Еріктілер жоғалғандарды қалай іздейді?

64016
1823
2016 жылдың 7 айында Қазақстанда жоғалған адам саны. 1500-і үйіне қайта оралған. 323 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. 342 жасөспірім жоғалып, олардың 314-і табылған. Қалғандары әлі де іздестірілуде.

8-9 қазан күндері Шымкентте алғаш рет «Бірге» әлеуметтік жобасы аясында жоғалған адамдарды іздеуге маманданған волонтерлерді дайындау бойынша семинар-тренинг өтті. Жобаны Ұлттық волонтерлік желі Қазақстан
жастарының конгресімен бірлесіп ұйымдастырған.

Екі күндік іс-шара аясында қатысушылар бірінші көмек көрсету, жергілікті жерде бағдар ала білу, адамды қала жағдайларында, іздестіру бойынша ақпараттық жұмыс ұйымдастыру және тағы басқа машықтарға үйренді.
Ұйымдастырушылар, бұл іске құзырлы органдардың да тартылатынын айтып отыр. Топқа алынатын жастар қатары шектеулі, сондықтан қазірден бастап Ұлттық волонтерлік желі сайты арқылы ақпаратпен танысып, керекті адамдармен хабарласу керек.


Полиция қызметкерлері мен жоғалған жанның туысқандарынан бөлек волонтерлар да жоғалғандарды іздеуге белсенді қатысып жүр.
«Еріктілер (волонтерлар) — қоғамға жаңа игі өзгерістер әкелуді қалайтындар, өздерінің сол ортаның мүшесі екендігін сезіне отырып жақсылық жасаушылар. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, соған күш-жігерін жұмсап, материалдық табысты көздемейтін адам».
Көпшілік еріктілерді қайырымдылық жасаумен айналысады деп біледі. Себебі жоғалған адамдарды іздеуге бағытталған еріктілер тобын еліміздің бас қалаларында ғана кездестіруге болады. Ал басқа өңірлерде бұл міндетті өз бетінше ниет білдіргендер атқарып жүр.
«Бірге» жобасының авторы, Ұлттық волонтерлық желінің мүшесі Инара Карибаеваның айтуынша, адам жоғалғанда іздеуге қатысатын еріктілер біріншіден, нендей мақсатпен осы жұмысқа бел буғанын нақты анықтап алуы керек. Екіншіден, еріктілермен қатар жетекшінің де атқарар ролі зор. Жетекшілер еріктілерді жұмысқа еліктіргенде, олардың жұмыс істеу мәнеріне мəн беру керек. Күніне бірнеше сағат бойы жұмыс істейтін адам мен айына бір рет бірнеше сағатқа келетін адамның арасында айырмашылықтар бар екенін ұмытпаған жөн.
Үшіншіден, егер сіз бірінші рет адам іздеу операциясына қатысып жатқан болсаңыз, ересек адамды емес, баланы іздеуден бастаған дұрыс.
Себебі, ересектерге қарағанда балаларды іздеу және табу оңайырақ. Үшіншіден, психологиялық дайындық. Бұл не үшін керек? Инара Карибаеваның сөзінше, көптеген еріктілер бұл жұмысқа кіріскенде «міндетті түрде іздеген адамымыз табылады» деп ойлайды. Бұл ойлары жүзеге аспай қалған кезде, өзін кінәлі сезініп, бұл іске қайта оралмайтындар да бар екен. Психологиялық дайындық өзіңнен көңілің қалмауы үшін керек.
Жоғалған адамдарды іздейтін еріктілер «далалық бөлім» және «медиа бөлім» деп екіге бөлінеді. Далалық бөлімде болған оқиға орнына дер кезінде бару мүмкіндігі бар адамдар жұмыс істейді. Оларда көбінесе үйретілген иттері, тиісті көліктері, арнайы құрал-жабдықтары болады.
Ал медиа бөлімде еріктілер жоғалған адамдар туралы бағдарларды, керекті ақпар көздерін әлеуметтік желілерде, интернетте және БАҚ-қа жылдам таратумен айналысады. Аталған жұмыстардың барлығы полиция және тергеушілердің рұқсатын алып, жоғалған адам жайлы толық ақпаратпен танысқаннан кейін ғана басталады.
Бұдан бөлек, егер сіз аталған екі бөлімнің қызметін атқара аламаймын деп ойласаңыз, бірақ сонда да қол ұшын бергіңіз келсе, ол да мүмкін. Мысалы, жоғалған адамның ориентировкасы бар қағаздарын адам көп шоғырланатын жерлер – қоғамдық көліктерге, вокзалдарға, саябақтарға, аялдамаларға жабыстырып шығуға немесе таратып шығуға болады.
Волонтерларға қойылатын талап:
ерікті 18 жасқа толған болуы міндетті;
ата-анасының рұқсат қағазы қажет.

Бұл екі негізгі міндеттен басқа жұмыс барысында қойылатын көптеген талаптар бар. Адамның әр түрлі апаттарға байланысты зақымданған бет-бейнесін, тіпті өлік мүрдесін көруге дайын болуыңыз керек. Алғашқы көмек көрсету курстарынан өткен болуыңыз міндетті. Көру, есту қабілеттеріңіз жақсы болу керек, он екі мүшеңіз толық сау болған жағдайда ғана іздеуге кірісе аласыз. Ал егер, мүмкіндігіңіз шектеулі болса, жоғары да айтылғандай «Медиа бөлімде» жұмыс атқара аласыз.

Инара КАРИБАЕВА
— Ұлттық волонтерлар желісінің мүшесі, «Бірге» әлеуметтік жобасының жетекшісі:
— Көп жағдайда, іздестірудің жағымды нәтижесі бір-бірімізге жан ашу мен көмектесе алуымыздан ғана емес, бұл көмектің қаншалықты кәсіби болуынан, біздің, қарапайым азаматтардың, сондай жағдайларда жүріс-тұрыстың бастапқы дағдылары мен білімдерінен хабардар болуымызға тәуелді. Осы себепті жоғалған адамдарды іздеуге қатысатын волонтерлардың басын қосатын ұйым құру мақсатында «Бірге» әлеуметтік жобасын ойластырдық. ОҚО да Ұттық волонтерлық желісіне кіретін 32 еріктілер ұйымы бар. Бірақ олардың бірде-бірінде жоғалғандарды іздеуге бағытталған еріктілер тобы жоқ. Дегенмен қол ұшын созуға дайын тұратын еріктілер бар, олардың басын қосып, бағдар көрсету керек.

Рауан ДҮЙСЕНБЕКОВ, Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшесінің жетекшісі:
— Біз бұған дейін еріктілермен жұмыс істеп көрмедік. Бірақ Ұлттық волонтерлар желісі басшылықтан рұқсат қағазын алатын болса, еріктілерге оқу-үйрету жұмыстарын жүргізуге әзірміз. Еріктілерге тек осындай оқулардан кейін ғана жұмысқа кірісуге кеңес беремін. Себебі адамдарды іздеу барысында ормандар, таулы жерлер, су астынан іздеуге тура келетін кездер болады. Сол кезде қандай аймақта өзіңді қалай ұстау керек, қандай киім кию керек, өзіңмен бірге не алып, не алмауға болатынынан хабардар болсаң ғана, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, қауіпсіздік шаралары ешқашан артықтық етпейді.

Гаухар Аманбай,
жеке кәсіпкер, ерікті:

— Еріктілердің жұмысы елімізде енді-енді ғана дамып келе жатыр, бірақ деңгейі жоғары деп айта алмаймын. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын еріктілердің топтары туралы білеміз, бірақ қазіргі қоғамда жоғалған адамдарды іздейтін еріктілер де аса қажет. Көмектескісі келетін жандар көп, бірақ оларда «нақты көмекке келуге дайынбыз ба?» , «жоғалған адамды іздеуге жедел түрде жұмыла кірісе аламыз ба?» деген сауалдар туындайды да, көбі сенімсіздіктің кесірінен бұл бағытта жұмысқа кірісіп кете алмайды. Сол себепті барлығының басын қосып, осы бағытта мықтап оқытатын басшылық керек. Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелерімен халықты хабардар ету керек. Сонда халық мұндай жандардың жұмысы нәтиже беретініне сеніп, көмекке жүгінетін болады.

Дайындаған: Әлия ӘДІЛБЕК

Редакция

1 пікір

  1. Мен Карима Исаеваны іздеймін.Ол 1975ж. 6- шілде күні туылған. Арыс ауданы, Монтайтас ауылдық округіне қарасты Шағыр елінде. 2015 жылы 1 қаңтарда күйеуімен ұрысып, үйінен шығып кеткен. 5 қаңтарда Ақтөбеге кеткен деген хабар бар. Одан кейін Астанаға барған. Содан кейін хабар-ошарсыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *