Елшіліктен әкімдікке, одан министрлікке…

atamkulov-akim0-2Жаңа министрлік немен айналысады?
Жуырда елімізде ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деген жаңа ведомство құрылды. Бұл министрлік немен айналысады, қызметі қандай? Осы сауалды жаңалықты естіген адамның әрбірі қойғаны анық.
Сонымен, ресми түсініктемелерге сүйенсек, министрлік қызметінің негізгі бағыттары — қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік дейді екен), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық.
Жаңадан құрылған Министрлікке мынадай өкілеттіктер берілген:
— Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен — қорғаныс өнеркәсібі саласындағы;
— Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінен — ғарыш қызметі саласындағы;
— Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен — жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы;
— Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінен — ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Министрлікке қарасты үш комитет құрылды. Олар: Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Аэроғарыш комитеті және Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті. Ал министрлікті бұған дейін ОҚО әкімі болған Бейбіт Атамқұлов басқарады.

atamkulov-akim0-3Дипломат-әкімдер
Бейбіт Бәкірұлы күнгейді тура бір жыл екі ай басқарды. Тындырымды тірлігі көп болды, мына жұмысты жүйеледі дейін десең, өзіңді алдайсың. Десек те, өңірімізге келетін шетелдік инвестицияның көлемі артты. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тек, нәтижесі болсын деңіз.
Сонымен, соңғы кадрлық өзгерістерге байланысты, «ОҚО әкімі болу үшін алдымен елші болу керек» немесе «дипломатиялық әкімдік» деген тіркестерді елдегі БАҚ-тардың бірі қалмай айтып та, жазып та шықты. Өйткені соңғы үш әкімнің қызметтік өмірдерегінен «…елші болған» деген тұстарды ешкім алып тастай алмайды. Осы тақырыпқа қатысты саясаттанушылар да түрлі пікірін білдірді.

Айдос Сарым, саясаттанушы:
— Бейбіт Атамқұлов ОҚО-ын басқаруда өзінің дипломатиялық бағыттағы тәжірибелі маман екенін көрсете білді және онысын мемлекеттік қызметпен байланыстыруда ұтымды пайдаланды. Өңірдің өнеркәсібі мен өндірісін меңгерудегі жинаған тәжірибесі оған жаңа министрлікті басқаруда қажет болады. Ал Ж. Түймебаевты облыстың әкімі етіп тағайындау арқылы Елбасы Түркістан сияқты көне қаланы дамытудың арнайы мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды көздеп отыр. Бұл қалаға «Түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесін беру уақыты келді және бұл ретте, Түркия елінде жылдар бойы еңбек еткен Жансейіт Түймебаевтың тәжірибесі де, пайым-парасаты да жеткілікті кадр. Аталған жобаны іске асыруға мүмкіндік бар деген сөз.

Қазбек Бейсебаев, экс-дипломат:
— Бір кезеңдерде облыс әкімі лауазымына бұрын елші қызметінде болған азаматтарды тағайындаудың өзіндік логикасы болатын. Естеріңізде болар, дипломат кадрлардың тапшылығына байланысты, бүгінде әкім болып жүрген, түрлі басқарма, департамент, агенттік, комитеттерді басқарып жүрген азаматтарды шетелдерге тәжірибе жинақтасын, елге пайдасы бар тұстарды меңгерсін деп әдейі жіберетін. Мысалы, Ахметжан Есімов, Икрам Адырбековтердің осындай тәжірибесі бар. Бұл да дұрыс шешімдердің бірі. Себебі, нәтиже жаман болған жоқ. Оған қоса мына тұсты да ескерген жөн. Қазіргі облыс, қала әкімдерінің қатарында бұған дейін Президент әкімшілігінде еңбек еткендер басымырақ болып барады. Алматы мен Шымкенттің, ОҚО жаңа әкімдері де «осы мектептен» өткен. Жаңа ведомство — ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жетекшісі Бейбіт Атамқұловтың мамандығы – инженер-металлург. Ұзақ уақыт бойына мамандығы бойынша қызмет еткен. Сондықтан да осы саланы білгендіктен және дипломатиялық тәжірибесі бар болғандықтан да аталмыш лауазымға тағайындалуы мүмкін.

Дайындаған — Зәуре ОРАЛБАЕВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *