Елеуовтер елеусіз қалмады

Елеуовтер

Елеуовтер

Бүгінгі қоғамда өзгенің көмегіне мұқтаж отбасылар өте көп. Ешкімге алақан жайғысы келмесе де, перзенттері үшін жомарт азаматтардан үміт күтетін осындай жандардың бірі – Елеуовтер отбасы. 4 жыл алдын Қазығұрт ауданынан Шымкент қаласына көшіп келген бұл отбасының үйелмелі-сүйелмелі 5 баласы бар. Олардың үшеуі бірдей балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан. Отағасы Әлихан мен отанасы Мәлика кеңесе келе, шалғай ауылда науқас балаларының денсаулық күтіміне жағдайдың жоқтығынан тым болмаса сапалы медициналық көмек алу үшін қалаға келгендерін айтады. Өткен аптада Елеуовтер отбасына барып, жағдайын көзбен көріп қайтқан едік. 

«Бауыр етім — балаларым» деп шырылдаған ата-ана олардың толық сауығып кетпейтінін білсе де, тым болмаса ары қарай асқынбауын қалайды. Жыл бойы ем қабылдауы тиіс балалардың массажы емханада тегін жасалғанымен, олардың дәрі-дәрмегіне бірталай ақша кетеді екен. Мемлекеттен берілетін жәрдемақының басым бөлігі де осы мақсатта жұмсалатындығын айтады. «Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектер өте қымбат. Ең арзаны 4500 теңге тұрады. Екінші баламның көзілдірігін 7-8 мың теңгеге аламыз. Бара-бара көзінің көруі де нашарлап барады. Одан бөлек балаларға киім-кешек, азық-түлік керек. Ақшаның жетіспеушілігі бізді жан-жақты қысуда», — деген Малика Қасымбекова көзіне жас алды. Азын-аулақ ақшаны күнделікті ас-суына зорға жеткізіп жүргенде, жалдамалы пәтердің ақысы да ай сайын зуылдап келіп қалатыны тағы бар. Ауру балаларға ерекше күтім қажет. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын үш бірдей мүгедек баланың жағдайын жасау бір адамға ауыр тиеді. Сондықтан отағасы Алихан Елеуовке де жұмысын тастап, ұлдарының күтімімен айналысуына тура келген. Балалардың үлкені Тәңірберген — 10 жаста, екіншісі Нұрсұлтан 8 жасар, ал, кенжесі Бексұлтанның жасы жетіде. Ата-анасы балаларының жақсы өсіп-жетілуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін де жасауда. Дегенмен, аядай ғана тар бөлмеде еркін жүріп-тұру қиын, ал, қоларбаға байланған балалар мүлдем бір орнында қозғалмай отыруына тура келеді.
«Мемлекеттен берілетін пәтер кезегінде 5164-ші болып тұрмыз. Пәтердің кезегі келгенше, жағдайы жасалған баспана болса деймін. Балаларымызға жақсы күтім керек. Оларды жиі жуындырып туру қажет. Өйткені, көбіне мүгедектерге арналған арбада отырады. Ал, жағдайы жасалған пәтерге ауысуға қалтамыз көтермейді», — деген ана жүрек жақсы жандардан үміт күтетінін айтты.

Аядай бөлмеде жеті жан

Құлақпен естігеннен, көзбен көрген әсерлі. Кіп-кішкентай бір бөлмеде жандары жабырқаған отбасы мүшелерінің көзінен өмірге деген құлшыныс байқайсыз. Жүріп-тұра алмайтын балалар қиындықты жүрекпен сезінгенімен, жүздері бал-бұл жайнап тұр. Тіпті, үлкен ұлдары ғарышкер болуды армандайтынын айтты. Бастапқыда жәй-жәй еңбектеп сырғып жүретін Тәңірбергеннің соңғы кезде оған да мүмкіндігі болмай қалыпты. Ата-анасының сал ауруы бүкіл денесін жайлап кетпесе деген қорқыныштары да жоқ емес. Тағдырдың тауқыметін арқалаған Әлихан мен Малика да, өзге балалармен қатар жүгіріп ойнай алмайтын мүмкіндігі шектеулі балалар да бұл ауыртпалыққа әбден мойынсұнған. Балалардың өздігінен жүре алмайтыны алғаш қашан байқалғанын сұрағанымызда, анасы Малика: «Үлкен ұлым 5 жасқа толғанда дәрігерлер целебралды сал ауруы екенін айтты. Ол кезде одан кейінгі екі перзентім де дүниеге келген болатын. Тәңірбергеннің жүргенде құлап қала беретінін тұсауы кесілмегендіктен деп ойладық. Баламның сал ауруы екенін білгенде, жүрегім қарс айырылды. Артынша одан кейінгі ұлдарыма да осындай диагноз қойылды. Мүмкін алдын ала анықтағанда, емдеуге мүмкіндік болар ма еді деген үміт ешқашан маза бермейді» деп жауап берді. Бала алғаш жүруге әрекеттене бастайтын 1 жасында толық дәрігерлік тексеруден өтетінін бәріміз де білеміз. Демек, қаншама ақхалаттының алдынан өткен бүлдіршіндерде бұл аурудың алдын ала анықталмағаны бізге де түсініксіз күйде қалды.
«Өзіңді қор қылып қайтесің? Үш бірдей мүгедек баланы қараумен өміріңді өткізбекпісің? Балалар үйіне өткізіп жібермейсің бе?» деген сөздерді естігенде, жүрегіме қанжардай қадалады. Тоғыз ай құрсағымда көтерген перзенттерімді ешқайда да қимаймын. Дүниеге әкелген соң, оларға қамқор болу да біздің міндетіміз. Балапандарымның көздерін жәутеңдетіп тастап кете алмаймын. Менің өмірім балаларыма арналады», — деген Маликаның бойында ана деген атқа лайықты барлық қасиеттің барын көрдік. Күні-түні 5 баланың тамағын беру, киімін ауыстыру, кезек-кезек горшокқа отырғызу, таза ауаға алып шығу, ұйықтағанда әр қырымен ауыстырып жатқызу, арбасына отырғызып, түсіру, дәрі-дәрмегін беру – бұл әркімнің қолынан келе бермейтін нәрсе. Жарының жанына демеу болып, балаларынан әкелік қамқорлығын аямаған Әлихан Елеуов те қиыншылықпен қайыспай күресіп келеді. «Балаларымызды мұғалімдер үйге келіп оқытады. Ол кісілер де азын-аулақ ақшалай көмектесіп тұрады. Осыған да шүкіршілік етеміз. Балаларға қараспай, жұмысқа шығып кете алмаймын. Әйелімнің де соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп жүр. Сондықтан, мемлекеттен төленетін жәрдемақыны қанағат тұтуымызға тура келеді», — дейді отағасы.

Көмек қолын созды

Елеуовтер отбасының қиын тағдыры туралы бұған дейін «Отырар» телеарнасында арнайы сюжет көрсетіліп, otyrar.kz сайтында жаздық. Көпбалалы отбасы туралы естіп-білген шымкенттіктер бей-жай қарамай, көмек бере бастады. Олардың жай-күйінен хабардар болып, қол ұшын созған мейірімді жандарға Елеуовтердің алғысы шексіз. «Біз туралы хабар көрсеткеннен кейін таңертеңнен адамдар хабарласа бастады. «Қандай киім керек? Қандай азық-түлік немесе дәрі-дәрмек қажет?» деп сұраған жандар көп болды. Бәріне алғысым шексіз», — дейді Малика Қасымбекова.
Мұқтаж отбасыға көмек беруге біздің сайттың оқырмандары мен әлеуметтік желі қолданушылары да атсалысты. Олар тек жазбамен бөлісіп қана қоймай, өзгелерді де көмектесуге шақырды. Ал, редакциямызға хабарласқан Дильшад есімді азамат былай дейді: «Телеарнадан мүгедек балалары бар отбасы туралы сюжет көрсетілгенде, көмектесуге асықтық. «Манкент» санаториясының бастығы Хамрақұл Қорғанов отбасыға ақша апарып беруімді тапсырды. Барып, олардың жағдайын өз көзіммен көріп қайттым. Тағы да көмегімізді аямаймыз».
Мұқтаж отбасының қиын жағдайы тек жерлестеріміздің ғана емес, өзге облыс тұрғындарының да аяушылық сезімін тудырды. Тіпті, Алматы қаласының азаматшасы бұл отбасыға жеке пәтер алып беруге көмектесетінін де айтқан. Есімін айтпауымызды өтінген мейірімді жан жақсы пәтер табылса, ақшаны бірден отбасының есепшотына аудармақшы. Қазір Елеуовтер отбасы баспана іздеуге кірісіп те кетті. Бұйыртса, жақында өздерінің жеке үйлері де болып қалады. Ал, жеке баспаналы болғанша, пәтерақысын төлеуді қаламыздағы ірі жолаушы тасымалдаушы компаниялардың бірі өз мойнына алып отыр. Otyrar.kz сайтында көпбалалы отбасын қамқорлыққа алу жөнінде үндеу тасталынды. Тағдырдың тауқыметін көтерген отбасының жалғыз қалмасы анық. Қуантатыны, жастар да белсенділік танытып, киім-кешек, азық — түлік, қаражат жинап жатыр.
«Бар болса – тасыма, жоқ болса – жасыма» деген қазақта сөз бар. Дегенмен, тек жоқшылықтан ғана қысылмай, тағдырдың тауқыметін қатар арқалаған Елеуовтердің мүшкіл жағдайынан хабардар болған жандар бей-жай қала алмады. «Кімде-кім қайыр садақа берсе, ол келе жатқан бәленің бетін қайтарады» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисі бар. Дүние мал мен ақшаға табынып, қанағатсыздықтың қамытын киіп жүргендерден ғана тұрмайтынына тағы да көзіміз жетті. Көптің ішінде жаны жайсаң, көңілі көл, пейілі кең жомарт жандар жетерлік екен. Жақсы пейіл көрсе, мұқтаж жандардың мұңы азаяды деп ойлаймын. Бүгінгі адамдар имандылықтан, ұяттан, ардан безген деп айтатындарды жиі естіп жүрміз. Бұл жолы, керісінше, қаладағы көп тұрғынның арасында әлі де болса жанашыр, бөгде адамдарға қай кезде де қол ұшын беруге дайын тұратын қамқор жандардың көп екеніне көз жеткіздік. Жат түгілі, туысына да көмек бере бермейтін мына заманда мейірімді жандар игілікті іс жасап, үлгі бола білді.

Елеуовтерге тағы да қол ұшын созғысы келетін адамдар болса, мекенжайы туралы мәліметті редакциямызға хабарласып алуына болады.
Байланыс телефондары:
53-54-17, 30-10-03

Редакция

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *