Елін сүйген Елбасы

Елін сүйген Елбасы

2013 жылдың соңында «ҚР мерекелер туралы» Заңына қосымшалар енгізіліп, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні деп бекітілді. Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақстан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны белгілі. Дәл осы осы күні өткен сайлау арқылы Қазақстан халқы өз басшысын таңдай алды. Бұған дейінгі Кеңестік кезеңнің барлық сайлауынан өзгеше өткен сайлау арқылы қазақ елі енді өз басшысын тек орталықтың пәрменімен тағайындалмайтынын, халықтың өзі билікке, өзінің көшбасшысын сайлау арқылы тікелей араласып, таңдау жасау құқығын жүзеге асыратынын сезінді.
Айта кетерлігі, Тұңғыш Президент күні мерекесі де уақыт өткен сайын маңызы артатын халықтық шараға айналып келеді. Өйткені, бұл мереке жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты.

Тарихқа көз жүгіртсек…

Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстан Республикасы өз таңдауында бірегей бола білді – болашаққа жолды қалыптастыруда тәуелсіздіктен таймады. Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында бірнеше батыл қадамдарға барды.
Оның 1991 жылдың 29 тамызында қол қойған № 409-шы батыл Жарлығы ядролық қаруды таратуға қарсы бүкіл әлемдік қозғалысты қолдау ісіне үлкен ықпал етті. Қазақстанның осы кесімді қадамы БҰҰ Бас Ассамблеясының 2009 жылғы 2 желтоқсанда №64/35 қарар қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауына негіз болды. Сөйтіп, Қазақстан ядролық қаруды таратуға қарсы әлемдік қозғалыстың лидеріне айналды.
Назарбаевтың келесі батыл қадамы – 1992 жылы Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру жөніндегі ұсынысы. АӨСШК-нің бірінші саммиті 2002 жылы Қазақстанда өткізілді. АӨСШК бүгінгі таңда халқының жалпы саны үш миллиард адамнан асып кететін Азия елдерінің басым көпшілігінің ынтымақтастыққа, бейбітшілік пен қауіпсіздікке ұмтылған күш-жігерін біріктіріп отыр.

Елін сүйген ЕлбасыМемлекет басшысының тағы бір батыл идеясы – Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыруы. 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілді.
2003 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамашылдығымен алғаш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – әлемдік діндер өкілдерінің өзінше бір жүйелі бас қосып тұратын үнқатысу алаңына айналды. Бүгінде дәстүрлі түрде өтіп тұратын басқосуға Еуропа, Азия және Африка елдерінен белгілі діни жетекшілер, қайраткерлер қатысып, діни достастық тақырыбындағы келелі ойларын ортаға салып тұрады. Қазақстан бұл күнде әртүрлі этностық топтардың арасында тыныштық пен келісім жарасқан мемлекет ретінде танылған.
Тұңғыш президенттің әмбебап саяси-экономикалық көзқарасының арқасында Қазақстан Республикасы әлемнің талай елдері зардап шегіп жатқан дағдарыстардан ұтымды өтуде.

Тұңғыш Президенттің құқықтары қандай?

Елін сүйген ЕлбасыҚР «Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі №83-ІІ заңының 1 бабы бойынша Тұңғыш Президенттің сайлану құқығына шектеу қолданылмайды. Ал Қазақстанның өзге азаматтары президент болған жағдайда екі-ақ рет сайлануға құқы бар.
Осы заңның 11 бабында өкілеттігін орындауды тоқтатқан мемлекет басшысы жасына қарамастан Қазақстан Рес-публикасы Президентінің лауазымдық жалақысының 80 пайызы мөлшерінде ай сайын зейнетақы алуға құқылы делінген. Сонымен қатар, Тұңғыш Елбасының зейнетақысы Президенттің лауазымдық жалақысының өсуі есепке алынып, көтеріліп отыратыны айтылған. Сондай-ақ, оның өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет қаражаты есебінен міндетті мемлекеттік сақтандырылады.
Ал, Тұңғыш Президентпен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіде көш басшысы қайтыс болған күнге дейін қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақыны алуға құқығы бар.
Заңның 3 бабына сәйкес, «ҚР Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған, сондай-ақ олар тоқтатылғаннан кейін – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, одан жауап алуға не оның жеке басын тексеруге болмайды».
Тиіспеушілік онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызмет үй-жайларына; қызметтік көлігіне; байланыс құралдарына; хат-хабарларына; оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Сондай-ақ, жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қандай да бір шектеу қойылмайды, банктік шоттарының банктік құпиялығы мен оларға қол сұғылмауына кепілдік беріледі екен.

Елбасы әуестенген іс

Елін сүйген ЕлбасыМемлекет басшысының сүйікті спорт түрі – теннис. Нұрсұлтан Назарбаев ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады. Айта кетерлігі, теннисті көптеген саясаткерлер мен түрлі елдердің көшбасшылары ойнайды. Оған қоса, Қазақстанда жыл сайын ел Президентінің кубогі үшін теннис турнирі өтеді.
Президенттің тағы бір әуес ісі – гольф. Мемлекет басшысы өзге де белгілі әлемдік саясаткерлер және бизнесмендердің қатарында түрлі халықаралық турнирлерге де жиі қатысады. Өзінің айтуынша, алғаш тау шаңғысын аяғына 55 жасында байлапты. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаевты Шымбұлақ шатқалында және басқа да таулы курорттарда жиі көруге болады.
Нұрсұлтан Назарбаев бос уақытында өзі де домбыраны шебер тартып, ән салады. Президенттің үш ән шығарғаны, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әнұраны мәтінінің төлавторы екені де баршаға белгілі.
Елбасы көп уақытын кітап оқуға арнайды. Кітапқұмарлық оның бойында алғаш оқып үйренген балғын шағынан қалыптасты. Сүйікті кітаптары қатарында Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов сияқты белгілі қазақ ақын-жазушыларының, орыс және әлем әдебиетінің көптеген классиктерінің туындылары бар.

Назарбаевтың біз білмейтін қырлары
– Н.Назарбаев жас кезінде ЖОО-ның қабылдау емтихандарынан өтпей қалып, екі ай банкте күзетші болып жұмыс істеген.
– Нұрсұлтан отбасында балалардың үлкені болғандықтан әке-шешесіне мейлінше көмектесуге тырысқан, 7 сыныптан кейін ол мектепті тастап, жұмыс істеймін деп шешкен. Әкесі оны бұл шешімнен бас тартуға көндіреді.
– 1960 жылдың 3 шілдесінде Н.Назарбаев тәжірибелі шеберлермен бірге алғашқы қазақстандық шойынды қорытты.

Лаура САПАРБЕКОВА

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *