Емі жоқ лейшманиоз

Оңтүстік Қазақстан облысында лейшманиозбен ауырған науқастар саны күрт артты. Мамандар жыл басынан бері 52 науқастың тіркелгендігін айтқан болатын. Әсіресе, тері ауруына шалдыққандар Отырар, Шардара, Арыс аудандарында көбеюде. Отырар ауданында Аққұм ауылының тұрғындары жаппай лейшманиозбен ауырып, дабыл қағып, ақ халаттылардан көмек сұраған-ды. Осыдан кейін тері ауруын ауыздықтау үшін құрылған арнайы жұмысшы топ науқастардың 124-ке жеткендігін анықтады. Облыстық денсаулық сақтау саласының өкілдері өткізген баспасөз мәслихатында аурудың қайдан шығып жатқандығы, жараны емдейтін дәрілердің бар-жоқтығы және алдағы уақыттағы аурулардың жай-күйі қандай болатындығын түсіндірді.

Аққұмдықтардың жанайқайы

Отырар ауданы Аққұм ауылының тұрғындарының жанайқайын республикалық бұқаралық ақпарат құралдары көтерді. Бес-алты айдан бері тері лейшманиозымен өз бетімен күрескендердің басқа амалы болмаған. Ауылда әсіресе, балалардың денесінде жара көбейген. Дәрігерлердің кеңесімен пайдаланған дәрілердің де көмегі болмаған. Аққұмдық Мадина Ыбырысованың тамыза айында екі үлкен баласының денесін жара қаптапған. Ал, күзге қарай бұл жара тағы екі баласына шыққан. Сутетігі тотығы, йод және өзге сықпамайларды қолданғанымен жара жазыла қоймаған. Барлығы жаз айында шыбын-шіркейлердің шағуынан басталып, қышынған, соңы жараға айналған. Осы ауылдың тұрғыны Қалдықыз Қаратаева да отбасымен осы аяқ-қолға шығатын жарамен бірнеше жыл алысып келгендігін айтады. Үлкендерімен қатар немерлерінің терісін қаптаған жарадан мезі болып, ем-дом алуға Шымкенттегі тері-венерологиялық диспансерге жатқан. Әжесі бұл жердің де көмегінің болмағандығын айтып налыды.

Облыс бойынша 2016 жылдың 11 айында лейшманиоздың 53 жағдайы тіркелген. Ал, 2015 жылы ауырғандары саны – 24. Отырар ауданында – 9, Шардара ауданында – 6, Арыс ауданында -8, Шымкент қаласында – 13, Ордабасыда – 11, Сайрамда – 2, Мақтарал, Қазығұрт, Түркістанда – 3, Сарыағаш, Төле би – 1 адам дертке шалдыққан. Осы жылдың 22 желтоқсанына дейінгі дерек бойынша 124 науқас тіркелген. Оның 70-ке жуығы Отырар, Шардара және Арыс аудандарына тиесілі болып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Жаукимова науқастардың санының бірден артуын эндемиялық үш аудан есебінен болып отырғандығынан дейді.

 

Қандай ауру?

Аурудың тарихы тереңде жатыр. Оның қоздырғышын 1898 ж П.Ф.Боровский (Ташкент) деген ғалым айқын суреттеп, Zeishman деген дәрігер 1900 жылы бөліндірген. 1903 жылы басқа дәрігер Donovan (Индия) дербес түрінде қоздырғышты аурудың көкбауырынан алынған биопсиялық препараттында тапқан. Сол себептен қоздырғышқа Zeishmania donovani деген ат берілген. Дерт тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және Висцералды лейшманиоз (ішкі мүшелерді зақымдайды) деп екіге бөлінеді. Өңірде орын алған түрі тері лейшманиозы. Аурудың жасырын кезеңі – 2 аптадан 4 айға дейін жалғасады. Күз, қыс айларында оңайлықпен жазыла қоймайтын жараның өзіне тән емдейтін емі жоқ. Жазылған соң жараның орны тыртық болып қалады.

Қарлығаш ТӨЛЕНДИЕВА,
ОҚО тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы:
Әр аурудың эпидемиялық кезеңі жүреді. Қырым қанды безгегі, қызылшаға шалдыққандар науқастар саны өткен-алдыңғы жылдары көбейді. Бұл аурулар 5-10 жыл ма айналып келеді. Сол секілді, биыл аталған дерттің ошақтарында аурудың инфекциялары тарады. Оның үстіне, өңіріміздің климаты тышқандардың көбеюіне жағдай жасағандықтан ауру тарады.

Инфекцияның көзі – тышқандар, ал оны таратушылар – маса, шыбын-шіркейлер. Ауру жәндікті шаққан маса, шіркей, «үндеместер» қоздырығышты адамға жұқтырады. Бірақ ауру адамнан адамға жұқпайды.

Расында, лейшманиозды жазуға нақты бір дәрі-дәрмек жоқ. Ертеректе қолданылған препараттарды қазір дәріханаларда сатылымнан алып тастаған. Әзірге жараны дәрігерлер антисептикалық, антибактериялық және сыртқа қолданатын дәрілермен ғана өңдеге қауқары жетіп отыр.

 

Аурудың табиғи ошақтары

— Оңтүстік Қазақстан облысы қырым қанды безгегі, сібір жарасы, лейшманиоз секілді жұқпалы аурулардың табиғи ошағы,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Жаукимов.

Сондықтан жаңа ауру шықты деп даурығудың қажет жоқ екендігін алға тартты. Әсіресе, Сырдария өзенінің жағалауында жатқан Отырар, Шардара, Арыс аудандарында инфекцияның көзі саналатын үлкен-үлкен құмтышқандар көбейіп кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, кеміргіштерге қарсы жаппай залалсыздандыру жұмыстары өңірде 1995 жылы соңғы рет жүргізілген. 2004 жылдан бастап аурушаңдық тіркелген табиғи ошақтар ғана залалсыздандырылған. Биылғы жылы Отырар, Арыс және Шардара аудандарына қарасты 15 елдімекенде дәрі шашылған. Қазіргі күні аталған өңірлерде ауру ошақтары орналасқан елдімекендердің картасы жасалып жатыр. Қаржы көзі қарастырылса, көктемде бұл мекендердің дерлігі дәріленеді.

 

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *