Эндокринді аурулар жасарып барады

Бүгінде облыстық эндокринологиялық диспансерінде 96274 науқас есепте тұр. Олардың 60 мыңнан астамы қалқанша безінің қабынуынан зардап шегеді.

Ал 36 мыңнан астамы қант диабетіне шалдыққан. Есепте тұрғандардың арасында жасөспірімдер мен балалар да бар. Облыстық эндокринологиялық диспансерінің бас дәрігері Ғалия Бөкейханқызының сөзіне сүйенсек, эндокринді ауруларға шалдыққандар саны жөнінен біздің өңір республикада үштікке еніп отыр.

Эндокринді аурулар жасарып барадыЭндокринологиялық ауруларға – қант диабеті мен қалқанша безінің қабынуы жатады. Бас дәрігердің айтуынша, аталмыш ауруларға көбіне 45 жастан асқан әйелдер бейім келеді. Алайда маман соңғы жылдары аты аталған дерттермен ауыратындардың қатарында 9 айлық балалар да бар екенін айтады.

Зоб – жүйке жүйесінің әлсіреуі мен дұрыс тамақтанбағандықтан пайда болады. Сондай-ақ жемсаудың (зоб) пайда болуына йод жетіспеушілігі де әсер етеді. Нәтижесінде, қалқанша безінің гормондары өзгерістерге ұшырап, оның көлемі ұлғаяды. Салдарынан адамның есту қабілеті төмендейді, депрессияға ұшырайды, терісі кеуіп, жүйкесі тозады, ағзасына су жиналып тамақ астындағы без ісінеді. Шамадан тыс семіріп, беті домаланып, өңі қашып, шашы түсе бастайды. Ал жүкті әйелдер сарыппен ауырса, түсік тастауы мүмкін. Диагноз қойылған бала өмір бойы гормондық ем алуға мәжбүр. Егер отбасында біреу зобпен ауырса, тұқым қуалайтынын ескерген жөн.

Эндокринді аурулар жасарып барады

Белгілері мен сипаты:

1.Ағзаның шөлдеп кептіруіне алып келетін, жиі зәр шығару мен шөлдеу;

2. Салмақ жоғалту;

3.Қанттың қандағы жоғары құрамы;

4.Шаршағандық немесе әлсіздік;

5.Көру қабілетінің нашарлауы (көз алдындағы «ақ таңба»);

6.Жыныстық белсенділіктің төмендеуі;

7.Ұйып қалу және ұйып қалған жерде шаншудың пайда болуы;

8.Аяқта ауырлық сезіну;

9.Бас айналу;

10.Жұқпалы аурулардың баяу емделуі;

11.Жаралардың баяу жазылуы;

12.Дене температурасының орташа деңгейден төмендеуі;

13.Аяқ бұлшықеттерінің тартылып қалуы.

Эндокринді аурулар жасарып барады

Мамандардың айтуынша, жемсаудың түрі көп. Соның ішіндегі көп тарағаны-эндемиялық зоб. Оның өзі төмендегідей 3 сатыға бөлінеді.

1. Қалқанша безі көрінбейді. Сипалағанда сезілмейді.

2. Қалқанша безі көрінбейді. Сипалағанда сезіледі.

3. Қалқанша безі жұтынған кезде сезіледі.

Мәрия Қалдыбаева, науқас:

– 2002 жылдан бастап қатты ауырдым. Ас ішуден қалдым. Тек сумен қоректеніп жүрдім. Салмақ тастадым. Дәрігерге көрінгенімде сусамыр деген диагноз қойылды. Міне, содан бері 14 жыл бойы осы дертпен күресіп келе жатармын. Инсулинге тәуелдімін. Күніне 5 рет өзіме-өзім ине егемін. Жыл сайын порталмен ауруханаға келіп ем-дом қабылдаймын. Жағдайым жақсарып қалды.

Қант диабеті – қанда қант мөлшерінің көбейіп, инсулинді гармондардың ауытқуынан пайда болады. Ауру нәтижесінде асқазан асты безі шығаратын гормон – инсулиннің аздығы туындап, ақырында зат алмасудың бұзылуына алып келеді. Дүниежүзінде 180 млн-нан астам адам қант диабетімен ауырса, еліміздегі науқастардың саны 300 мыңға жуық. Олардың 2,5 мыңға жуығы балалар. Ал Оңтүстікте аталмыш дертпен 36 мың науқас тіркеуде тұр. Олардың 1481-і инсулинге тәуелді (ҚД 1 түрі), 31218-і инсулинге тәуелсіз (ҚД 2 түрі).
Қант диабетінің екі түрі де ауру адамның ағзасында капиллярлар мен тамырларды зақымдайды. Ауру процессінің нәтижесінде түрлі мүшелердің қан айналымы бұзылып, олар әдеттегі қалыпты қызметін жоғалтады. Шел (катаракта), көз қарашығының бұзылуы мен соқырлыққа, бүйрек жеткіліксіздігі, қол-аяқ тамырлары жараларына, өкшенің шіруіне әкеп соғады. Сондай-ақ, қант диабеті ер азаматтардың белсіздікке ұшырауына себепкер болады.

Лейла Жұбандықова, ҚР қант диабеті ассоциация-сының төрайымы:

– Қант диабеті жазылмайтын дерт. Алайда әлем болып күресіп жатырмыз. Науқастың жағдайын жақсарту үшін түрлі препараттар бар. Ауруды ерте баста анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі. Алайда, халық өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Дәрігерге дер кезінде көрінбейді. Салдарынан дерт асқанып, арты қайғылы аяқталып жататын жайттар да кездеседі.

Бас дәрігер Ғалия Бөкейханқызы жоғарыда аты аталған аурулардың емі әлі күнге дейін табалмағандығын айтады. Сондықтан да маман, аурудың белгілері байқалған сәттен ауруханадағы дәрігерлерге көрініп, емделу керек екенін ескертеді.

Айта кетейік, өңірдегі облыстық эндокринологиялық диспансер зоб пен қант диабетімен ауратын науқастарды емдейтін еліміздегі жалғыз мекеме. Жарты ғасырлық тарихы бар бұл диспансерде бүгінде 46 дәрігер мен 87 орта буын медбикелері жұмыс істейді. Ал диспансердің клиникалық лабараториялық орталығында тексеріп талдаудың 66 түрі жүргізіледі. Диагноз қою мен емдеудің жаңа түрі қолданылады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *