр. Өйткені, индустриалды аймаққа теміржол тұйығы тіреледі. Ең керек дүниенің бірі осы. Индустриалды аймақта екі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мал азығын дайындап, жүгеріден биожем жасайды. Қараша айында тағы бір кәсіпорын ашамыз. Бізде қазір шағын және орта шаруа қожалықтары еккен өнімін қайда өткізеді? Енді осы кәсіпорындар мал азығын жасау үшін, дихандармен фьючерстік келісім-шартқа тұрады. Фьючерстік келісім-шарт дегеніміз — алдағы уақытта алынатын өнім бағасын, көлемін алдын ала келісу. Келісім-шартқа тұру. Сол кезде шаруа ертең өнімін қай жаққа сатады, қайда өткізеді, деген мәселені алдын ала шешеді. Басымдық соған жасап отырмыз. Әр елдімекенді аралағанда көз жеткізген өзекті мәселенің бірі осы еді. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, «баға құру процесіне мен араласпаймын, өздерің келісіңдер, сендер де, шаруалар да табыс табуы керек, келісім-шартқа отырыңдар» деп үндеу тастадық. Ауылшаруашылық пен кәсіпкерлерлік бөлімі бірлесіп жұмыс жасады. Біртіндеп 100 пайыз болмаса да, жемісін беріп жатыр. Инвестиция жағынан айтатын болсақ, шетелдіктермен байланысты үлкен жобаларымыз бар. Соның бірі — биоэтанол өндірісін ашу. Франциядан инвестор келді, осы жақында кездестік. Инвестиция құятын болды. Бірлескен жоба. Инвесторларға қолайлылық үшін «Бір терезе қағидасын» қалыптастыру үшін мобильді топ құрдық.
– Отырарда жүгері өсіру шаруашылығы дамыған. Осы бағытта жоспарларыңыз қандай?
– Биыл 5500 гектарға жүгері ектік. Ендігі мақсат – осы аумақты ұлғайту. Бұрын Отырар ауданында жүгері 20 мың гектарға дейін егілген. 2020 жылға дейін жүгері аумағын 15 мың гектарға дейін жеткізбек ойымыз бар. Ары қарай осы индус-триалды аймақтың потенциалын пайдаланып, өңдеу және терең өңдеу технологиясын дамытамыз. Су үнемдейтін технологияларды ауданға тартуымыз керек. Біраз шаруа қожалықтарының өкілдері Алматы облысына барып, сондағы шаруа қожалықтарының жаңа технологиясымен танысып қайтты. Қызығушылық танытқан екі кәсіпкер 150 гектар жерге тамшылатып суғарудың жер астымен су жіберу тәсілін қолданбақ. Бұл – өте тиімді.

kanal%d2%93a-beton-t%d3%a9seu

Табаны бетондалған канал құрылысының басында

– Қазір ауданда дренаждау жүйесі қолға алынып жатыр екен. Дренаждау жүйесі – өте қиын, халық пайдасын бірден түсінбейтін, бірақ қажет дүние. Қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– КСРО кезінде дренажды жүйе болған. Ұзындығы — 645 шақырым. Сонымен қатар 12 тік дренажды жүйе бар. Олар бүгінгі таңда істемейді. Жөндеу көп қаражат талап етеді. Соның салдарынан жеріміз тұзданып, тұзы шайылмағаннан кейін, тұзы бетіне шығып жатыр. Дренажды жүйенің негізгі қызметі – сумен жердің тұзын шаю. Осы жүйе істемегеннен кейін, жер тұзданып, онда ештеңе өспейді. Бірінші мәселе, соны қолға алу керек болды. Бюджеттен қаржы сұрау қиын болғаннан кейін, қаржы институттарына шықтық. Ислам банкі мен Еуропа даму банкімен келісссөздер жүргізіп, қос банктің өкілдеріне барлық жағдайды түсіндірдік. Ақын Жақып деген канал бар. Бұл канал Көксарайдан Арысқа су тартатын канал. Кезінде құрылысы басталып, қазір тоқтап қалған. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін, Ақын Жақып каналының құрылысын жүргізуіміз керек. Банктермен келіссөздер жүргізгеннен кейін, олар осы дренажды жүйені қалпына келтіру мен каналды қазу мәселесін біріктірейік деген шешімге келдік. Олар 2-3 сарапшысын жіберді. Үшеуі де халықпен кездесіп, оң қорытынды жасады. Қазір 645 шақырымдық дренажды жүйені қалпына келтіру және Ақын Жақып каналын жүргізудің техникалық-экономикалық жұмыстары басталып кетті. Құны – 5,6 млрд теңге. Жыл соңына дейін техникалық негіздеме жасалып, келесі жылы қаржы бөлінеді деген үміттеміз. Биыл 11 канал механикалық тазалаудан өтті. Бір канал күрделі жөндеуден өткізіліп, табаны бетонмен қапталды. Түбінде барлық каналдардың табанына бетон төсеу көзделген. Бетонмен қапталмаған каналдар судың 50 пайызын шығындайды. Ал, қапталған каналдағы су шығыны 3 пайызды құрайды. Екінші, тұздану мәселесі. Ө. Оспанов атындағы Топырақтану институтынан ғалымдар келіп, ауылдарға барып, топырақтың сынамасын алып, диагнозын қойып берді. Дихандар мол өнім алды. Ғылымды ұштастырғаннан кейін осындай нәтиже шықты. Көп диханның көзі ашылып, бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық білдірді. Дренажды жүйе – алдағы ұзақмерзімді жоспар болса, ғалымдармен бірлесіп, жұмыс істеу – осы қазір жүріп жатыр. Тұздану процессін түбегейлі дренажды жүйені енгізу арқылы шешпесек, үлкен қауіп бар.

kanal-beton-t%d3%a9seu
– Келесі жылы қандай халықаралық конференция өткізу жоспарда бар екен. Ол қандай конференция?
– Иә. Отырартөбенің әр қабаты – бір мәдени қат. Оның арғы жағында тұтас бір тарих жатыр. Соны білу үшін деректер қажет. Отырартөбенің бар аумағын қазып, археологиялық жұмыстар жүргізуге көп қаржы мен уақыт керек. Отырардан 33 Фараби шыққан дейміз. Олар кім болған? Аты-жөнін білеміз. Басқа мәлімет жоқ. Бар мәлімет Отырар кітапханасында болуы мүмкін. Кітапхана әлі табылмай жатыр. Сирия, Бағдад, Қытайдың осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдарымен байланысқа шықтық. Олар келетіндерін айтты. Әбу Нәсір әл-Фараби — ән жазып, нота шығарған адам. Араб тілінде жүзге жуық әні бар. Біреуін де білмейміз. Әбсәттар Дербісәлі ағамыз әл-Фарабидің 3-4 әнін қазақ тіліне аударып беретін болды. Мұхтар Шаханов өңдейді. Музыкасы бар. 33 Фарабидің кім екенін, Әбу Нәсір әл Фарабидің туған жері Оғызтөбе, Ұлы Жібек жолымен қандай оқиғалар болған, шетелдік ғалымдар не мәлімет алып келеді, соның бәрін жинап, конференцияда айтамыз.
– Астанада республикалық деңгейдегі лауазымда болып, облыс әкімдігінде қызмет етіп, енді міне аудан басқарып отырсыз. Осы үш деңгейдегі лауазымдар сіздің мүмкіндігіңізді қалай ашты?
– «Анау-жақсы, мынау-жаман» деп айтудан аулақпын. Үшеуі үш төбе. Бар жерде жинаған тәжірибе – үлкен жаңалық болды. Президент әкімшілігі – үлкен мектеп. Ол жақта екі облыстың, яғни Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының кураторы болдым. Облыс әкімінің орынбасары бола жүріп, әр саланың қыр-сырына қанықтым. Аудан әкімі болуға ұсыныс түскен соң, ойландым. «Тапсырма беру бір бөлек, сол тапсырманы өзің орындап көрші. Бұл қалай болар екен?» деп аудан әкімі болуға келістім. Бұл да бір төбе екен. Мұнда халықпен тікелей байланыстамын. Мәселесін келіп айтты ма, соны шешуің керек. Шешімді өзің қабылдайсың. Отырар – туған елім, туған жерім. Бұл да екі есе жауапкершілік артады. Дұрыс шешім қабылдап, оның нәтижесін көрсең, қуанасың.

agregat
– Сіз әлеуметтік желілерді, атап айтқанда Фейсбукті белсенді қолданасыз. Әлеуметтік желілерге тіркелуіңіз — халық арасындағы қандай мәселелерді ашып берді?
– Біріншіден, бұл — халықпен тікелей байланыс. Фейсбукке облыс әкімдігінің орынбасары кезімде тіркелдім. Өйткені, онда әлеуметтік мәселелерге жетекшілік еттім. Білім, денсаулық саласына бақылау жасайтындықтан, маған халықпен тікелей байланыс аса қажет еді. Себебі, облыс әкімі орынбасарына басқарма басшылары келеді де «бәрі керемет» деп айтады. Мұнда әріптестеріме сенбеушілік емес, тексеріп тұру қажет. Мен тікелей байланыста болғанымды қарамағымдағы адамдар да біледі. Сондықтан олар да маған жалған ақпарат беруден алдын жүз рет ойланады. Сосын ауданға келдім. Мұнда да көмегі бар. Аудан әкімі заң бойынша айына кемінде бір рет жеке қабылдау өткізуі керек. Мен айына екі рет, айдың бірінші және үшінші аптасында жеке кездесу өткіземін. Қосымша Фейсбуктен мессенджерде жеке сауалдар жібереді. «Мұнда мынадай мәселе болып жатыр, шешіп беруіңізді сұраймын» деп жазған хаттар болса, оны көмекшіме жіберемін, қағазға шығарып, ертеңге дайындап қоюын тапсырамын. Жеке шағымдану немесе жеке сауал ретінде міндетті түрде әкімшіліктің іс-құжатына тіркетемін. Мерзімін қойып, тиісті орган мамандарына жауап беруді, не сол кісіні шақырып, кездесіп, түсіндіруін тапсырамын. Шағым түсірген, сауал жолдаған кісінің мәселесін шешсе, ол кісіден «Рахмет. Мәселемді шешіп берді» деген жауап келеді. Не «формалды түрде қарады, мәселе осылай болды, салғырт қарады» деген хат келсе, жауапты маманды шақырып, шара қолданамын.
– Фейсбукте көбіне ұлылардың цитаталарын жариялайсыз. Соны қайдан аласыз?
– Оқимын. Әкемнен қалған кітапханам бар. Облыста жүргенде Отырар кітапханасының тұрақты оқырманы едім. Ауданға келген соң, осындағы кітапханаға оқырман ретінде тіркелдім. Әртүрлі кітаптарды алып, оқимын. «Елім-ай» дастанын, Қадыр Мырза Әлінің қанатты сөздері жазылған кітаптарды оқимын. Фейсбукте не жазбайды, кейде шашың тік тұрады. Өзімнің фейсбукте белсенді екенімді, мені оқитынын білемін. Сондықтан аудиторияны пайдаланғым келеді. Болмайтын нәрсені оқығанша, осыны оқыңыздар деп бөлісемін.
– Фейсбукте өз өміріңізден естеліктер, сабақ алған оқиғаларды жазу ойға келмеді ме?
Осы кезге дейін нақыл сөздер, дана ойлар қалдырған ағаларымыз бар. Соны білсек те жетіп жатыр.
– Әлеуметтік желінің сіздің жұмысыңызға да, өзіңізге де көп көмегі тиген болды ғой…
– Иә, бұл – заман талабы. Облыста жүргенімде, жастар саясатына да куратор болдым. Елдің бәрі қазір интернетте, әлеуметтік желілерде. Газетті аз оқиды. Теледидарды да аз көреді. Қызметім халықпен байланысты болғандықтан, әлеуметтік желінің күшін де пайдалануым керек. Әлеуметтік желілер – бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналып кетті.

Сұхбаттасқан – Жәнібек НҰРЫШ

Редакция

1 пікір

  1. Ереке рахмет халыкпен тикелей байланысыныз га. Халкым деген ниетиниз ге рахмет. ШАУЛДИРИМ жайнауда.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *